Тікелей эфир

Судьяларға жаңа құзырет беру ұсынылды

Жоғарғы сот Азаматтық процестік кодекске бірқатар өзгерістер мен толықтырулар ұсынды.

Парламент Мәжілісінде "Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын енгізу, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы таныстырылды.

Жаңа заң жобасы қолданыстағы заңды жетілдіруді, соның ішінде судьялардың және сот ісіне басқа да қатысушылар жұмысының заманауи форматын енгізу; азаматтық процестерді оңтайландыру; сот ісін жүргізуді оңтайландыруды мақсат етеді. Бұл тұрғыда судьяның процестегі рөлін түбегейлі өзгерту ұсынылды.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденовтің айтуынша, қазіргі кезде судья тараптардың ұстанымдарына, ұсынылған дәлелдемелеріне тәуелді.

"Судьялар бейтараптықты сылтаулатын қаралып отырған істе шындықты анықтаудан қашады. Салдарынан сот жүйесіне, сот төрелігіне, мемлекетке деген сенім жоғалады", – дейді Мейрамбек Таймерденов.

Жаңа заң жобасында судьяға тараптармен істің мән-жайын талқылау және ресми өкіл – адвокат тағайындау құзыретін беру қарастыралған.

"Істі толық және уақытылы қарау үшін судьяға тараптар дәлелдемелерінің негізділігін және олар ұсынған дәлелдемелердің дұрыстығын тексеру бойынша шаралар қабылдау, тараптармен істің мән-жайын талқылау, тараптардың құқықтық ұстанымдары мен дәлелдемелерін нақтылау, дәлелдемелерді уақытылы және толы жинауға, оларды зерттеуге ықпал ету, сот тапсырмаларын беру, заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етумен байланысты шығыстарды өтеуден босату, істердің жекелеген санаттары бойынша ресми өкіл – адвокатты тағайындау құқығы беріледі", – деді Мейрамбек Таймерденов.

Екіншіден, Жоғарғы сот өкілі қолданыстағы заңнамадағы азаматтық процесті оңтайландыруды ұсынады. Нақтырақ айтар болсақ, жаңа заң жобасында тараптар сот отырысына қатысқысы келмесе және сот төрелігінің мүддесі болмаса, тараптарды шақыру міндеттелмейді. Мейрамбек Таймерденовтың айтуынша, көптеген дамыған елдерде сот отырысына қатысудың орнына тараптар жазбаша түсініктеме немесе айыптау бере алады.

Сонымен қатар жеңілдетілген істердің шегін көбейту ұсынылды. Жаңа заң жобасы бойынша жеке тұлғалар үшін шекті сома 200 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін, заңды тұлғалар үшін 700 АЕК-тен 2000 АЕК-ке көтеру қарастырылған.

АЕК – айлық есептік көрсеткіш. 2019 жылғы бір айлық есептік көрсеткіш – 2525 теңге.

Үшіншіден, сот ісін жүргізуді цифрландыру жағы да жаңа заң жобасында қамтылып отыр. Осы орайда Жоғарғы сот тараптарды шақырусыз қаралатын бұйрықтық және жеңілдетілген іс жүргізуді электронды форматқа ауыстыруды ұсынады. Дегенмен, тараптардың өтініші болса, дәстүрлі қағаз формат та сақталмақ.

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда Қазақстан Дүниежүзілік банктің бизнесті жүргізу рейтингіне сот төрелігі көрсеткіші бойынша 190 елдің арасында 4-орында.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары