"Биші" президенттер. Көшбасшылардың биі қандай және ол дипломатияда қандай рөл атқарады?

АҚШ президенті Дональд Трамп. Фото Wikipedia жүйесінен алынды
АҚШ президенті Дональд Трамп. Фото Wikipedia жүйесінен алынды
Психологтың айтуынша, президенттердің билеуі тек көңіл көтеру емес, бұл халықпен эмоционалды байланыс орнату, имиджді жұмсарту және мәдени дипломатияны көрсету құралы.

Президенттер биі – қазіргі заманғы мәдениет пен саясаттың ерекше көрінісі ретінде қызығушылық тудырып жүрген қызықты құбылыс. Бұған ерекше назар аудару қажет, себебі ол тек көңіл көтеру құралы емес, сонымен қатар белгілі саяси және мәдени символдарды бейнелеудің бір жолы болып отыр. Олай болса, біз президенттер биінің мәні, шығу тарихы және қоғамдағы рөліне жан-жақты тоқталамыз.

Психолог Жанар Оспан президенттердің билеуі халықпен қарым-қатынасты жеңілдетіп, имиджін жұмсартуға бағытталатынын айтады.

"Би арқылы көшбасшы өзін қарапайым адам ретінде көрсетеді. Мысалы, Ричард Никсон мен Кіші Джордж Буштың биі халыққа олардың жылы, жақын тұлға екенін паш етті. Психологиялық зерттеулерге сәйкес, адамдар эмоциялық және физикалық қимыл арқылы өзін ашық әрі сенімді сезінеді. Сонымен қатар, би – эмоцияны тікелей жеткізудің тиімді тәсілі. Мысалы, Николас Мадуро жастар шеруінде билегенде өзінің қарапайым жаны бар адам екенін, түрлі сезімге толы көшбасшы екенін көрсетті. Мұндай қадам әсіресе күрделі саяси жағдайларда халықпен эмоционалды байланысты нығайтуға ықпал етеді", – деді Жанар Оспан. 

Дональд Трамп (АҚШ)

АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамп өзіне ғана тән би қимылымен ерекшеленеді. Ол "Трамп биі" (Trump dance) деп аталады және алғаш 2020 жылы оның сайлауалды кампаниясы кезінде көзге түскен болатын. Ең қызығы, Дональд Трамп алғаш билеген "Y.M.C.A." әні бұдан соң лезде танымал болып, иесіне бірнеше миллион доллар табыс сыйлаған. 

Николас Мадуро (Венесуэла)

2025 жылғы қарашаның аяғында Николас Мадуро жастар шеруінде "No War, Yes Peace" деген ремикс әніне билеп, жұртшылық назарын аударды. Шетелдік басылымдардың жазуынша, бұл би – қарапайым "саяси сөз" емес, символикалық акт. Ол Мадуроның "тосқауыл, дипломатиялық қысым" жағдайында халық алдында өзін "жанды, әртүрлі сезімі бар көшбасшы" ретінде көрсету үшін жасалып отыр.

Мадуроның бұл қадамы – бүгінгі саясаткерлер арасында "танымалдылық + шоу + эмоция" арқылы билік имиджін қалыптастыру үлгісінің бір мысалы.

Барак Обама (АҚШ)

2016 жылы Кенияға сапары кезінде "Lipala Dance" биіне қосылды. Мұнымен қатар, әйгілі "Michelle Obama мен Beyoncé стиліндегі" шағын би қимылдарын бірнеше рет қайталаған видеолары бар. Обама жалпы "ең көп билеген" АҚШ президенті саналады – talk-show, концерт, телевизиялық шоуларда жиі қимылдайтын.

 

Кіші Джордж Буш (АҚШ)

2007 жылы Сенегал музыкантымен бірге африкалық барабан биіне қосылған видеосы көпке танымал. Би қимылдарының өзі сәл қысылғандай болғанымен, жұрт оны "жағымды, ашық саясаткер" ретінде қабылдады.

 

Джастин Трюдо (Канада)

Үндістан сапарында Болливуд стиліндегі биді үйреніп, жергілікті тұрғындармен бірге билеген. Оның "Shake it off" әуеніне билеген клипі де интернетте танымал. Трюдо – "жұмсақ күш" пен мәдени дипломатияны ең жақсы қолданатын көшбасшылардың бірі.

Борис Джонсон (Ұлыбритания)

Оның "Brexit Party" кештерінде биге ұқсас, ырғақты қимылдары көзге түсті. Сондай-ақ, 2021 жылы бір ресми кездесуде "шай үстінде" ырғақ ұстап тұрған видеосы бар – халық оны әзілге айналдырған.

Джейкоб Зума (Оңтүстік Африка)

Жиі би билейтін әлемдік саясаткерлердің бірі. 2009-2017 жж. аралығында Зума әрбір митингте дәстүрлі зулу биін билеп, дауыс жинаудың символдық әдісіне айналдырған. Оның "Umshini Wami" әнімен билеген видеолары миллиондаған қаралым жинады.
 

Сильвио Берлускони (Италия)

2010 жылы Бразилияда саммит кезінде Samba биін билеген видеосы хит болған. Берлускони өзін "жастық, энергия, көңіл көтеру" имиджімен көрсетуді ұнатқан.


Оқи отырыңыз: Қазақстандағы Сancel мәдениеті: Атышулы оқиғалар, психолог пікірі және Корея тәжірибесі


Ричард Никсон (АҚШ)

1959 жылы Никсон Латын Америкасы турында мерекелік бидің ортасына түсіп қалып, халықпен бірге бірнеше қадам жасап кеткені бар.

Бұл оқиға оның имиджін жұмсартып, америкалықтарға "қарапайым адам" ретінде көрсеткенін тарихшылар айтады.

Психолог Жанар Оспан президенттердің билеуі тек көңіл көтеру емес, халықпен эмоционалды байланыс орнату, имиджді жұмсарту және мәдени дипломатияны көрсету тәсілі екенін айтады.

"Джастин Трюдо мен Барак Обама би арқылы жергілікті мәдени контекстке еніп, өздерін достыққа, ынтымақтастыққа дайын көшбасшы ретінде көрсетті, ал зерттеулер ортақ мәдени тәжірибелер мен ритуалдық әрекеттердің эмоционалды сенімділікті арттыратындығын көрсетеді. Сонымен қатар, билеу медиа арқылы танымалдылықты арттырып, халықтың көшбасшыға деген сенімі мен жақындығын күшейтеді. Кейбір билер тарихи немесе ұлттық мәнге ие, мысалы, Джейкоб Зуманың дәстүрлі зулу биі халық арасында бірлік пен ұлттық мақтаныш сезімін күшейтті. Жалпы, психологтар би адамның психологиясында ашықтықты, сенімділікті және эмоционалды жақындықты жеткізетін күшті құрал екенін атап көрсетеді", – деп түсіндірді маман.


Оқи отырыңыз: Назарбаев, Обама, Буш және Мандела. Мемуар жазған экс-президенттер кімдер?


 

Серіктестер жаңалықтары