Тікелей эфир

Трендте – түрлі-түсті шаш. Денсаулыққа зиян болмас үшін қалай бояу керек?

Бас терісінде жара немесе басқа да зақым болса шашты бояуға болмайды.

2022 жылы түрлі-түсті шаш трендте. Көшеден шашы әртүрлі түске боялған балалар мен жастар жиі ұшырасады. Алайда кәсіби  шаш бояушылар арзан бояулар мен шашқа бояуды дұрыс жақпау бас терісіне зиян келтіруі мүмкін дейді. Осы орайда Informburo.kz шашты бояуға қатысты пайдалы кеңестерді бөліседі.

Бояуды дұрыс таңдаңыз

Ең алдымен бояу түрін, содан кейін түсін таңдаңыз. Келбетіңізді өзгерткіңіз келсе бояу реңкі қазіргі шашыңыздың түсінен бір-екі реңкке ашық болуы керек.

Шаш бояйтын бояулар табиғи, физикалық және химиялық деп бөлінеді.

  • Табиғи бояулар – қына мен басма. Олар шашқа зиян тигізбейді, керісінше, нәр береді. Дегенмен бұл бояулардың реңктері көп емес;
  • Физикалық – бұл химиялық пигменттер қосылған бояулар, бірақ құрамында аммиак пен сутек тотығы жоқ. Бояғыш пигмент шаштың сыртын қаптағанымен, оның ішіне енбейді. Сол себепті шашта көп тұрмайды.

Салонға бармай үйде бояуға көбінесе химиялық бояулар қолданылады. Химиялық бояулар келесідей бөлінеді:

  • тұрақсыз;
  • орташа тұрақты: құрамында шаш күтіміне арналған майлар мен басқа да қорек заттар бар;
  • тұрақты: құрамында химия көп, десе де түсі ұзақ уақыт сақталады.

Химиялық бояуды айына бір реттен артық қолданбаған жөн. Ал шаштың ұшын әр екі апта сайын бояп тұруға болады.

Үй жағдайында шашты қалай бояу керек?

Алдымен бояуға арналған қажет заттың барлығын дайындап алыңыз. Үстіңіз бүлінбес үшін киіміңізді ауыстырыңыз. Қолғап киюді ұмытпаңыз.

Шашыңызды бірінші рет бояғалы жатсаңыз, оған қоса химиялық бояуды пайдаланам десеңіз оны жақпас бұрын аллергияңыз бар ма, жоқ па – тексеріп алыңыз. Бояу мен тотықтырғыштың кішкене бөлігін араластырып, білегіңізге жағыңыз. 10-15 минут ішінде теріңіз қызармаса, қышымаса, бөртпесе және ысымаса, онда шашыңызды бояуға болады.

Қаптамадағы ұсқаулықты мұқият оқып шығыңыз. Онда шашыңызды сулап алу керек екені жазылуы мүмкін. Нәтиже бояуды қалай араластыру керек, шашыңызда қанша уақыт ұстау керек дегенге де байланысты.   

Шашыңызды бірнеше бөлікке бөліп, түбін бояп шығыңыз. Одан кейін желке тұсыңыздағы шашыңызды бояңыз. Сосын жоғарғы жағынан бастап ұшына дейін бояңыз. 

Төбедегі және желкедегі шаштарды бояуға біршама уақыт кетеді, сол себепті стилистер екеуінен бастауға кеңес береді. Самайыңыз бен желкеңіздің түсбіндегі шаштар жіңішке болады. Пигмент жылдам әсер ететіндіктен оларды соңынан бояған дұрыс. Олай жасамасаңыз біркелкі түс шықпауы мүмкін. 

Шашты бояған соң пакет кию керек пе?

Анаңыз не әпкеңіз шашын бояғаннан кейін басына пакет не орамал жауып алғанын көрген боларсыз. Түс қанық шығу үшін шашты жылы ұстау керек деген қате түсінік. Дегенмен ол кездері әйелдер табиғи бояуларды пайдаланған. Қына не басма болса, шынымен де басты орау керек. Химиялық бояулар әрекеттесуі үшін оттегі қажет, сондықтан пакетпен жабудың қажеті шамалы. Әйтпесе, бояудан кейін шаш құрғап кетеді. 

Бояуды нұсқаулықта көрсетілген уақытта ғана ұстаңыз. Ұзағырақ ұстаса түс те ұзақ сақталады, ал аз ұстаса шаш аз зақымдалады деген де миф бар. Қаптамада көрсетілген уақыт біткен соң бояуды жылы сумен жауыңыз. Су таза болмайынша басты шая беру керек. Бас терісіне жағылған бояуды кетіру үшін шашты сусабынмен жуу қажет. Одан кейін міндетті түрде боялған шашқа раналған бальзам жағыңыз, не болмаса соған сай маска жасаңыз да, шашыңызды тағы да сумен шайыңыз.

Бояғаннан кейін шашыңызды фенмен емес, табиғи жолмен кептіріңіз. Шашты ыстық металлмен үтіктесеңіз не бұйраласаңыз, ол шашты құрғатып қана қоймайды, сонымен бірге шаштың негізі – ақуыз молекулалары арасындағы химиялық байланыстарды бұзады.

Боялған шашқа күтім жасау 

Бояу қандай болса да боялған шашқа ерекше күтім қажет. Келесідей қарапайым ережелерді есте сақтаңыз:

  • Боялған шашқа арналған сусабын мен кондиционерді пайдаланыңыз;
  • Әр 10-14 күн сайын витаминді маскалар жасаңыз;
  • Шаш бұйралағышпен бұйралағанда жылудан қорғайтын құрал пайдаланыңыз;
  • Бассейнге барсаңыз, басыңызға шәпке киіңіз.

Есте сақтаңыз:

  • Химиялық бұйралаудан кейін шашты бояуға болмайды. Екі процедураның арасында кемінде екі апта өтуге тиіс;
  • Бас терісінде жара немесе басқа да зақым болса шашты бояуға болмайды;
  • Химиялық бояуға май, бальзам және басқа да өнімдерді қосуға болмайды;
  • Сұйытылған бояуды келер күні, тіпті тоңазытқышта тұрса да бірнеше рет қолдануға болмайды.
Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары