Тікелей эфир

Ұсынылған заң жобасы кәсіпкерлердің қаржылық құпиялығына қатер төндіруі мүмкін

Сурет zn.ua сайтынан алынды
Сурет zn.ua сайтынан алынды
Мәжілістің экономикалық жұмыс тобы Қаржы министрлігі мен ҰҚК әзірлеген қылмыстық жолмен келген кіріс, терроризмді қаржыландыруға қатысты заң жобасын талқылады.

Заң жобасын таныстырған ҚР Қаржы вице-министрі Қанат Баеділов оның халықаралық стандартқа сай ұлттық жүйені жетілдіру және түрлі террористік топтардың құрығына оңай түсіп қалатын азаматтардың қорғалуын іске асыру мақсатында дайындап жатқандарын жетікізді.

Жобада қаржылық бақылау жасалатын тұлғалардың тізімін кеңейту көзделген. Енді қылмыстық жолмен келген кіріс пен терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға (ЖҚҚТҚ) қатысты бақылау күшейеді. Арнайы тізім жасалып, кәсіпкерлерге жаңа міндет жүктелмек.

Шектеу қойылатындар тізімге кім енеді?

Өкілетті органға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 214 және 463 баптарына сәйкес қаржы мониторинг субъектілерінің тізімін кеңейтіп, хаттама жасау құқы берілмек. Онда бақылауға болатын тұлғалардың тізіміне:

  • Заң мәселелері бойынша тәуелсіз мамандар;
  • Лизинг беруші ретінде лицензиясыз лизингтік қызмет көрсеткен тұлғалар;
  • Делдалдар;
  • Бағалы тастар сататын дилерлер;
  • Бұхгалтерлік ұйымдар мен кәсіптік бухгалтерлер кіреді.

Қайырымдылық ұйымдары мен басқа да коммерциялық емес ұйымдар мынаған міндеттеледі:

  • Үшінші тараптың немесе бақылау ұйымдарының өтініші бойынша қаржылық операцияларға қатысты мәліметтерді Қаржы мониторинг комитетіне жіберу;
  • Мониторинг жүргізу кезінде қаржылық ақпараттармен қамтуға және қаржылық операциялар мен құрылтайшылар туралы ақпаратты кемінде бес жыл сақтауға;
  • Коммерциялық емес ұйымдарды террористік қызметті қаржыландыруда пайдаланғаны туралы күдік болған жағдайда Қаржы мониторингі комитетіне сұраған ақпаратты жіберуге міндетті болады.

Аталған Заң жобасында:

  • Жаппай қырып-жоятын қаруды таратуды қаржыландыруға (ЖҚҚТҚ) қатысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізімін жасау бойынша қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның құзыретін белгілеу;
  • Осы тізімге қатысты шараларды қабылдау үшін тиісті мемлекеттік органдарға ақпарат жіберу;
  • Экспорттық бақылау аясындағы құжаттар мен ақпаратты қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органның кедергісіз алуын кепілдендіру;
  • Осы тізімге енгізілген тұлғалардың мемлекеттік шекараны кесіп өтуі туралы ақпаратты Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің комитеттеріне жіберу көзделген.

БҰҰ-мен бірлесе отырып:

  • Терроризмді қаржыландыруға қатысы бар ұйымдар мен тұлғалардың тізімін жасап, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құзіретті мекемелерімен мәліметтер алмасуды реттеу;
  • Аталған тізімдегі тұлғалардың теңіз және әуе қатынас құралдаын пайдалануын шектеу мүмкіндігіне ие болу;
  • Тізімдегі тұлғалардың отбасы мүшелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін, қосымша мүмкіндіктер беруге қатысты қызметтерді кеңейту көзделген.

Митингіге шыққандарды қаржыландыруға да тосқауыл керек

Бұл туралы талқы кезінде Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаев:

– Көшеге шығып жүргендерді қалай қаржыландырып жатқанын жақсы білеміз. Сырттан. QIWI дегендей. Бұлар мониторингке кіре ме? Мына өзгерістер соны тоқтата ма, жоқ па?

Өйткені, көшеге шықсаң да, террорлық акт жасасаң да бірдей. Себебі, екеуін де қаржыландырады. Бұл – микроқаржы. Ол сіздердің мониторинг жасайтын сома көлеміне кірмейді. Бірақ оны 100 адамға таратқанда қомақты ақша. Ал енді осы мәселенің алдын алатын қандай шара жасалып жатыр? Не шешілді, не көзделді?

Бұл да террозимге қатысты дүние. Себебі, қоғамдық тәртіпті бұзып отыр. Тіпті, терроризмнен де күрделі мәселе. Мемлекеттің ішкі қалыптасу жағдайын бұзып отыр. Сондықтан бұған да көңіл бөлу керек, – деді.

Омархан Өксікбаев бұл жерде әкімшілік жазамен шектемей, қажет болса қылмыстық іс қозғауды ұсынды.

"Ұлттық қауіпсіздік комитеті араласпауы керек"

Омархан Өксікбаев олардың қаржылық бақылаумен айналысқанына қарсы екенін, бұл істі экономикалық мәселені реттейтін орган өз мойнына алғаны дұрыс екенін ескертті.

– Олар терроризмнің мәселесін жүргізе берсін. Қауіпсіздік комитетіне берсек, қаржылық құпиялығына қауіп төнген бизнес өкілдерінің бәрі үркеді. Мүмкін қатысы жоқ дүние де болуы мүмкін. Бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитеті болмайтын жерден ұстап алып, бизнес субъектілерін үркітіп тастайды. Сондықтан оларға беруге болмайды, – деді депутат.

Вице-министр Қанат Баеділов шетелден қаржы әкеліп қолма қол тарата алмайтынын, шегардан өткен қаржыны бақылап отырғандарын жеткізді. Тіптен, Швейцария қатарлы елдермен бірлесіп жұмыс істеу тәжірибелері де бар екенін айтты. Бұл мәселені де заңға енгізбек.

Дегенмен ҰҚК қаржылық монитрингке қатысуы мүмкін. Бұл туралы отырыс кезінде ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Терроризмге қарсы орталық Штабы бастығының орынбасары Герман Диденко хабарлады. Оның айтуынша террористік шабуылға ұшырау қаупі бар және қорғануға әлсіз объектілердің тізімін жасау керек. Сонымен бірге, оларға терроризмнен қорғанудың арнаулы сақтық шараларын (мысалы, бақылау камераларын орнату, радикалды ағымдардан сақтандыру) міндеттеуді көздеп отыр.

Заң нормасы шағын кәсіпкерлікке кедергі келтірмеуі керек

Мәжіліс депутаты Азат Перуашев есепшілер мен делдалдарды да тексеру тізіміне енгізу – тым артық екенін ескертті.

– Шағын кәсіпкерлер көп жағдайда арнайы есепші, заңгер ұстамайды не қызмет көрсететін компанияларды пайдаланады. Егер есеп беруге қатысты тәртіптерді қатайтса көптеген жұмыс беруші кәсіпкерлердің ісі тығырыққа тіреледі. Сондықтан бұл мәселені қайта қарау керек, – деді ол.

Депутаттар жиналыс соңында таласты мәселелерге тұшымды жауап дайындап, механизімдік өзгерістерді толықтырып, келесі отырыста қайта қарайтын болып келісті.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары