15 қыркүйек күні Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 33-ші жаңа маусымын бастайды. Театр маусымы дәстүр бойынша Мұхтар Әуезовтің "Абай" қойылымымен ашылады.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Әлімбек Оразбеков сахналаған "Абай" трагедиясында қос Абайдың бейнесі көрсетіледі. Аға Абай бейнесін – Қазақстанның Халық артисі Тілектес Мейрамов, Абай рөлін – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұркен Өтеуіл сомдайды. Қойылымға жалпы 65 актер қатысады. Қоюшы суретші – Қанат Мақсұтов. Хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Жұмашев.
19-24 қыркүйекте Қарағанды қаласында Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған "Сын – шын болсын" республикалық театр фестивалі өтеді. Фестиваль шымылдығы Қаллеки театрының "Абай" қойылымының арнайы көрсетілімімен ашылады. Өнер ұжымы есімін еншілеген театр өнерінің корифейі Қалибек Қуанышбаев сомдаған шоқтығы биік рөл – дәл осы Абай рөлі болды. Замандастары Қаллеки атап кеткен әйгілі әртістің осы рөлін туынды авторы, жазушы Мұхтар Әуезов жоғары бағалаған. 1993 жылы Әшірбек Сығайдың ұсынысымен Қалибек Қуанышбаевтың 100 жылдығы құрметіне орай елордалық театрға "Қалибек Қуанышбаев" есімі берілді.
25-30 қыркүйек аралығында театр ұжымы "Баян Сұлу – Қозы Көрпеш" музыкалық драмасымен Бішкек қаласында өтетін КСРО халық артисі Бәкен Қыдыкееваның 100 жылдығына арналған "ART-ORDO – 2023" IX халықаралық театр фестиваліне қатысады.
Қазан айының 9-15 күндері аралығында Петропавл қаласында Қаллеки театрының ұйымдастыруымен және СҚО әкімдігінің қолдауымен Қазақстан драма театрларының 29-шы республикалық фестивалi өтеді. Фестиваль мемлекет және қоғам қайраткерi Темiрбек Жүргеновтiң 125 жылдығын мерекелеу аясында өткізiледi.
Қаллеки театры жаңа маусымның басында көрермен назарына "Қыз Жібек" (режиссері Әлібек Өмірбекұлы), "Патша көңілім, не дейсің?!.." (режиссері Нұрлан Жұманиязов) қойылымдарының премьерасын ұсынады.