Қазақ мақал-мәтелдері – тек көркем шешендік өнердің үлгісі емес, ол – бабалардың ғасырлар бойы жинақтаған өмірлік тәжірибесі, дүниетанымы мен ұлттық кодын сақтаған баға жетпес рухани қазына. Дала заңына сүйенген бабаларымыз дау-жанжалдан бастап, елдік деңгейдегі маңызды шешімдерді қабылдағанда бір ауыз жүйелі сөзге тоқтаған.
Атадан балаға ауызша жетіп, тек XIX ғасырдың екінші жартысында ғана қағаз бетіне түсе бастаған ауыз әдебиетінің бұл жанры бүгінге дейін өзінің өміршеңдігін сақтап келеді. Филология ғылымының докторы, профессор Дандай Ысқақ мақал-мәтелдерді әр кезеңнің тарихи оқиғалары мен қоғамдық құбылыстарынан сыр шертетін бірегей дереккөз ретінде қарастырады.
"Мақал – үлкен толғау, образ арқылы берілген логикалық ой қорытындысы. Оны адам өміріне, тұрмыс–тіршілігіне, қоғамдық жағдайларда кездесетін әр түрлі құбылыстарға, тарихи оқиғаларға берілген даналық баға, тұжырымды түйін есебінде қолданады. Мақал-мәтел ғылымын зерттейтін паремиология ғылымы осындай тұжырым жасайды", – дейді филолог-ғалым.
Мақал-мәтелдердің көбі қандай тақырыптарға арналған
Халық даналығы адам өмірінің барлық қыр-сырын қамтиды. Дегенмен, оларды негізгі тақырыптық бағыттар бойынша бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады:
- Өмір, тұрмыс-тіршілік, қоғамдық құбылыстар. Адамның жаратылысы, өмірдің мәні, ұрпақ тәрбиесі мен қоғамдағы қарым-қатынас бұл топтағы мақалдардың өзегіне айналған. "Өмір бар жерде өлім бар", "Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер", "Көппен көрген – ұлы той" деген сияқты.
- Төрт түлік мал туралы. Төрт түліктің сырын терең меңгерген халқымыз "Мал бақсаң қойды бақ, май кетпейді шараңнан", "Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы" деген.
- Адалдық, адамгершілік, ізгілік, достық туралы. Адамдық қасиеттерді бәрінен жоғары қойған бабаларымыз адал достық пен тазалықты ту еткен. "Адалдық – ардың ісі", "Досы көпті жау алмайды" деген.
- Байлық, кәсіп пен нәсіп туралы. XIX ғасырда туындаған мақалдарда отырықшылық пен егіншілік мәдениеті анық көрініс табады. "Жер – ырыстың кіндігі", "Еңбек етсең емерсің", "Бейнет түбі – зейнет" деген сөз тіркестері соның айғағы.
- Сақтық, қырағылық туралы. Қауіп-қатерден сақтану, әрбір қадамды ойланып жасау және абай болу дала заңында ерекше орын алған. "Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле", "Сырын білмеген аттың сыртынан жүрме", "Аузы күйген үріп ішер" деп бекер айтпаған.
"Мақал адам өмірінің барлық саласын қамтыған. Алайда заман талабына сай өзгеріске ұшырап отырған. Мысалы, еңбек туралы айтылған мақалдардан халықтың оған деген көзқарасын білуге болады. "Еңбегі бардың – өнбегі бар", "Еңбек түбі – мереке", "Бейнетсіз рахат жоқ", "Еріншекке ошақтың екі бұты айшылық жер". Сонымен қатар мал сырын жақсы білетін қазақ төрт түліктің өзіне тән қасиетін де атап өткен. "Ат шаппайды, бап шабады". "Жатқанға жан жуымас, Жалқауға жан жуымас", "Ұрыға мал құтаймас", "Жортуылшының басы жолда қалады". "Жылқы – малдың патшасы" деп ойын анық аңғартып отырған. Бір айта кетерлігі, қазақ мақал-мәтелдерінің басты ерекшелігі қанша уақыт өтсе де мәнін жоймаған, ескірмеген", – дейді филолог.
XIX ғасырда туындаған мақал-мәтелдер
XIX ғасырда туындаған мақал-мәтелдердің негізгі тақырыбы – егіншілік, адал еңбек, бірлік, ынтымақ туралы болып келеді. "Жер-ырыстың кіндігі", "Егін еккеннің есесі көп", "Астығы бар аш болмайды", "Бірлік болмай, тірлік болмас", "Бірлігі жоқтың тірлігі жоқ", "Ырыс алды – ынтымақ", "Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді", "Бірлігі жоқтың тірлігі жоқ" деген мақалдар осының айғағы.
Ел мен жерді қорғау, ерлік тақырыбындағы мақалдардан халықтың ой-тілегін, арман-мүддесін патриотттық сезімін аңғаруға болады. Мысалы, "Ел іші – алтын бесік", "Туған жердің тауы ыстық", "Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол", "Пәлен жерде пайда бар, өз жерімдей қайда бар" деген.
Халық – қоғамдағы барлық материалдық, рухани байлықтарды жасаушы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тұрмысты қалыптастырушы, алға қарай дамытушы негізгі күш иесі болғандықтан, "Көпке топырақ шашпа", "Көп қорқытады, терең батырады", "Көп түкірсе көл" деген мақалдарымен көппен санасу керектігін аңғартады.
Шешендік өнер мен тапқырлықтың үлгісі
Би-шешендер қай дауда болсын сөздің тұздығы ретінде мақал-мәтелдерді ұтымды пайдаланып, дауды шешкен. Бабаларымыз "сөз сүйектен өтеді" деп, жүйелі айтылған уәжге кез келген жағдайда тоқтаған. Бұған Сырым батырдың бала кезінде Мөңке биге айтқан тапқыр жауабы айқын дәлел:
Баланы көзге ілмеген Мөңке би таңертең үйелеп өліп қалған семіз тұсағын көріп: "Құтты қонақ келсе, қойы егіз табады, құтсыз қонақ келсе, малы өліп қырсық шалады. Құтсыз қонақ болдың, үйімнен кет" дегенде, бала Сырым: "Құтты қонақ келсе, малы өліп, өзі аман қалады. Құтсыз қонақ қонса, өзі өліп, малы иесіз қалады. Менің қандай қонақ екенімді қайдан білесіз?" – деп жауап беріп, бидің өз сөзімен өзін тоқтатқан екен.
Қазақтың би-шешендері даулы істе тапқырлығымен қатар шешендік танытқан. Барша жұртты аузына қаратып сөйлей білмеген шешеннің беделі болмаған. Өйткені кез келген даулы істе жүйелі сөйлеп, тапқырлық танытпаса, оны тыңдайтын құлақ болмаған. Ал мақал-мәтел – сөздің тұздығы.
Хан-төрелердің әділетсіздігіне тап болып, жауыздық іс-әрекетіне куә болған халық "Биің қылаң болса, жұртың ылаң болар", "Қансоқта жеп ит семіреді", "Төреге ерген ер тоқымын арқалар", "Қойды құртаң бүлдіреді, елді сұлтан бүлдіреді", "Теңгелі жерде теңдік жоқ" деп әшкере қылған.
Би-шешендердің айтқан сөздерін бір-біріне үлгі етіп, өсиет ретінде таратқан. Ағайын арасындағы татулық, өнеге туралы ойларын алға тартып, тәрбие құралының бірі ретінде пайдаланған. "Жақыныңды жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін". "Абысын татау болса, ас көп", "Ағайынның азары болса да, безері болмайды" деп бірлік, ынтымаққа шақырған.
Мақал мен мәтелдің негізгі айырмашылығы
Зерттеуші ғалымдардың пайымдауынша, бұл екі жанрдың арасында мазмұны мен құрылымы жағынан өзіндік айырмашылықтары бар.
Мақал белгілі бір ойды түйіндеп, қорытынды жасаса, мәтел астарлы ойды бейнелі түрде жеткізеді. Екеуі де қазақ халқының дүниетанымы мен өмірлік тәжірибесін танытатын ауыз әдебиетінің маңызды үлгісі саналады.
