Күз келгенде кей адамдарда шаршау мен уайым басым болып, күйзеліске ұшырау жиілейді. Осындай сәтте жақсы кітап – ең сенімді серік. Кітап блогері Назым Сапар суық күндері жанды жылытып, өмірге деген қызығушылықты қайта оятатын, үміт пен тыныштық сыйлайтын кітаптар тізімін бөлісті.
"Поллианна" – Элеонор Портер
Назым Сапар бұл кітапты ұлымен ауруханада жатқан күндері оқыған.
"Ауруханада жатқанда өте уайымшыл адам ретінде өзімді кінәлап жылай беретін едім. Бірақ ауруханадағы жағдайы бізден екі есе мүшкіл балалардың анасы шашын бұйралап, баласының көзінше әдемі болып жүргенін көргенде ұялдым. Біз тез жазылып бір аптада шықтық. Ал ол жерде айлап жатқандар бар. Қазір балама қарап, күн сайын дені сау, дамуына мән беріп жүрген өзіме алғыс айтып, қуанудың себебін іздейтін болдым. Бұған мені Поллианна тәрбиеледі", – дейді блогер.
"Поллианна" – өмірге қуанышпен қарауға, әр күннен жақсылық іздеуге баулитын кітап. Назымның айтуынша, мұңайып жүрген адамға бұл шығарма "қуаныш ойынын" үйретіп, өмірдің ғажап екенін еске салады.
"Ғажайып" – Р.Ж. Паласио
Бұл – ерекше бет-әлпетпен дүниеге келген Огги есімді баланың өмірі туралы әсерлі хикая.
"Біз кейде пендешілікке салынып, өзімізге, өмірімізге риза болмай жатамыз. Ал Огги өзінің ерекше бет-әлпетін қабылдай алған нағыз батыр. Қиындықтар да болды, бірақ ата-анасы, әпкесі, мектеп директоры мен достарының арқасында ол бәрін де жеңіп шықты. Бичер орта мектеп директоры Ташман мырзанының "Қажетінен сәл артық мейірімді болу" деген сөзі бар. Өйткені мейірім ешқашан аздық етпейді, артық болмайды. Бәріміз де қажетінен сәл артық мейірім танытуымыз керек. Бұл бізге адамзат ретінде қаншалықты мейірімді бола алатынымызды еске салып қана қоймай, мейірімді болу-болмауды тек өзіміз таңдайтынымызды меңзейді", – дейді Назым.
"Қоңыр күз еді" – Қалихан Ысқақ
Бұл шығармада соғыстан кейінгі қазақ ауылындағы өмір, жеткіншектің алғашқы махаббаты мен сағынышы суреттеледі.
"Әр адамның жыл мезгілімен байланысты сағынышы болады. Бәлкім, сол мезгілде алғашқы махаббаты, сүйіктісінің туған күні, әлде бөліске жетім естелігі бар шығар. Көктемді құлпыру десек, күзде құлазу басталады. Біздің күз мезгілінде сағынатын адамымыз болады. Ол адам жанымызда болуы мүмкін. Кей сәт сырттай тілеулес болып, өзге қаладан амандығын тілеп жүреміз. Қалихан Ысқақтың да "Қоңыр күзінде" алғашқы махаббаты мен мұң бар", – дейді блогер.
Автор соғыс жылдарындағы және одан кейінгі уақыттағы балалар өмірі мен олардың арман-мақсатын көрсеткен.
"Кітаптағы Қасым мен Алтынның оқиғасы, интернаттағы әділетсіздік пен балалық арман – бәрімізге таныс сезімдер. Автор қоғам шындығын шынайы көрсете алған", – дейді Назым.
"Өмірдегі ең маңызды 20 нәрсе" – Кристоф Хайн
"Адамға не керек? Үш шабадан анау-мынау зат па? Өмір көрген, ыстық пен суықтан өткен ересектен сұрасаң, не деп жауап береді? Адамға не қымбат? Әрдайым жанымызда, жадымызда не нәрсе жүреді? Бұл кітап сол туралы ойлануға итермелейді", – дейді Назым.
Оның айтуынша, кітап жас пен кәріге бірдей әсер етеді, сондықтан жасөспірімдердің ата-анасымен бірге оқуына кеңес береді.
"Хүгге" – Майк Вайкиң
Даниялықтардың "бақыт философиясын" түсіндіретін бұл кітап блогерге ерекше әсер еткен.
"Хүггенің басты шарттарының бірі – өз-өзіңе жаның ашу, еркелету, өзіңе және өзгелерге салауатты өмір салты принциптерінен аз уақытқа болса да, бас тартуға мүмкіндік беру. Өмірден ләззат алып, хүггені сезіне білсең, шүкір етуді үйренесің. Біз кей сәтте тым ашкөз болып кетеміз. Кейде өзгенің құндылығын өзімізге таңып алып, беймаза күй кешеміз. Ойлана келе, "маған бұл зат керек пе?" сұрақ қойып, өмірлік ұстанымдарыңды қайта қарауға болады. Дат халқы үшін бақыт символы – балауыз шам болса, қазақтардың бақыт символы не? Ойлана келсе, біздің хүггеміз дастархан басында ағайынның төрт көзі түгел отырып шай ішу деп есептеймін. Арқа-жарқа болып әңгімелесудің өзі бір ғанибет емес пе?", – дейді Назым.
Блогердің айтуынша, "Хүгге" өмірдің қарапайым сәттерінен шаттық табуға, шүкіршілік пен ішкі тыныштықты сезінуге үйретеді.
USD:
505.5 / 508.5
EUR:
587.5 / 592.5
RUB:
6.47 / 6.59
"Ауруханада жатқанда өте уайымшыл адам ретінде өзімді кінәлап жылай беретін едім. Бірақ ауруханадағы жағдайы бізден екі есе мүшкіл балалардың анасы шашын бұйралап, баласының көзінше әдемі болып жүргенін көргенде ұялдым. Біз тез жазылып бір аптада шықтық. Ал ол жерде айлап жатқандар бар. Қазір балама қарап, күн сайын дені сау, дамуына мән беріп жүрген өзіме алғыс айтып, қуанудың себебін іздейтін болдым. Бұған мені Поллианна тәрбиеледі", – дейді блогер.