Тікелей эфир

Сырттан кірмесе, отандық тігін өндірісі қазақты "тыр жалаңаш" қалдырады

Қазақстандағы тігін цехтары көбінесе тек жұмыс киімін, формалы киімдер тігеді. Мата толықтай шетелдерден әкелінеді.

"Киіп отырған шетелдік киімдеріңді шешсек, жалаңаш қаласыңдар" деп ескерткен кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға үндеп. Бірақ адамдарды тек отандық киім киюге мәжбүрлейтін болсақ, олардың расымен де тыр жалаңаш қалатын түрі бар.

Қырғызстан мен Өзбекстаннан әкелінген футболкаға сурет басып, "отандық өнім" деп қымбат бағаға сататындар бар. Осындай "өнімдерді" қоспағанда, елімізде өндірілген киім жоқтың қасы.

Мата өңдеудің цифрлық технологиясы

Қазір 30 мың долларыңыз болса, мата-тігін өндірісін аша аласыз. Цифрлық технология көмектеседі. Матаға өзіңіз дизайн жасап, қалаған суретті басып, бір сағатта көйлек тігіп шығарасыз.

– 1 шаршы метрі 50 центтен басталатын полиэстер матасы бар. Микрофибрлік талшықтары табиғи матадан аумайды. Ол табиғи матаны ығыстырмайды. Бірақ дүниежүзінде оны эконом және орта класс санатындағы сән индустриясында кеңінен пайдаланады, – дейді журналиске берген жауабында жапондық "Мимаки" компаниясының вице-президенті Юджи Икеда.

Өнеркәсіптік қымбат құрал-жабдықтар өндіруде Италия алда. Ал жапондық компаниялар орта топта бәсін бермейді дейді.

Цифрлық технологиялардың көмегімен сән индустриясы, спорттық киімдерді, тұрмыстық және жиҺаз қаптайтын маталарды, көшкі, дастарқанды, орамал өнімдері тігілетін маталарды өңдейді. Сондай-ақ, тулар мен жалаулар, көрме рәсімдейтін жабындар, жарнамалық және транспараттық маталар дайындалады.


СРесейдің Мата өндірушілері қауымдастығының вице-президенті Андрей Макачев пен жапондық "Мимаки" компаниясының вице-президенті Юджи Икеда

Юджи Икеда Ресейдің Мата өндірушілері қауымдастығының вице-президенті Андрей Макачевпен / Фото informburo.kz


Мата өндірісіндегі цифрлық технологиялар 21 пайыз өсім бермек

– Жуырда Дүниежүзілік мақта-мата саласын сараптайтын WTIN ұйымының есебі жарияланды. Әлемдік экономиканың орташа жылдық өсім қарқыны 3,7% болса, тоқыма-мата экономикасының өсу қарқыны 5,1%-ды құрайды. Ал мата өндірісіндегі цифрлық технологиялардың өсім қарқыны жылына 21%. Демек, озық технологиялармен өндірілетін мата өнімінің мөлшері әрбір үш жылда екі еселеніп отыр, – дейді Ресейдің Мата өндірушілері қауымдастығының вице-президенті Андрей Макачев.

Сондықтан, қазақстандықтар цифрлық технологиялардың дамуына атсалысуы керек деп санайды. Негізі елімізде мұндай компаниялар 15 жылдай бұрын ашылған.

Матаны цифрлық өңдеудің артықшылықтары қандай?

Бұрынғы алып фабрикаларда матаны арнаулы сұйық ерітінді бояуға малып, қуатты газ немесе электр пеште кептіріп, сосын көп сумен шайып, тағы да кептіреді. Ол орасан шығынымен қоса өндіріс қалдықтарын, ағызынды суларды тазартуды талап етеді.

Ал цифрлық технология мұның бәрінен құтқарады, экологияға залал келтірмейді. Өйткені құрғақ тәсілді пайдаланады.

Мыңдаған футболканы бірнеше минутта тігіп шығарады

Қазіргі арнайы лазерлі аппаратпен пішеді. Демек, кешікпей "киім пішуші" деген мамандық мүлдем жойылып, олардың орнын цифрлық машиналардың операторлары баспақшы.

– Матаға сандық өрнектерді басып шығарушы принтерлерді түрлі тігін бағдарламаларымен сәйкестендірсе болды. Сол арқылы мыңдаған футболканы бірнеше минутта тігіп шығаруға болады. Өйткені қазіргі күні барлық сызбаүлгілер (лекала) цифрлық технологияға көшірілген, – дейді қазақстандық "Мата-принт техно" компаниясының өкілі Татьяна Аторина.


