Ораза-2026: Сәресі мен ауызашарда қандай дұғаларды оқуға болады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Бүгін алғашқы тарауық намазы оқылып, ертең ораза басталады.

Биыл Рамазан айы 19 ақпанда басталып, 19 наурызда аяқталады. Ислам дінінде Рамазан айында күллі мұсылманға ауыз бекіту парыз етілген амал болып саналады. Ораза ұстаған адам таңнан күн батқанға дейін ауыз бекітуге ниет етіп, ішіп-жеуден ғана емес, теріс әдеттерден тыйылады.

Ораза ұстаудың өз әдебі бар. Осы орайда Информбюро порталы сәресі мен ауызашарда оқылатын дұғаларды ұсынады. 

Сәресі дұғасы (ниет ету)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылғы ораза кестесін жариялады. Сол кесте бойынша таң намазы басталатын кезде сәресі уақыты бітеді. ҚМДБ сақтық үшін сәресін 10 минут ерте жабуға кеңес береді. "Сәресі ішіңдер, өйткені сәресіде береке бар", – деген хадисте. 

Ораза ұстау үшін ең алдымен ниет ету керек. Ниетсіз ораза қабыл болмайды. Рамазан оразасында кеш қарайғаннан сәресіне дейін ниет етуге болады. Ал оразаға сәресіден кейін ниет етіледі. Сәресіде ояна алмай қалған адам күн шығып кетсе де ниет етсе болады. Тек таң атқаннан кейін оразаны бұзатындай нәрсе жасамауы керек.

Ниет жүрекпен жасалады. Яғни түнде, ертең ораза ұстайтыны жайында ойлаған адам ниет еткен болып есептеледі. Ораза ұстау ниетімен сәресіге тұрған адамның бұл ойы да ниет болып есептеледі. Оразаға жүрекпен ниет ету жеткілікті. Бірақ жүрегімен қоса тілмен жеткізсе, одан да жақсы. Сондықтан ораза ұстайтын адам әрі жүрегімен, әрі тілімен ниет еткені жөн.

Ораза ниеті: Алла Тағаланың разылығы үшін таң атқаннан күн батқанға дейін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім.

Арабша оқылуы: Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә.

Ауызашар дұғасы

Ораза ұстаған адам күн батқан соң аузын ашуға асығуы керек. Қол жайып ауызашар дұғасын оқыған соң ғана ауыз ашады.  

Ауызашар дұғасы: Уа, Жаратқан Ием! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризықпен ауыз аштым. Уа, кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнә-кемшіліктерімді кешір!

Арабша оқылуы: Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту.

Ауызды сумен не құрмамен ашқан дұрыс. "Кімде-кім ауыз ашар болса, құрмамен ашсын, себебі құрмада береке бар. Егер құрма болмаса, сумен ашсын, себебі ол тазартушы", – деген Мұхаммед пайғамбар.

Оразаны бұзатын амалдар

Ауыз бекіткен соң жасаған мына амалдар оразаны бұзады:

  • Әдейі бір нәрсені ішіп-жеу;
  • Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау;
  • Жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. "Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес" – деп хадисте жазылған.
  • Әйелімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);

Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. Каффарат деп Рамазан айының оразасын себепсізден-себепсіз біле тұра бұзып жіберсе, екі ай ораза ұстауды, оған шамасы келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызуды айтады. 

Серіктестер жаңалықтары