Уақыттың құны
Бір күні 1950 жылдары жарыққа шыққан сағатты қалпына келтірдім. Клиентім жұмысымның қаншалықты ауыр еңбек екенін айта отырып, ақшасын төлеуден бас тартты. Клиент біз екеуміз келіскен ақшаны төлемейтінін айтты.
Осы сәтте сағат оның қолынан түсіп, мәрмәр еденге тарс етті. Минералды әйнегі шытынап, сағаттың тілдері шашырап түсті. Қыс еді, күн батып бара жатқан. Күн сәулесінің өткір, ұшты нұры ата-бабаларымыздың сағатты қалай санағанын есіме түсірді.
Ата-бабамыз үшін де уақыттың құны жоғары болған, олар Стоунхендж атты ескерткіш құрастырып шыққан. Осынау алып күнтізбенің алғашқы бөлігі біздің заманымызға дейінгі 2200-2400 жылдары пайда болған.
Алайда бұл әлем бойынша жалғыз ескерткіш емес: алғашқы күн обсерваториялары әлемнің түкпір-түкпірінде салынған. Олардың қатарында Перудегі ежелгі Чанкильо қирандылары (б.з. д. 200-250 жылдары салынған) және Вурди Юоанг атты аустралиялық аборигендердің тас құрылымы бар (жасы белгісіз).
Бір-бірінен мыңдаған шақырым қашық жатқан қауым уақытты белгілеуге көмектесетін түрлі нысандар салды.
Месопотамияда өмір сүрген шумер халқы (б.з.д. 4100-1750 жылдары) (қазіргі Ирак) бір күн 24 сағаттан тұратынын, бір сағаттың 60 минутқа созылатынын есептеп айтты. Уақытты белгілеу үшін олар Күнді, жұлдызды және су сағатын қолданған. Су сағаты бір контейнерден екінші контейнерге құйыла отырып, уақытты өлшеген.
Ежелгі мысырлықтар да біздің заманымызға дейін 1550-1069 жылдары 24 сағат болатынын айтқан. Алайда сағаттардың ұзақтығы жыл мезгіліне сәйкес өзгерген – жазда қысқа қарағанда уақыт ұзақ болған. Уақыт мөлшері Күнге байланысты: күндізгі уақытта 12 сағатқа, түнде 12 сағатқа бөлінген. Мысырлықтар күн сағатын біздің заманымызға дейінгі 1000-800 жылдар шамасында есептеу жүйесі ретінде қолдана бастады. Түнде күн көмегімен уақытты өлшеу мүмкін болмағандықтан, кеш бата су сағаты қолданылды.
Алғашқы сағат туралы деректер
Еуропадағы уақыт өлшемдерінің тарихы б.з. д. 700 жылдан 1300 жылға дейін ғасырлар бойы бұлыңғыр болып қала береді, өйткені жазбаша еуропалық дереккөздерде барлық уақытты анықтайтын құрылғылар 'Horologium' латын сөзімен біріктірілген.
Экономист және тарихшы Дэвид С. Ландес өзінің "Уақыт төңкерісі" атты кітабында монахтың христиандық дұғалары иудаизм мен исламдағы дұғаларға қарағанда қатаңдау болғанын айтады. Күніне жеті рет нақты шіркеу сағатымен құлшылық жасаған.
Тарихи деректерге сүйене отырып монахтар алғашқы механикалық сағаттарды ойлап тапты деп айта алмаймыз, өйткені Еуропада сағат алғаш рет XIV ғасырда пайда болған.
Сағат туралы алғашқы деректер итальяндық дәрігер, астроном, инженер-механик Джованни де Дондидің Tractatus Astrarii немесе "Планетариум" атты еңбегінде бар. Де Донди алғашқы сағаттар гравитацияны қуат көзі ретінде пайдаланғанын айтады.
Бұл қазіргідей дәлме-дәл уақытты көрсететін сағат емес еді, олар 15–30 минут қатемен көрсеткен. Алғашқы құрылғылар қаланың ортасында пайда болған, циферблаты болмағандықтан қоңырау пайдаланылған. Белгі бойынша базар жұмысы ұйымдастырылып, әр қаланың шаруасы шешіліп отырған.
Сағат үшін энергияны босату әдісі ретінде бұралған серіппелер XV ғасырда Еуропада пайда бола бастады. Бұл нақтылықты жақсартпағанымен, сағат пішінін кішірейтуге көмектесті. Осылайша қалта сағаттары пайда болды.
Голландиялық ғалым Христиан Гюйгенс 1656 жылы алғаш рет сағатқа маятник қосты. Ол сағат дәлдігін күніне 15 секундқа жақсартты.
Сағатты XIV ғасырда Еуропада ойлап тапқанымен, араб және қытай қауымы ол кезде батысқа қарағанда әлдеқайда дамыған еді. Қазіргі таңда әлемнің қай бөлігінде жүрсек те, сағат нақты уақытты көрсете алатындай деңгейге жетті.
Дереккөз: The Conversation