Әркім жаңа жылды әрқалай тойлайды. Бірі отбасымен бас қосып, түнгі 12.00-де президенттің құттықтауын күтсе, бірі сыртқа шығып отшашу тамашалағанды жөн көреді. Енді біреулер жаңа жылды жылы жақта қарсы алады. Бір күнде Египетке не Дубайға билет алып, жолға шығып кету екінің бірінің қолынан келмейтіні анық. Жаңа жылды қайда және қалай қарсы алатыныңызды білмесеңіз, Информбюро порталы әзірлеген лайфхактар кәдеңізге жарап қалар.
№1. Концерттік шаралар
Әр қалада алаңдарда жаңа жыл күні тегін мерекелік концерттер ұйымдастырылады. Аяздан қорықпасаңыз, жаңа жылды танымайтын адамдармен бірге қарсы аламын десеңіз бұл таптырмас мүмкіндік.
Мысалы, 31 желтоқсанда Алматыда Астана алаңында Ninety One, Orda, КешYou, Shamis, "Жігіттер" квартеті, "Бүркіт пен Аиша" дуэті, сондай-ақ Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, Нұрсұлтан Нұрбердиев, Асхат Торғын, Димаш Дәулетов, Парвиз Назаров, Рано Умарова, Мөлдір Әуелбекова, Мәдина Сәдуақасова мен Luina өнер көрсетеді. Концерт аяқталған соң қала тұрғындары мен қонақтары он минуттық отшашуды тамашалай алады. Ал Астанада "Қазақ елі" монументі алаңында концерттік бағдарлама өтеді.
Суық күнде сыртта жүремін деп тоңып қалмаңыз. Қалың киініңіз. Сөмкеңізге тәтті, бутерброд салып, термосқа шай құйып алыңыз.
№2. Отшашу тамашалау
Жаңа жылды отшашумен қарсы алу дәстүрге айналғалы көп болды. Үлкен қалаларда бірнеше орында мерекелік отшашулар атылады. Тұрғындардың өзі де сатып алып, отбасымен атып жатады. Дегенмен қауіпсіздік ережелерін ұмытпаңыз. Бір уақытта бірнеше отшашуды тамашалаймын десеңіз қаланың ашық немесе биік жеріне барыңыз.
Мысалы, Алматыдағы "Көктөбе" паркінің әкімшілігі тұрғындарды концерттік бағдарлама мен отты шоудан бөлек, қаланың әр жерінен атылған отшашуды биіктен тамашалауға шақырады. Көктөбеге қалай жетемін деп алаңдамаңыз, себебі аспалы жол таңғы 4.00-ге дейін ашық болады.
Ал астаналықтар мерекелік отшашуды Есіл өзенінің жағалауындағы Кенесары ханның ескерткіші маңынан, Ботаника бағынан, Қабанбай батыр мен Бұхар жырау даңғылдарының қиылысынан тамашалай алады.
№3. Аяз ата мен Ақшақар болу
Өзгелерді қуантқыңыз келсе Аяз ата мен Ақшақар болып киініп, сыйлық таратыңыз. Жақындарыңыздың үйіне барып, жаңа жылмен құттықтап шығыңыз. Туыс, дос-жаранды ғана емес, көршілерді, көшедегі танымайтын адамдарды, көмекке мұқтаж жандарды қуанта аласыз.
Ең бастысы, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауды, добраңызды сыйлыққа толтыруды ұмытпаңыз. Аяз атаға хат жазатын балалар сізді көргенде қуанары сөзсіз. Мерекелік костюмді сатып ала аласыз немесе жалға алуға да болады.
Оқи отырыңыз: Отшашу өртке ұласпас үшін қандай қауіпсіздік талаптарын білу керек?
№4. Коньки тебу, шанамен сырғанау
Үлкен қалаларда әр қыста тұрғындарға деп уақытша мұзайдындар ашылады. Каладағы көлдер мен өзендер қатып, сырғанайтын алаңға айналып шыға келеді. Мысалы, Астанада тұрғындар жыл сайын Есіл өзеніне барып коньки тебеді, шанамен, тюбпен сырғанайды.
Ал Алматының бірнеше ауданында тегін мұзайдындар жұмыс істейді. Жаңа жылды Республика сарайының алдындағы Абай алаңында, Президент паркіндегі мұзайдында коньки теуіп қарсы алыңыз. Конькиді өзіңізбен әкеліңіз, болмаса сол жерден жалға алыңыз.
№5. Жаңа жылдық фильмдер көру
Бала күніңізде жаңа жыл қарсаңында теледидардан мерекелік көңіл-күй сыйлайтын фильмдерді тапжылмай көрген боларсыз. Отбасымен демалысқа кетемін деп жүргенде үйде жалғыз қалып қойған Кевиннің хикаясы ешқашан жалықтырған емес. Сиқырға толы Хәрри Поттердің әлемі жиырма жыл бойы көрерменді қуантып келеді.
Жаңа жылда отбасыңызбен "Үйде жалғыз қалғанда", "Хәрри Поттер" фильмдерінен бөлек, Рождествоны ұрлап кеткен Гринчті, "Поляр экспресін", "Клаус" мультфильмдерін көруді ұсынамыз. Достарыңызбен немесе жалғыз "Бриджит Джонс күнделігі", "Интуиция", "Шынайы махаббат", "Демалыс алмасу", "Екеудік рождествосы" фильмдерін тамашалай аласыз. Тізімге өзіңіз қарауға уақыт таппай жүрген фильмдерді де қосыңыз.
№6. Қаланың сыртында демалу
Жыл бойы үй мен жұмыстың арасында шапқылап жүрсеңіз, өміріңізді бір сәт өзгертетін уақыт келді. Осы жаңа жылды үйіңізден жырақ бұрын болмаған орында қарсы алып көріңіз. Төрт күн демалыста қаланың сыртына кетіп қалуға болады.
Демалыс орындарынан нөмір алуға немесе тау баурайынан, орманнан үйді жалға алып, тыныштықта өмір сүріп көріңіз. Пешке от жағып, орманда серуендеп, аққала жасап, қар атысып ойнауға, кешкісін ыстық шай не шоколад ішіп, сыйлық алмасып, көрпеге оранып кітап оқуға болады. Табиғат аясында демалғанға не жетсін, десе де жылы киініңіз.
Оқи отырыңыз: Жаңа жыл қарсаңында Алматы мен Астанада балалармен бірге қайда қыдыруға болады?
№7. Жаңа жылдық дастархан
Жаңа жылда міндетті түрде дастархан жайылатындықтан мұны лайфхкак деуге келмес. Бірақ жылдағы әдетті неге өзгертпеске? Бұл жолы "оливьеден" басқа салат әзірлеп көріңіз. Жаңа жылдық дастарханды бұрын-соңды жасап көрмеген тағамдармен әрлеңіз. Пішіні сан түрлі тәттілер пісіріп, түрлі-түсті креммен безендіріңіз.
Эксперимент жасаудан қорықпаңыз. Алғаш жасаған тағамыңыз көпшіліктің көңілінен шығып, күнделікті мәзіріңізге қосылып қалар.
№8. "Құпия Аяз ата" мен "Түрлі-түсті кеш"
Кейінгі жылдары мерекені атап өтудің өзіндік дәстүрлері пайда болды. Солардың бірі – "Құпия Аяз ата". Мұны жақындарыңызбен, жұмыстағы әріптестеріңізбен, достарыңызбен ойнай аласыз. Алдымен әр адамның есімін жазып, жеребе арқылы кімнің кімге сыйлық сыйлайтынын анықтайды. Аяз атаға не қалайтыныңызды немесе сізге түскен адамның не қалайтынын басқалар арқылы білуге болады. Сыйлық алғаннан кейін сыртына иесінің атын жазуды ұмытпаңыз. Бұл ойынның бір ерекшелігі ––ешкім сыйлықсыз қалмайды және көптен қалап жүрген нәрсесіне ие болады.
"Түрлі-түсті кеш" – биылғы жылдың тренді. Мұны бірнеше адам немесе команда болып өткізуге болады. Олар "сары", "жасыл", "қызыл", "көк" деп бірнеше түске бөлінеді. Сол түсте киініп, сол түстегі тағамдардан сыйлық дайындау керек. Мысалы, сізге сары түс түссе – банан, лимон, сары түсті сусын, сырты сары шоколад сыйлай аласыз.
№9. Bucket list немесе қалауыңызды орындау
2022 жылға арнап жазған арман-мақсатыңызды еске түсіріңіз. Жұмыстың көптігінен қалауымызды орындауға уақыт бола бермейді. Өміріңізде сноуборд не коньки теуіп көрмеген болсаңыз, мұны жаңа жыл қарсаңында неге жасамасқа? Караокеде жалғыз ән айтқыңыз келе ме, әлде кинотеатрға жалғыз барып кино көргіңіз келетін болар? Өзіңіз ұнатып жүрген киім, кітап не техника бар шығар. Неге қаладағы мейрамханалардың бірінде кешкі ас ішіп, жаңа жылдық кештің куәсі болмасқа?
Бір күнді өзіңізге арнап, осы жыл үшін алғыс айтыңыз. Жаңа жылға жақсы көңіл-күймен қадам басып, 2023 жылды жоспарлаңыз.
Оқи отырыңыз: Қаралы қаңтар, жаңа облыстар, президент сайлауы. 2022 жылдың басты оқиғаларына шолу
№10. Zoom кездесу
Пандемиядан кейін онлайн кездесу қалыпты дүниеге айналды. Ауылға қайта алмай қалған студенттер бар. Шетелде оқитын не жұмыс істейтін қазақстандықтар бар. Жаңа жылды басқа қалада не елде қарсы алатындар бір уақытты белгілеп, жақындарымен және дос-жарандарымен онлайн кездесу ұйымдастырса болады. Көптен көрмеген адамдарды онлайн көріп, бір-біріңізді құттықтап, тілек айтып, ән шырқап, сыйлықтарды көрсетіп, жылды қорытындылауға Zoom кездесу таптырмас мүмкіндік.
Үлкен адамдар онлайн кездесуді түсінбеуі мүмкін. Оларға телефонмен хабарласып, жаңа жылымен құттықтап бір қуантып қойыңыз.