Тікелей эфир

Өмірде болған ғажайып оқиғалар туралы үздік 5 фильм. Информбюро таңдауы

Бұл фильмдерді интернет кеңістігінен оңай табуға болады.

Шын мәнінде біз күтпеген ғажайып оқиғалар әлемнің әр түкпірінде күн сайын болып жатады. Ненің күшімен, қалай болатыны бізге беймәлім. Алайда режиссерлер сол бір ғажайып оқиғалардан шабыт алып, тамаша туындылар жасаған. Төменде болған оқиға ізімен түсірілген таңғажайып оқиғалар туралы бес фильмді ұсынамыз. 

"Аспаннан келген ғажайып", 2016, АҚШ

Бақытты өмір сүріп жатқан Бимдер отбасы аяқ астынан қасіретке тап болады. Он жастағы қыздары Анна сирек кездесетін емі жоқ ауруға шалдығады. Дәрігерлердің барлығы бас тартқанда қыздың анасы ем іздеп, шарқ ұрады. Ол қызының жазылатынына сенді. 

Фильм болған оқиға негізінде түсірілген, ғалымдардың өзін тығырыққа тіреді. Өйткені, ғажайыптар өмірде жоқ қой! Алайда, Аннаның оқиғасы таңғажайып күштің бар екенін растады. 

"Гудзондағы ғажайып", АҚШ

2009 жылдың 15 қаңтарында бортында 155 адамы бар ұшақ нью-йорктік әуежайдан ішкі рейске ұшады. Жерден көтерілгеніне бірнеше секунд болғанда ұшақтың екі қозғалтқышы бірдей істен шығып, ұшақ апаттық жағдайда қонуға мәжбүр болады. Экипаж командирі, ұшқыш Чесли "Салли" Салленбергер ұшақты суға қондыруға бекінеді. Экипаж суға аман-есен қонады, бірде-бір жолаушы зардап шекпейді. 

Алайда, Салли халық арасында "қаһарман" атанғанымен, комиссия адамдардың өмірін тәуекелге тіккені үшін ұшқышты жауапқа тартады. Олардың ойынша, ұшақты суға емес, әуежайға қондыру керек болатын. 


Оқи отырыңыз: 2023 жылы жарық көрген үздік отандық фильмдер. Информбюро шолуы


"Ғажайып", 2022 жыл, АҚШ 

1862 жыл. Ағылшын медбикесі Либ Райт (Флоренс Пью) Ирландияның бір ауылына келеді. Алып-қашпа әңгіме бойынша, бұл жерде 11 жастағы Анна есімді қыз тұрады, ол бірнеше ай бойы тамақ ішпесе де, өзін жайлы сезінеді екен. Либ ол қыз қалайша тамақ ішпесе де тірі жүргенін зерттемекке бекінеді. Медбике ғылым адамы болғандықтан таңғажайып күшке сенбейді. 

Эмма Донохью бұл қыздың бейнесін ойдан шығармаған. Расымен бұндай қыз өмір сүрген екен, ол бірнеше уақыт бойы тамақ ішпесе де өзін жақсы сезінген. Құпиясы әлі белгісіз. 

"Аспандағы 90 минут", 2015 жыл, АҚШ 

Дон Пайпер есімді ер адам отбасында сүйікті жар, қамқор әке. Дон жаңбырлы күні жеңіл көлігімен апатқа ұшырап, қайтыс болады. Алайда жарты сағаттан соң ер адамның тірі екені анықталады. Қайтыс болған уақытынан тірілгеніне дейін Донның жаны тыныштық тауып, махаббат пен қуанышқа бөленеді. Ер адам жарық дүниеге қайта оралып, көзін ашқанда өзінің төсекке таңылғанын көріп, қынжылады. Алайда таңғажайып күшпен тірі қалған Дон аяқтан қайта тұруға бекінеді. 


Оқи отырыңыз: Әлем елдері қайтсе қазақ фильмдерін сатып алады? Режиссер Ардақ Әмірқұловпен сұхбат


"Хатико – ең адал дос", 2008 жыл, АҚШ, Ұлыбритания

Аталған фильм шын мәнінде Жапонияда өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында болған. Басты рөлді Ричард Гир сомдайды. Паркер Уилсон – қарапайым американдық ер адам, университетте профессор болып қызмет атқарады. Паркер күшікті тауып алып, үйіне әкеледі. Паркер күн сайын жұмысына кеткенде хатико таңертең қожайынын жұмысқа шығарып салып, кешке күтіп алады. Бір күні Паркер дәріс уақытында жүрек талмасынан қайтыс болады. Сол күннен бастап Хатико вокзалға келіп қожайынын күтеді. Бұл таңғажайып оқиға жұртшылықтың жүрегін елжіретті. 

Серіктестер жаңалықтары