Қазақстандағы Сancel мәдениеті: Атышулы оқиғалар, психолог пікірі және Корея тәжірибесі

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Психолог cancel мәдениетінің этикалық жауапкершілікті арттыруға бағытталуы тиіс екенін айтады.

Соңғы жылдары әлеуметтік желілер қоғамның ойын ортаға салатын алаңына айналып, танымал адамдардың кез келген пікірі, әрекеті немесе қателігі жаппай реакция тудыратын деңгейге жетті. Осы үрдістің ішінде "cancel мәдениеті" – белгілі бір тұлғаны бойкоттап, қоғамдық ықпалын азайтуға бағытталған қозғалыс – ерекше орын алып отыр. Қазақстанда бұл құбылыс әлі тұрақты жүйеге айналмағанымен, соңғы бір жылда бірнеше танымал адамның төңірегінде үлкен талқылау жүргені рас. Төменде сол кейстерге тоқталамыз. 

Серік Шәріптің экс-қызына қол көтеруі 

Фото: Say Mo желідегі парақшасынан скриншот

Не болды?

Актёрмен қарым-қатынаста болған Әлия Бутеева Instagram желісінде жазба жариялап, Серік Шәріпті өзіне қол көтерді деп айыптады. Айыптауын дәлелдеу үшін ол ер адамның өзін лифтіден күштеп сүйреп шығарғанын көрсететін бейнежазбаны және бетінің қызарып қалған суретін қоса салды. Жазба үлкен қоғамдық резонанс тудырып, әлеуметтік желілерде актердің жарияланымдарының астына ашулы пікірлер қарша жауды.


Оқи отырыңыз: Экран мен сахнадағы жастар тәрбиесі: Күлдіреміз деп бүлдіріп жүрген жоқпыз ба


Артынша Серік Шәріп қызды ұрып-соғу оқиғасына қатысты видеоүндеу жариялады. Ол сүйіктісі Әлия Бутееваны шапалақпен ұрғанын мойындап, өз әрекетіне өкінетінін айтты.

"Көпшілігіңіз ұрыс кезінде ашу мен ызаға беріліп кететін сезімді білетін шығарсыздар. Мен сіздерден менің қателігімді қайталамауды, қол көтермеуді сұраймын. Мен Әлияны шапалақпен салып қалдым, сол үшін одан, оның отбасынан және менен көңілі қалған барлық адамнан кешірім сұраймын", – деді актер.

Бұл қандай нәтижеге әкелді?

Salem Entertainment тобы Серік Шәріппен барлық келісімшартты үзгенін ресми мәлімдеді. Актер қатысқан "Шакал", "Qarga" және "Meow" сияқты жобалар тоқтатылды немесе қайта қаралды. Сондай-ақ ол қатысқан көркем фильм – "Патруль: соңғы бұйрық" – прокатқа дайындалып жатқан нұсқадан актермен түсірілген сахналар алынып тасталды.

Соттың қаулысымен актер ӘҚБтК-нің 73-бабы, 1-бөлігі ("Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер"  – ред. түсіндірмесі) бойынша кінәлі деп танылып, бес тәулік әкімшілік қамауға алынды.

Әлеуметтік желілерде оның әр жазбасының астына адамдар ашулы пікірлер қалдырып жатты. Актерді Бишімбаевпен салыстырып, "асүй боксшысы" деп атағандар да болды.


Оқи отырыңыз: Полигамияны дәстүрмен ақтауға бола ма немесе "тоқалдан туған" баланың құқығы қандай?


Рамиль Мухоряпов кейсі: Тіл саясаты жөніндегі пікір және бойкот 

Не болды?

2022 жылы Chocofamily Holding иесі Рамиль Мухоряпов қазақ тіліне қатысты айтқан пікірі үшін даудың ортасында қалды. Ол орыс тілін білсе де, қазақша сөйлейтіндерді сынға алып, мұны "ұлтшылдық пен мәдениетсіздіктің көрінісі" деп атаған. Бұл сөздер желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырып, көпшілік оларды мемлекеттік тілге құрметсіздік ретінде бағалады. 