Цифрлық лазерлік аппарат - принтер

Цифрлық лазерлік аппарат – принтер / Фото informburo.kz


Мұнайлы Қазақстан неге синтетикалық мата өндіре алмайды?

Полиэстер маталар мұнай-газ өңдеу өнеркәсібінің өнімі – полиамид талшықтарынан жасалады.

– Кәсіби спорт киімдерін тігуде, өнеркәсіптік мақсаттарда тек синтетикалық маталар пайдаланылады. Тұрақты ауа өткізіп, ылғалды тез беріп тұруы керек. Сондықтан спорт киімдер мақта матасынан тігілмейді. Яғни, бұл саланың келешегі зор. Мұнайға бай ел ретінде Қазақстанның осындай мата өндіре алатын әлеуеті бар. Дүниежүзінде сұраныс жоғары, – дейді отандық (Мимиорики) балалар киімі брендінің негізін қалаушы Инна Апенко.

Бірақ еліміз осы салаға ауқымды инвестиция салуға батылдық таныта алмай отыр.

Қазақстанда арзан киім өндіру неге мүмкін емес?

Инна Апенко осылай дейді. Оған орташа жалақы деңгейінің жоғарылығы себеп.

–Юаға тұрғысынан біз Қырғызстан және Өзбекстанмен бәсекелесе алмаймыз. Ондағыдай шикізат, қолдау бағдарламалары мен құралдары бізде атымен жоқ. Өзбекстанда тігінші шартты түрде 100 доллар тұрса, бізде 300 доллар. Ал Камбоджа мен Вьетнамда тіпті бір кесе күріш үшін тігіп бере салады, – дейді ол.

Шымкенттегі мата өндірісінің жыры

Мата демекші, Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының мәліметінше, Қазақстан бойынша мақтадан табиғи мата өндіретін жалғыз кәсіпорын Шымкентте жұмыс істейді ("Azala textile").

Ал "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, ондағы тағы да екі кәсіпорын ("Ютекс" АҚ мен "Меланж" АҚ біріктіретін "Textiles.kz" компаниялар тобы) қазір тоқтап тұр. Олар 2003-2008 жылдары Қазақстанның даму банкінен 177,3 млн доллар көлемінде жеңілдетілген несие алған. Бірақ кейін сотпен банкрот деп танылып, "Қазақстанның инвестициялық қоры" АҚ-ның иелігіне өткен. Бұл кәсіпорындардың берешегі 17 млрд 730 млн 285 мың 779 теңгеге жетті. "Ютекс" АҚ-ның бар мүлкі 7 млн 501 мың 600 теңге, "Меланж" АҚ – 4 млн 985 мың 500 теңгені құрапты.

Қор аталған компаниялармен бірнеше мәрте сотта тәжікелескен. Сәуір айында Жоғарғы соттың коллегиясы кәсіпорындар берешекті өтеуге қауқарсыз деген шешімге келіпті.

Өндіріс орындарын қайта іске қосу үшін қор 2019 жылғы 22 маусымда Өзбекстанның Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығымен мәмілеге келді. Қазір стратегиялық серіктеспен бірлесе жол картасы жасалып жатыр.

Салада қанша адам жұмыс істейді?


Өндірістегі 2014-2019 жылдар аралығындағы қызметкерлердің нақты саны (мың адам)

Өндірістегі 2014-2019 жылдар аралығындағы қызметкерлердің нақты саны (мың адам) / Дереккөз: ҚР ҰЭМ СК


Импорт өсіп жатыр

Жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің импорты 2018 жылы 1 млрд 379,6 млн АҚШ долларын құрады. Ал 2019 жылғы қаңтар-ақпанда бұл көрсеткіш 228,8 млн долларға жетті. Бұл өткен кезеңнен 27%-ға жоғары. Жеңіл өнеркәсіптің барлық ішкі салаларында импорттың өсуі байқалады.

Импорт ағынының ұлғаюына Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің импортқа тәуелділігі себеп. Дайын өнім өндіру үшін импорттық шикізат сатып алынады. Сондай-ақ қазақстандық тұтынушылар шетелдерден әкелінген тауарларды артық деп санайды. Оларды отандық өндірісті, әсіресе оның қымбат өнімін қолдауға көндіре алмайсың.


Дереккөз: ҚР ҰЭМ СК


Қытай мен Үндістан – киім нарығының драйвері

Marketline зерттеулеріне сәйкес, 2020 жылы тоқыма өнеркәсібінің әлемдік тұтыну нарығы 842,6 млрд долларды құрайды. Дамыған елдердің өсу қарқыны баяулайды, ал Қытай немесе Үндістан бұл салада негізгі өсу драйверлері болмақшы.

2025 жылға қарай бұл мемлекеттердің киім нарығының көлемі 740 миллиард АҚШ долларына жетеді. Ал АҚШ пен Еуропа нарығының жиынтық көлемі 725 миллиард долларды құрайды деп бағаланып отыр.

Өңдеу қызметі Қытайдан Бангладеш пен Вьетнамға ішінара ауысады дейді зерттеушілер.

ЕАЭО елдері жеңіл өнеркәсіптегі шикізат тапшылығын шешу үшін бірлескен бағдарлама әзірлеуді жоспарлап отыр. Ол үшін:

  • Бәсекеге қабілетті шикізат түрлерін анықтау;
  • Өндіріс пен тұтыну теңгерімінің болжамын қалыптастыру;
  • Саланың бүкіл шикізат сұранысын қамтамасыз ету үшін көпжақты бағдарлама әзірлеу ұсынылып отыр.

Отандық кәсіпорындар статистикасы

ҚР ҰЭМ СК мәліметінше, 2019 жылғы 1 наурызда жұмыс істеп тұрған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының саны 1 000 болды. Ондағы негізгі үлесті (61% немесе 608 кәсіпорын) тігін кәсіпорындары алады. Өйткені тігін цехын ашуға тоқыма және былғары етік цехын құрудан әлдеқайда аз инвестиция қажет.

Тоқыма бұйымдарын өндірушілер – 289 кәсіпорын, былғары өнімін өндірушілер – 103 кәсіпорын.

Экспорт негізінен құны төмен шикізат тауарларынан, ал импорт қосылған құны жоғары дайын өнімдерден құралады. Импорт экспорттан мүлдем басым.

Отандық өндірістің осал тұстары

Айта кетейік, тігін өндірістері мен шағын цехтардың 80 пайызы жұмыс киімдерін тігумен айналысады.

"Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы" АҚ сарапшылары әзірлеген талдамалық есепке сәйкес, нарықтың контрафакт әрі сапасыз өнімдермен толуы халықтың қауіпсіздік деңгейіне де, жалпы жеңіл өнеркәсіп саласының дамуына да теріс ықпалын тигізді.

  • Шетелдерден әкелінетін импорттық өнімдер нөпірі отандық тауар өндірушілерді тығырыққа тіреді. Тігін өнеркәсібі Қазақстанда мүлде өндірілмейтін импорттық маталарды, иірімжіпті, фурнитураны пайдалануға мәжбүр. Өңдеуші кәсіпорындарды отандық шикізатпен қамтамасыз ететін дайындау орталықтары жоқ.
  • Ең өзекті бір фактор – жоғары салық жүктемесі. Кедендік баждарды, ҚҚС-ты, басқа да алымдарды төлей отырып, өндірістік шикізатты инвойстар бойынша декларациялау қажет. Бұл өнімнің өзіндік құнын біршама өсіріп жібереді.
  • Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының менеджменті әлсіз, маркетинг деңгейі төмен. Еліміздегі бар санаулы брендтерді жұрт танымайды. Бұл жарнаманың жоқтығына, сауда нүктелеріндегі әлсіздікке, халықтың жергілікті өнімге деген сенімсіздігіне байланысты.
  • Отандық өндірушілер халықаралық стандарттарға, техникалық регламенттерге сай келмейтін ескірген және табысы төмен тауарлар шығарады. Мұндай өнім халықтың сұранысына сай келмейді. Ал сән индустриясы тек қымбат сегментке бағытталған.
  • Технология жағынан артта қалу, жабдықтардың тозуы (40-50%) байқалады.
  • Тек мемлекеттік тапсырысқа үміт артады. Саланың инвестициялық тартымдылығы төмен. Бұл бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік бермейді.

Осы факторлардың бәрі саланы жаңғыртуға және серпінді инновациялық, инвестициялық жобаларды енгізуге кедергі келтіріп отыр.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары