АҚШ-тың 47-президенті Дональд Трамп Гренландияны қосып алу туралы мәлімдеді. Оның ұлы мен бірқатар мамандар қазір аралдың астанасы Нуук қаласында жүр. Ал Дания Гренландиядағы қауіпсіздікті күшейтіп жатыр. Әлемдегі ең үлкен арал кімге тиесілі және оның АҚШ-қа қажеті қанша?
Гренландия кімге тиесілі?
Гренландия – әлемдегі ең үлкен арал. Ол Солтүстік Атлант және Арктика мұхиттарында орналасқан. Арал аумағының 80 пайыздан астамы мұз құрсауында.
Аралда қазір небәрі 60 мыңға жуық адам тұрады. Оның алғашқы тұрғындары осыдан шамамен 4500 жыл бұрын Арктика арқылы қоныстанған. Ал Х ғасырда викингтер аралдың оңтүстік бөлігін мекендей бастады.
XVIII ғасырдан бастап Гренландия Данияның бақылауына өтті. 1979 жылы аралға автономиялық басқару құқығы берілді, ал 2009 жылы өзін-өзі басқару құзіреті кеңейтілді. Дегенмен, сыртқы саясат пен қорғаныс мәселелері әлі де Данияның құзырында.
АҚШ аралға үшін қызығып отыр?
Геостратегиялық орналасуы: Гренландия арқылы Еуропадан Солтүстік Америкаға ең қысқа жол өтеді. Ал Арктикадағы мұздықтар ерісе, жаңа теңіз жолдары ашылады. Бұл сауда және әскери тасымалдар үшін жаңа мүмкіндік болмақ.
Әскери мүдде: Гренландия – Солтүстік Атлантика мен Арктика аймағындағы қорғаныс үшін маңызды нүкте. АҚШ-тың Thule әуе базасы осы аралда орналасқан.
Табиғи ресурстар: Гренландияның жер қойнауында мұнай, газ, уран және сирек кездесетін қазба байлықтары бар. Бұл ресурстарға қол жеткізу мүмкіндігі АҚШ үшін экономикалық тұрғыдан тартымды.
"Мен Гренландия тұрғындарының нағыз MAGA екенін білемін (MAGA – "Америкаға ұлы кезеңді қайтарайық" деген ұран – авт.). Менің ұлым және өзге де өкілдер Гренландияның ең керемет жерлерін аралап көруге барады. Гренландия – ғажап мекен, егер ол бізге қосылса, халқы ұтады. Біз оны қорғаймыз және қатыгез әлемнен сақтаймыз. Гренландияны қайта ұлы етейік!", — деп жазды Дональд Трамп Truth Social желісінде.
АҚШ-тың Гренландияға көз тігуі бірінші рет емес. Дональд Трамп 2019 жылы президент болып отырған кезде де аралды Даниядан сатып алуға ықылас танытқан. Бірақ Гренландияның сыртқы істер министрі аралдың сатылмайтынын, бірақ бизнес жасаушыларға ашық екенін мәлімдеген еді. Сол кезде ВВС бұл жерде Трамптың жеке мүддесі де болуы мүмкін екенін жазған еді. Олардың жазуынша, Дональд Трамп Гренландияны сатып алу арқылы кезінде Аляска мен Луизиананы сатып алған президенттер Эндрю Джонсон мен Томас Джефферсон сияқты тарихта қалуды көздейді.
Томас Джефферсон 1803 жылы француздардан Луизиананы 15 млн долларға сатып алды. Ал 1867 жылы Эндрю Джонсон Алясканы 7,2 млн долларға сатып алған еді.
1946 жылы АҚШ Данияға Гренландия үшін 100 миллион доллар алтын құймаларын ұсынды.
Данияның әрекеті қандай?
Трамптың твитінен кейін Дания патшасы Х Фредерик Гренландияның қауіпсіздігін күшейтіп, корольдіктің елтаңбасын өзгерту туралы шешім қабылдады. Сөйтіп елтаңбадағы Гренландия мен Фарер аралдарының рәміздері ақ аю мен қошқардың суретін үлкейтті.
Ал қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында екі инспекциялық кеме, екі алыс қашықтыққа ұшатын дрон және екі қосымша ит шана тобын сатып алу жоспарланған. Сондай-ақ Нуук қаласында орналасқан Арктика қолбасшылығындағы қызметкерлерді ұлғайтып, F-35 жойғыш ұшақтарына қызмет көрсету үшін Гренландияның үш негізгі азаматтық әуежайының бірін жаңартпақ. Данияның қорғаныс министрі Троэлс Лунд Поулсеннің айтуынша, бұл үшін "екі таңбалы миллиард" крон немесе 1,5 млрд доллар қаражат қарастырылып отыр.
Гренландия не істейді?
Гренландия үкіметі Трамптың аралды сатып алу туралы ұсыныстарын қабылдамай келеді.
"Гренландия біздікі. Біз ешқашан сатылмаймыз. Сондықтан бостандық үшін күресімізді жалғастыра береміз", – деді Гренландияның премьер-министрі Муте Эгеде.
Айта кетейік, пайдалы қазба, мұнай және газ ресурстары байлығына қарамастан, Гренландия экономикасы балық аулауға және Данияның жыл сайынғы гранттарына тәуелді болып келеді. 2019 жылғы деректер бойынша, Дания Гренландияға жыл сайын 4,3 млрд кронға (593 млн доллар) дейін субсидия береді.
Алайда Гренландия өз алдына тәуелсіздік алуға ниетті. Бұл туралы Гренландия үкіметінің жаңа жылдық жолдауында айтылған.