Тікелей эфир

Желшешекке қарсы екпе алу дұрыс па? Дәрігер кеңесі

Желшешек балаларға қарағанда ересектерде ауыр өтеді.

Желшешек (орысша ветрянка) ауруымен бала кезде ауырған дұрыс деген пікір жиі айтылады. Себебі, балаларда ауру көбінесе асқынбай өтеді. Ал үлкендер желшешекті қиын еңсереді. Бұрын ауырмаған, вакцина алмаған ересек адамдар желшешектен тіпті өліп кетуі мүмкін. 

Желшешек – Варицелла-Зостер вирусы тудыратын өте жұқпалы ауру. Балаларды – педиатр, ал ересектерді терапевт дәрігер емдейді. Вирус ауру адамнан сау адамға ауа-тамшы жолымен тез таралады. Балалар балабақша мен мектепте жиі топ болып ауырады. Informburo желшешектің белгілері қандай және қалай алдын алуға болады деген сұрақтарға жауап береді.

Ауру белгілері

Аурудың 1-3 аптасында вирус адам ағзасында ешқандай белгі бермей көбейеді. Болмаса, жұқпалы аурудың басталғанын көрсететін белгілер береді. Желшешектің инкубациялық мерзімі – 7-21 күн. Адам ағзасына вирус мұрын, ауыз және жұтқыншақтың шырышты қабығы арқылы түседі. Кейін ағзаға сөлмен және қанмен тез таралады. 

Аурудың алғашқы белгілері:

  • дене қызуы;
  • әлсіздік;
  • бас ауруы;
  • тәбеттің болмауы;
  • жүрек айну;
  • тамақтың жыбырлауы;
  • лимфа бездерінің ұлғаюы;
  • қызғылт бөртпе шығып, тез кетуі (сирек кездеседі).

Инкубациялық кезеңнен кейін аурудың анық белгілері байқалады. Олар 1-2 күнге созылмайды, бірақ ересектерде ауыр өтеді. Көп жағдайда дене қызуы тез көтеріліп, денені қышытатын кішкентай сулы бөртпелер шығады. 8-10 сағаттан кейін олар жарылып, қабыршақтанып жоқ болып кетеді. Алғашқы тәулікте дене қызуы неғұрлым көтерілсе, соғұрлым денені бөртпе қаптайды. Ауру жеңіл өтсе дене қызуы қатты көтерілмейді, бөртпелер аз шығады. Бөртпелер қатты қышиды. Бірақ оны қасып, жараға айналса іріңдеп, одан сайын асқынып кетеді. 

Келесі бөрту кезеңінде бөртпе бүкіл денеге тез таралады. Ауыр жағдайларды қоспағанда, аяқ пен алақанның терісі ғана бөртпейді. Бөртпелер бір-екі күнде жаңарып отырады, бір апта ішінде жазылады.

Сауығу кезеңінде бөртпе шықпайды. Бұрынғылары жарылып, қабыршықтанып, бір аптада ізі қалмай түсіп қалады. Ал қалпына келу кезеңі бір жылға созылуы мүмкін. Желшешек вирусы иммундық жүйеге қатты соққы тигізеді, сол үшін де қалпына келуге уақыт қажет. 


Оқи отырыңыз: Инфаркт пен инсульт көбейді: Қан қысымын қалай өлшеген дұрыс?


Желшешекке қарсы екпе алу керек пе?

Желшешек ауруынан сауығып кеткен балаларды болашақта белдеулік теміреткі ауруымен ауырып қалу қаупі жоғары (шамамен 10-20%). Желшешек және белдеулік теміреткі ауруы Varicella zoster деп аталатын бір вирустан туындайды.

"Желшешек ауруы кезінде вирус ағзаға енеді. Кейін вирус нейроген жолдарымен қан мен лимфа арқылы ағзаның ішінде таралып, бас сүйек-жұлын жүйке түйіндерін жұқтырады. Вирус ол жерде өмір бойы сақталуы мүмкін. Ағзаның иммундық күші төмендегенде вирус тіріледі. Нәтижесінде теміреткі (herpes zepster) дамиды", – дейді Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының мамандары.

Желшешектің ауыр өтуі, тіпті өлімге әкелуі балаларға қарағанда ересек адамдарда жиі кездеседі. Желшешек ауруымен ересек кезінде емес, кішкентай кезінде ауырып жазылу жақсырақ. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысына сәйкес, вакцинациялау шарасы халықтың басым бөлігін қамту керек. Олай болмаса желшешекпен ересектер мен қарт адамдар жиі ауырып, олардың денсаулықтарына ғана емес, өміріне қауіп төнеді.

АҚШ, Австрия, Канада, Германия, Австралия, Жапония секілді бірқатар елдерде желшешекке қарсы вакцинациялау шарасы ұлттық егу күнтізбесіне енген. Қазақстанда желшешек ауруына қарсы вакицнациялау ресми түрде жүргізілмейді. Сол себепті желшешектің алдын алу үшін бөртпе пайда болған науқасты оқшаулап, карантиндік шараларды сақтау қажет.

Серіктестер жаңалықтары