Тікелей эфир

Неге ежелгі Мысыр элитасы балықтан жиіркенді немесе оның өркениет дамуына үлесі қандай?

Балықтардың ежелгі түрі – шеміршекті балықтар 450-420 млн жыл бұрын пайда болған деп есептеледі.

Тарихшылардың пікірінше, ежелгі адамдардың қоныстарында табылған сүйектердің 80 пайызы балықтарға тиесілі болған. Сондай-ақ адамдардың отырықшы өмір салтына алғаш қадам басуына да балықтар септігін тигізген.  

Аң аулау әдетте белсенді қозғалысты қажет ететін шаруа. Сондай-ақ, өмірге төндіретін қаупі де аз емес. Оның қасында, балық аулау адамдар үшін әлдеқайда қолайлы еді: олар барлық өзен-көлдерде болды және оны аулау қауіп тудырмайтын.  

Сонымен қатар, балық аулау адамдардың алғаш рет теңізге шығуына себеп болған деп есептеледі. Соның арқасында адамдар салдар мен қайықтар жасап үйренген.

Бір қызығы, уақыт өте келе балыққа деген көзқарас өзгерді. Мысалы, ежелгі мысырлықтар оны таза емес өнім деп санаған. Мысыр элитасы балықтан жиіркенетін, ал абыздарға оны тұтынуға мүлдем тыйым салынды. Гректер де ұқсас пікірде болды. Афина мен Спартада ол кедейлерге арналған тағам болып есептелді. Алайда, отарлау дәуірінің басталуымен жағдай өзгерді.

Қара теңіз жанында колониялар құрылғаннан кейін ол жердегі барлық байлықтар Грецияға ағыла бастады. Солардың бірі Днепр бекіресі еді. Ол грек ақсүйектерінің сүйікті балығына айналды. Геродот Днепр өзенінің (ол кезде Борисфен) суы мен балығын мақтап жазды. Дегенмен, Эллада ақсүйектерінің арасында бірінші орында балықтың басқа түрі – тунец тұрды. Гректер оны Жерорта теңізінің алтыны деп атады. Бұл балық гректер арасында ғана емес, теңіздің барлық жағалауларындағы халықтарға танымал еді.

Финикиялықтар тунец балығын монеталарда бейнеледі. Тарихшылар бұл өркениеттің негізгі пайда көзі тунец аулау болды деп санайды. Финикияның портты қаласы Карфаген балық саудасы арқылы тез байып, көп ұзамай аймақтың ең гүлденген орталығына айналды. Ал ықпалды Римге бұл ұнамады. Нәтижесінде Пуни ретінде тарихқа енген бірқатар соғыстар басталды.

Кейбір ғалымдар оларды көне заманның дүниежүзілік соғысы деп атайды, өйткені оған Жерорта теңізінің барлық халықтары қатысты. Карфагеннің жойылуымен аяқталған шайқастардың нәтижесінде бір жарым миллионға дейін адам қаза тапты. Қазірдің өзінде бұл үлкен шығын боп есептеледі, ал сол кездер үшін аса ауқымды сандар еді, өйткені ол заманда жердің бүкіл халқы 250-300 миллионды құраған.

Тунец Пуни соғыстарында деликатес боп саналмады, ежелгі еуропалықтар үшін қолжетімді және танымал өнімге айналды. Балық үлкен құрметке ие болды, сондықтан оған әртүрлі рәсімдер, культтер арналды және тіпті символ ретінде пайдаланылды.

Бірнеше жыл бұрын ғалымдар Германияның солтүстігінде табылған балық қалдықтарының ДНК-сын зерттеді. Белгілі болғандай, оны 400-ші жылдары Ұлыбританияның солтүстігінде викингтердің арғы аталары скандинавиялықтар аулаған. Олар тек VIII ғасырда ғана Еуропаның қарғысына ұшыраған шапқыншыларға айналды. Ал бұрын бейбіт балықшылар болатын. Дәл сол кезде олар кемелерді шебер басқаруды үйренді. Кейіннен шапқыншылық пен жаулап алу жорықтары белең алған кезде де барлық скандинавиялықтарды қарақшылар мен жауынгерлер деуге болмайды: көбісі үшін балық аулау әлі де өмірдің басты кәсібі боп қала берді.