Нәтиже берді ме?

Нәтижесінде компания қызметтерінен бас тарту науқаны басталды. Көп ұзамай Мухоряпов кешірім сұраған бейнежазба жариялады, ал компания өкілдері жыл соңына дейін барлық қызмет түрін қазақ тіліне көшіруге уәде берді. Кейін оның тілге қатысты айтқан сөзі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды, алайда полиция қылмыс құрамының болмауына байланысты істі тоқтатты.

Қазақстандықтардың сенімін қайта қайтару мақсатында ChocoFamily барлық сервисін толықтай қазақ тіліне аударды. Осы оқиғадан кейін Мухоряпов қазақтілді жобаларды қаржылай қолдай бастады. Оның ішінде документалист Әлия Әшімді қолдау, тарихи кітаптардың басылымын қаржыландыру және қазақша контент өндірушілерге қолдау көрсету бар.

Тұрсынбек Қабатовтың отбасылық өміріне қатысты желідегі айыптаулар

Не болды?

Әзілкештің экс-әйелі Мөлдір Мұқан отандық бағдарламаға берген сұқбатында Тұрсынбек Қабатовтың өзіне опасыздық жасағанын және бүгінде балаларымен араласпайтынын айтты.

"Ұлым дүниеге келген уақыт. Бала ұйықтап жатыр, неге ояна беретінімді түсінбеймін. Мазам қатты кетіп жатыр. Бала емізіп жатқан уақытта телефонды алып, қарап қалып ем, "Сіз күйеуіңіздің жүрісі туралы естідіңіз бе? Қазір оның көңілдесі бар" деген хат келді. Айдаладағы бір адам жазып жатыр, парақшасы жабық екен. "Оған біраз құнды сыйлық, пәтер, көлік алып берген. Қымбат тон, алмаз – бәрі қазір соның үстінде" деген пікір жазылды. Өзім шаршап тұрмын. Түрлі ой мазалап жатыр. Ол күні Тұрсынбек үйде емес, гәстрөльде болуы керек, Алматыда болды. Жаңағы пікірді бірден өшірдім, Тұрсынбек келе салысымен бетіне атылған жоқпын. Бұл өтірік болар деп ойладым. "Бұл жалған, Тұрсынбек мұндайға баруы мүмкін емес" деген ойыма, өзімді алдағаныма 14 жыл болды. Өзімді алдап келген екенмін. Уақыт өте келе айттым. Себебі жаңағы ақпарат келе берді, келе берді. Оны кім жазғанын ақыры білмедім. Бірден "Мен еркекпін" деп кеудесін қаққан жоқ, кішіпейілділік танытты. "Сен бұл әңгімені кімнен естідің?" деп сұрақ қойды. "Бұл өтірік" деп басында мойындамады. Кейін жаңағы ақпараттар көп келе бастағаннан кейін "Қоямын, иә, кішкене өзімді еркіндікке жіберген болармын. Қателік жасадым, қойдым, болды" деген жауап қайтарды. Мен сендім. Ол уақытта да, күні кешеге дейін де мен ажырасамын деп ойламадым. Ажырасуға талпынбадым. Ондай шешімге дайын болмадым. Сол кездегі жанымның ауырғаны, сыздағаны әлі де кетпеді. Сыздап жатыр. Тұрсынбекті жақсы көргенімнен болар, қатты жақсы көрдім", – деді Мөлдір Мұқан журналист Жанар Байсемізоваға берген сұқбатында. 

Тұрсынбек Қабатовтың желідегі парақшасынан скриншот

Әзілкештің өзі бірден әлеуметтік желі арқылы балаларымен жақсы қарым-қатынаста екенін жазып ақталды, бірақ опасыздық тақырыбын көтермеді . Осыдан кейін қоғамның пікірі екіге жарылды. Бірі мұны Мөлдір Мұқан фильміне пиар деп бағаласа, екіншілері керісінше оған қолдау білдіріп, "Шәй в большом городе" фильміне міндетті түрде баратынын айтты. 

Сондай-ақ желіде Мөлдір Мұқан мен Тұрсынбек Қабатовтың бұрын түсірілген видеосы да қызу талқыланды. Видеода әзілкештің әйелі ажырасу тақырыбындағы сахнаға жылап отырады. Желі қолданушыларының арасында Тұрсынбек Қабатовтың Қазақстан бойынша өтіп жатқан концерттеріне бойкот жариялауға шақырғандар болды. 

Нәтиже берді ме?

Отбасылық өмірге қатысты ақпараттың cancel-ге нақты әсер еткені байқалмайды. Концерттері жалғасты, дегенмен көрермен санына қалай әсер еткені белгісіз. 


Оқи отырыңыз: Ажырасу – тренд пе, шешім бе? Дариға Бадықова мен Тұрсынбек Қабатов кейсі нені көрсетті


Қазақстанда cancel мәдениеті "жою" емес, жауапкершілік мәдениетіне айналуы керек

Назира Бурханова, психолог және коуч: 

– Қазақстанда соңғы жылдары cancel мәдениеті, яғни жеке тұлғаны немесе компанияны қоғамдық түрде бойкоттау тәжірибесі күшейіп, әлеуметтік желілердегі пікірталастардың басты тетіктерінің біріне айналды. Психология тұрғысынан мұндай құбылыс топтық санкция ретінде қарастырылады, себебі адамдар қоғамдағы нормаларды бұзғандарды айыптау арқылы өзінің моральдық ұстанымын бекіткісі келеді. Стэнфорд университетінің 2021 жылғы зерттеуі де бұл әрекеттің көбіне әділеттілікті қалпына келтіруден гөрі эмоциялық разряд пен әлеуметтік үстемдікті сезінуге байланысты жасалатынын көрсеткен еді.

Қазақстандағы cancel мәдениетінің өзіндік ерекшеліктері бар: батыс елдерінде ол көбіне саяси-идеологиялық қайшылықтардан туындаса, бізде тіл мәселесі, тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары және қоғамдық тұлғалардың моральдық жауапкершілігі ең көп триггерге айналады; Мухоряповтың сөзі, Серік Шәріп пен Бишімбаев істеріне қатысты реакциялар соның айқын мысалы. Сонымен бірге cancel мәдениетінің оң әсерлері де бар: Harvard Kennedy School зерттеулері қоғамдық бойкот кей жағдайда корпорациялардың ашықтығын арттырып, мәдени және этикалық нормаларды қайта қарауға ықпал етіп, зорлық-зомбылық сияқты мәселелердің жасырын қалмауына жол бермейтінін дәлелдейді. Қазақстанда да қоғамдық бақылаудың күшеюі көптеген мәселенің ашық талқылануына мүмкіндік берді.

Алайда америкалық психологиялық қауымдастықтың деректері мұндай айыптаудың күшті стресс, үрей, депрессиялық симптомдар туғызып, адамның кәсіби әрі әлеуметтік өмірін күйретуі мүмкін екенін көрсетеді, ал эмоцияға сүйенген жаппай шабуыл фактісіз, біржақты шешімдерге әкелуі ғажап емес. Сондықтан Қазақстанда cancel мәдениеті "жою" емес, жауапкершілік мәдениетіне айналуы керек: ақпаратты эмоциядан бөлу, жазалау емес – түзетуге мүмкіндік беру, сондай-ақ қоғамдық бақылауды конструктивті қалыптастыру маңызды. Қорытындылай айтқанда, cancel мәдениеті қазіргі қоғамға тән құбылыс ретінде Қазақстанда да әлеуметтік әділеттілік пен қоғамдық нормаларды қорғаудың құралына айналып келеді, бірақ оның тиімді моделі жазалаушы емес, қателікті түзету мен этикалық жауапкершілікті арттыруға бағытталған қалпына келтіруші әділдік қағидасына негізделуі тиіс.

Өзін өзі өлтіруге дейін апаратын Кореядағы cancel мәдениеті

Кореядағы cancel мәдениеті әлемдегі ең қатал, тіпті әлеуметтік қысымы ең жоғары елдердің бірі ретінде жиі аталады. Әсіресе K-pop индустриясы мен кино саласында танымал тұлғалар қоғамның назарында өмір сүреді, ал олардың жеке өміріндегі ең кішкентай қателік немесе күмәннің өзі бір сәтте карьераны толық тоқтатуға себеп болуы мүмкін. 

Біріншіден, Оңтүстік Корея – өте ұжымшыл, әлеуметтік нормаларға қатты мән беретін қоғам. Қоғамдық пікірден "ұятқа қалу" ондағы адамдар үшін өте ауыр әлеуметтік жаза болып саналады. Сондықтан бұқаралық ақпарат құралдары мен желідегі пікірлер қысымының күші өте жоғары. Танымал тұлғаның атына белгілі бір айып тағылса – тіпті ол дәлелденбегеннің өзінде – компаниялар бірден келісімшарттарды тоқтатады, телехабарлар эпизодтарын кесіп тастайды, жарнамалар алынып тасталады, ал жобаға қатысу толықтай тоқтатылуы мүмкін.

Екіншіден, бұл жерде cancel мәдениеті тек қысқа мерзімді айыптау емес, адамды қоғамнан толық оқшаулау түрінде көрініс табады. Өкінішке қарай, дәл осы қатты қысым салдарынан Кореяда өнер адамдарының өзіне қол жұмсау жағдайлары бірнеше рет тіркелген. Бұл – cancel мәдениетінің тым қатқыл формаға айналғанының ең ауыр көрінісі. Үшіншіден, K-pop индустриясы мен шоу-бизнес жүйесі өзі де өте қатаң. Айдолдар жас кезінен шектеулі ортада тәрбиеленіп, тамақтануынан бастап сөйлейтін сөздеріне дейін компания бақылауында болады. 

Фото: Sulli желідегі парақшасынан алынды

Солли корей қоғамындағы қатаң моральдық талаптар мен интернеттегі үздіксіз хейттің ең танымал құрбандарының бірі. Ол феминистік көзқарасы, еркін образы және жеке пікірі үшін қатты сыналған. Әлеуметтік желіде оған бағытталған үздіксіз буллинг психологиялық тұрғыдан ауыр соққы болды. Нәтижесінде ол өз өзіне қол салды. Бұл оқиға Кореяда интернет мәдениетін реформалау талқысын күшейтті.

Фото: hallyusg.net сайтынан

Ким Сон Хо – карьерасы бір түнде үзілген актер. 2021 жылы актерге қатысты жеке өміріне байланысты айыптаулар тарағаннан кейін, барлық жарнама компаниясы келісімшарттарды тоқтатты. Танымал форумдардың бірінде белгісіз қолданушы оны баласын алдыруға мәжбүрледі деп айыптады. Ол қатысқан телешоудан эпизодтары кесіліп тасталды. Жаңа түсірілетін фильмдерден шығарылды. Кейін айыптаулардың көп бөлігі жалған екені анықталса да, оның карьерасына келген зиян орасан болды.

Фото: herworld.com

Со Йе Джи – басты рөлдерінен айырылған актриса. 2021 жылы оның жеке қарым-қатынастағы мінез-құлқы туралы дау шыққаннан кейін, бірнеше кино мен сериал жобасынан шығарылды.

Даудың басы әріптесі Ким Джон Хённан басталды. Телехикая таныстырылымы кезінде актер кинодағы серігіне дөрекілік көрсетіп, өзінен алыс тұруды сұрайды. Кейін мұны одан актриса Со Ие Джидің талап еткені белгілі болады. Осыдан кейін Со Ие Джимен барлық жарнамалық келісімшарттар тоқтатылды. Бір жылға жуық экраннан көрінбеді.

Серіктестер жаңалықтары