Қыркүйек айында тұрғын үйді жалға беру ақысы 47,2 пайызға өсті. Өткен айда пәтердің бір шаршы метрі үшін жалдау ақысы – орта есеппен 4 612 теңге болды, ал бір ай бұрын ол – 4 029 теңге мөлшерінде еді. Бұл Ұлттық статистика бюросынан алынған мәліметтер.
Мамандар пәтер ақысы сұраныстың артуына қарай өсіп жатқанын айтады. Бұл қарбаласты алаяқтар да пайдаланып қалуға тырысып жатыр. Олар арнайы сайттарға жалған хабарландыру жариялап, жаны қысылған жұрттың қалтасын қағып алудың әуресінде.
Пәтер жалға алу кезінде алаяқтарға алданып қалмас үшін не істеу керек? Нені ескерген жөн? Krisha.kz порталының кеңестерін ұсынамыз.
Басты ереже: үйді жалға алар кезде ешбір жағдайда алдын ала ақша аударуға болмайды. Тіпті аз мөлшерде болса да. "Пәтер иесі" оны әртүрлі жолмен алуға тырысуы мүмкін, бірақ негізінен екі жолы бар.
№1. Алаяқтар
Алаяқтардың басты мақсаты – төмен баға арқылы клиент тартуып, олардан пәтер ақысының жартысын, кейде толық төлемін алуға тырысу.
Олар адамның сеніміне кіру үшін телефонда белсенді диалог жүргізеді, мессенджерлер арқылы хат алмасады. Аты-жөнін айтып, жеке куәлігінің суретін, тіпті баспанаға құжаттарын жібереді. Түрлі отбасылық жағдайы, қарыздары туралы айтуы мүмкін. Көп адамдар құжаттарды көріп отырған соң сеніп қалады. Алайда алаяқтар басқа адамдардың құжаттарын пайдалануы мүмкін.
Алаяқтардың диалогы көбінесе төмендегіше өрбиді:
1: – Иә, пәтер жалға беріледі. Қалаған уақытыңызда көрсете аламын. Бірақ бүгін тағы бірнеше адам хабарласқан еді. Сізге сенімді болуым үшін депозит жіберсеңіз. Айына 2000 теңгеден бастап, пәтер ақысының толық мөлшеріне дейін жібере аласыз.
2: – Иә, пәтерді жалға беремін. Сіз нақты аласыз ба? Сізге сенер-сенбесімді білмей тұрмын, өйткені ертең ипотека төлеуім ( несие, коммуналдық төлем) керек. Алдын ала төлем жібере аласыз ба?
Көп адам пәтерден айырылып қалудан қорқып, брондау үшін алдын ала төлем жіберуге келіседі. Ал келісілген күні "пәтер иесі" келмей қалады. Ақшаны алғаннан кейін бірден жоғалып кетеді.
№2. Ақпарат агенттіктері
Көп адамдар ақпарат агенттіктерін риэлторлармен шатастырады. Алайда, олардан айырмашылығы – агенттік қызметкерлері баспана табуға көмектеспейді. Олардың мақсаты – төлем алу. Ол аймаққа байланысты 8-15 мың теңге аралығында болады.
Ақпарат берушілердің айтатыны:
– Иә, ондай пәтер бар, бос тұр, барып көре аласыз. Алайда агенттік арқылы жалға беріледі. Ол үшін біздің кеңсеге келіп, келісімшартқа қол қоюыңыз керек. Қызмет құны – 15 мың теңге. Қазір нақты адресті whatsappқа жіберемін.
Кейде олар келісімшарт жібереді.
Алдаудың тағы бір нұсқасы бар. Ол ақылы чатқа қосылу мүмкіндігі.
– Бұл пәтерді жалға алу үшін телеграм каналына кіру мүмкіндігін сатып алу керек. Құны 15 мың теңге. Чатта пәтер иелерінің телефон нөмірлері болады. Өзіңіз таңдап, қоңырау шала аласыз.
Нәтижесінде:
1. Келісімшартта агенттіктің тек ақпарат беретіні ғана жазылған, яғни нақты нәтижеге жауапкершілік болмайды.
2. Чатта көрсетілген нөмірлер жаңартылмаған болуы мүмкін. Оған кепілдік жоқ. Пәтерлер жалға беріліп қойылған болып шығады, болмаса телефондары өшірулі немесе жауап бермейді.
Оқи отырыңыз:
- "Пәтерді тек ресейліктерге жалға береміз". Жарнама сайттарында осындай хабарландырулар көбейген
- Айыппұл 92 мың теңге. Шетел азаматына пәтерді жалға берерде не білу керек?
Алаяқтардың жарнамасын қалай тануға болады?
Хабарландырудағы пәтер ақысы ұқсас пәтерлерге қарағанда 30-40% пайызға төмен. Мәселен, басқа пәтерлер 200 мың теңгеге жалға берілсе, ақпарат қызметкерлері мен алаяқтар оны 130 мың теңгеге ұсынады.
Әдетте, ол қала орталығында немесе сұранысы жоғары аудандарда, мысалы, университеттердің жанында орналасқан 1-2 бөлмелі пәтерлер болады.
Пәтердің фотосуреттері өте әдемі, бірақ кішкентай немесе кесілген болады. Интернеттен жүктелген болуы да мүмкін.
Ақпарат өте аз, тек жалпылама болады. Пәтер иесінің ұстанымын, оның жалға алушыға қоятын талаптары болмайды.
№3. Пәтердің жалған иелері
Алаяқтарға алданбаудың тағы бір жолы – үй иесінің құжаттарын тексеру.
Әдетте, алаяқ пәтерді бір түнге жалдап, оны өз пәтері сияқты өткізіп жібереді. Қоңырауларға жауап беріп, пәтерді көрсетеді, төлем алады. Жалға алушылар көп болғандықтан, уақыты жоқ екенін сылтауратып, келісімшартты құжаттарды тексеріп алғаннан кейін жасасуды ұсынады. Мұның алаяқтық екені тек пәтердің шын иесі келген кезде ғана анықталады.
Сол себепті құжаттарды тексеру қажет. Олар:
- жалға берушінің жеке куәлігі;
- жылжымайтын мүліктің құжаттары (сату шарты, айырбастау, сыйға тарту, жекешелендіру немесе мұрагерлік куәлік);
- Құжаттардың түпнұсқа екеніне көз жеткізіңіз;
- Нысанның мекенжайына назар аударыңыз;
- Екі құжаттағы ақпарат сәйкес болуы керек: пәтер сол адамның меншігі болуы қажет.
- Құжаттар болмаса немесе олардың түпнұсқалығына күмәндансаңыз, транзакциядан бас тартыңыз.
- Пәтерді жалдау туралы келісімшарт жасасыңыз.
Кейде шарт ауызша жасалуы мүмкін. Алайда krisha.kz оны жазбаша жасауды ұсынады. Келісімшарт үлгісі мына жерде.
Хабарландыру күдікті болса не істеу керек?
Егер пәтер туралы тек ақпараттық қызмет көрсетіп жатса, алдын ала төлем сұраса немесе басқа пәтер ұсынса, "Шағымдану" түймесін басқан жөн. Ол хабарландыру сайтындағы әр жарнаманың астында болады.
Егер заң бұзушылық расталса, жарнама дереу жойылады. Ал олардың авторлары бұғатталады. Krisha.kz модерациясы ай сайын осындай 3000-ға жуық хабарландыруды жояды.
Оқи отырыңыз:
- Қазақстан өңірлерінде пәтер жалдау бағасы қанша пайыз қымбаттады?
- "Әдемі суреттерге сенбеңіз". Пәтер жалдағанда алаяқтардан қалай сақтану керек?
Дұрыс хабарландыру қандай болады?
Пәтер иесімен:
- Пәтерді тауып, үй иесіне қоңырау шалыңыз;
- Онымен кездесіп, құжаттарын тексеріңіз;
- Егер бәрі дұрыс болса, жалға беру келісіміне қол қойыңыз, төлем жасаңыз.
Риэлтор арқылы:
- Риэлтормен келісімшарт жасаңыз. Ол ұсынған пәтерлерден өзіңізге қажетін таңдаңыз;
- Сосын пәтер иесімен және риэлтормен кездесіңіз. Мәміле заңды болуы үшін пәтерді қарау актісін толтырыңыз;
- Риэлтормен бірге үй иесінің құжаттарын және пәтердің құжаттарын тексеріңіз. Алайда риэлтор пәтер иесінің шынымен де пәтер иесі екеніне алдын ала көз жеткізіп, баспана құжаттарын тексеріп қоюы керек;
- Егер бәрі дұрыс болса, жалдау шартына қол қойыңыз. Жалға берушіге жалдау ақысын беріп, пәтерге орналаса аласыз;
- Риэлтордың қызмет ақысын ең соңында төлейсіз. Ол әдетте пәтерді жалдау бағасының 20-30 пайызын құрайды.