Мақал дегеніміз – өмірде болған оқиғаға немесе құбылысқа берілген даналық қорытынды. Онда нақты дәлелдеу, кесімді пікір мен түйін болады. Сондай-ақ сөйлем құрылымы көбіне өлең ұйқасымен, 7-8 буынды жыр түрінде құралады. Оған "Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер" деген сияқты терең мағыналы мысалдар дәлел.
Мақалда адамның мінез-құлқы, еңбекке көзқарасы, қоғамдағы қарым-қатынас, тәрбие мен адамгершілік туралы тұжырымдар жиі кездеседі. Ол өмірлік тәжірибені жинақтап, тыңдаушыға белгілі бір ойды түсіндіруге немесе әрекетіне баға беруге мүмкіндік береді.
Мысалы, "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деген мақалда еңбек пен оның нәтижесі арасындағы байланыс көрсетілген. Мұнда еңбек ету – әрекет, ал қарынның тоюы – сол әрекеттің нәтижесі. Яғни мақал белгілі бір ойды айтып қана қоймай, оның қорытындысын да ұсынады.
Ал "Отан – оттан да ыстық" деген мақалда туған жердің адам үшін қадірі нақты әрі кесімді түрде тұжырымдалған. Демек мақалдың негізгі қызметі – өмір құбылыстарына ортақ баға беру, ойды қорытындылау және белгілі бір тұжырымды жеткізу.
Мәтелдің жөні бөлек. Мәтелде толық дәлелдеу мен соңғы қорытынды болмайды. Ол ойды жанамалап, астарлап, көркем теңеулер мен сөз айшықтары арқылы жеткізеді. Бұған "Көппен көрген – ұлы той" немесе "Қызым саған айтам, келінім сен тыңда" деген орамды тіркестер мысал бола алады. Соңғы мәтелде айтушының сөзі бір адамға бағытталғанымен, шын мәнінде, оны басқа біреуге де ескерту ретінде жеткізу мақсаты байқалады. Бұл тіркес біреуге тікелей айтпай-ақ, астарлап ескерту жасайды.
Мәтелдің мағынасын толық түсіну үшін оны қолданған жағдайға назар аудару қажет.
Мақал мен мәтелдің ұқсастығы – екеуі де қысқа, бейнелі әрі мағынасы терең сөз үлгілері. Екеуі де халықтың тұрмыс-тіршілігін, құндылықтарын, дүниетанымын және өмірден түйген тәжірибесін сақтайды. Ал негізгі айырмашылығы ойды жеткізу тәсілінен көрінеді.
- Біріншіден, мақал аяқталған тұжырым жасайды. Ол белгілі бір әрекеттің нәтижесін, өмірлік заңдылықты немесе құбылысқа берілген бағаны білдіреді. Мәтел болса, сол ойды тұспалдап, бейнелі түрде жеткізуге бейім.
- Екіншіден, мақалдың мағынасы көбіне жалпылама сипатта болады. Мәтел белгілі бір жағдаятқа қатысты астарлы ойды аңғартуы мүмкін.
- Үшіншіден, мақал мен мәтелдің құрылымында да ерекшелік бар. Мақал көбіне аяқталған сөйлем түрінде келіп, кейде екі тармақ арқылы ойды өрбітіп, қорытындылайды. Мәтел қысқа сөз тіркесі немесе ықшам сөйлем түрінде кездесуі мүмкін. Дегенмен олардың айырмашылығын тек ұзындығына қарап анықтау дұрыс емес: мағынасы мен қызметі маңыздырақ.
Мақал мен мәтелдің айырмашылығы мазмұнында. Мақал – өмірде болған елеулі оқиғаға берілген даналық қорытынды. Ал мәтелде сөз айшықты, көркем теңеу қолданылады. Қалай дегенмен, "мақал да, мәтел де – халықтың қазынасы, тіл майданындағы басты қаруы" дейді Дандай Ысқақ.