Оқи отырыңыз: 


Балық аулау үшін викингтер батысқа қарай жылжып, Исландияға жетті. Мұнда олар іздеген бағалы балығы – атлантикалық нәлімді (солтүстік теңіздерде кездесетін балық түрі) тапты. X ғасырда скандинавиялықтар оның артынан қуып Гренландия жағалауына жетті. Бірақ викингтер тоқтамай, одан әрі қарай жылжи берді, сөйтіп Х ғасырда Колумбтан бұрын Американы ашты.

Адамдардың жай ғана қарапайым балық үшін соншама қауіпті жолдарды жүріп өткені таңғалдыруы мүмкін. Алайда, оның себебі ортағасырлық Еуропаның аса діни қоғам болуында еді. Шіркеуге бару немесе бармау туралы мәселе туындаған жоқ. Ал діни нормаларды сақтамауға мүлдем жол берілмейтін. Бұл посттарға да қатысты болды. Пост кезінде тек суық саналатын тағамды тұтынуға рұқсат етілді. Ал балық суда жүзгендіктен, оны суық тағамдарға жатқызды.

Осылайша, дін балықтың өнім ретіндегі құндылығын арттырды, өйткені барлық жұма, посттар және діни мерекелер жарты жылға жуық уақыт бойы созылды. Осылайша, балық байлықтың символына айналды. Мысалы, Англияда патшалар балық аулауға монополия құрды және балықты қарапайым адамдарға жеткізбеу үшін өзен арналарын жауып тастады. Тіпті, заңсыз балық аулағаны үшін өлім жазасын белгіледі.

Өнеркәсіптік революция кезеңінде алдымен Англия, содан кейін Еуропаның басқа да елдері қарқынды дами бастады. Алайда, балық аулау саласында ілгерілеу байқалмады. XIX ғасырда балық әлі де бұрынғы әдістермен ауланды. Балық аулайтын кемелердің көбісі ескі болды.

Сонымен қатар, өнімге сұраныс артып, теңіздегі балық саны азая бастады. Олар тым көп және жиі аулана бергендіктен, уылдырық шашып үлгермей жатты. Бұл мәселеге бірінші болып бас қатырғандар да ағылшындар еді.

Ұлыбританияда балық аулау комиссиясы құрылып, оның басшысы зоолог ғалым Генри Хаксли болды. Алайда, ол балықтың азаюы туралы әңгімелердің ғылыми негізі жоқ екенін және өндіріске зиян тигізбейтінін мәлімдеді. Хаксли ірі балық аулау компаниялары есебінен жалақы алғандықтан, солардың мүддесін қорғайтын еді. Оның позициясының арқасында балық аулау тәсілдері ақыры жаңара бастады және ескі кемелердің орнына заманауи траулерлер мен өнеркәсіптік тоңазытқыштар пайда болды.

Ғасырлар бойы адам балықты қожетімді азық ретінде қарастырып келді. Алайда, Халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне сәйкес, белгілі балық түрлерінің бес пайызы жойылу алдында тұр. Бұл түрлердің толық жойылуы қоректік тізбегінің бұзылуына әкеледі, бұл өз кезегінде бүкіл экожүйеге қауіп төндіреді.

Ғалымдардың пікірінше, егер алдағы 30 жылда аталған балық түрлерінің популяциясын қалпына келтіру мақсатында тиісті шаралар қабылданбаса, басқа да жануарлар мен құстар үшін жойылу қаупі туындамақ. Бұған қоса, жаһандық климаттың өзгеруі мен температураның өсуін ескерсек, онда әлем биологиялық апаттың алдында тұруы мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
1

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары