Тікелей эфир

Силиконды алқапта бағдарламалау тілін тегін оқып, 1 жылда Google компаниясына жұмысқа тұруға болады

Фото Талғат Әбдірахмановтыкі
Фото Талғат Әбдірахмановтыкі
Informburo.kz тілшісі "Болашақтың мектебі" аталып кеткен 42 Silicon Valley оқу орнындағы қазақ студенттерімен сұқбат құрды.

42 Silicon Valley, ол – қандай мектеп?

Бірде бір профессоры не оқытушысы жоқ, лекция оқылмайтын оқу орнын ойша елестетіп көріңізші. Тіпті біліміңізді зерделейтін семинар да ұйымдастырылмайды. Одан қалды, тәуліктің кез келген уақытында келіп, қалағаныңша білім ала алуға болады. Сізге бағыт беретін куратор да, үйренгеніңізді бағалайтын мұғалім де жоқ. Аптасына бір рет емтихан өтеді. Бірақ ол да бағаланбайды. Бұл мектептің өзіндік оқу әдісі бар. Сол себепті де ол – "Болашақтың мектебі" аталып кеткен.

42 – мектепті осыдан 4 жыл бұрын француз миллиардері Ксавьер Ниль ашқан. Мектеп алдымен Францияның Париж қаласында, сосын АҚШ-тың Калифорния штатындағы Силиконды алқапта тағы бір кампусы ашылды.


Ксавьер Ниль Париждегі 42 мектеп атқарушы әкімшілігімен бірге

Ксавьер Ниль Париждегі 42 – мектеп атқарушы әкімшілігімен бірге / Фото france24.com сайтынан алынды


Француз миллиардері адам баласының дамуындағы IT секторының рөлінің ұлан ғайыр екенін түсінген соң, үйренгісі келетін, бірақ қаражаты жеткіліксіз барлық адамға бағдарламалауды үйреткісі келген.

"Zero Tuition, Zero Teachers, Zero Classes, 100% Coding"

XXI ғасырды кодинг (coding – код жазу, бағдарламалау) дәуірі деп бекер айтпаған. АҚШ-тың Сан-Франциско қаласының маңындағы Силиконды алқапта әлемнің ең үздік бағдарламашылары мен IT инженерлердің шоғырланғаны белгілі. Ал IT саласының маманы үшін бұл – мүмкіндіктер мен жаңа бастамалардың ортасы. Сол себепті де тек бағдарламалау тілін үйрететін 42 – мектеп те дәл осы жерде ашылған.

Мектепте оқу толығымен тегін. Сонымен қатар, жатақхана да тегін беріледі. Коммерциялық мақсат көзделмеген.Студенттерге еш талап қойылмайды. Алдымен бір айлық оқу курсынан өтіп, сосын 1-3 жыл бағдарламалау тілін толығымен тегін үйрену мүмкіндігі қарастырылған.

42 Silicon Valley мектебінің атқарушы директоры Бриттани Бирдің айтуынша, мектеп инновациялық идеяларды жүзеге асыратын дербес бағдарламашыларды дайындайды. Мектеп тарихында стандартсыз оқыту курстарының ең жоғарғы 21 деңгейіне тек бір ғана адам жетіпті. Әрине, талапты студенттер көп. Бірақ олардың басым бөлігі 6-7 деңгейге жеткенде Apple немесе Google ұсынған жоғары жалақыға қызығып, оқудан шығып кетеді екен.

Қазіргі таңда, аталмыш инновациялық мектепте 10 қазақ студенті білім алып жатыр. Informburo.kz тілшісі олардың бесеуімен байланысқа шығып, оқудағы үдерістері мен Силиконда алқаптағы өзге де қызықтар жайлы анықтап білді.

Талғат, 32 жаста.
Туған қаласы: Қарағанды
Мамандығы: Аудармашы


Талғат 42 мектеп зертханасында

Талғат 42 – мектептің зертханасында / Фото Талғаттың жеке мұрағатынан


– Оқу жайлы алғаш рет Нью-Йорктағы досымнан естідім. 3 жылға дейін созылатын толық бағдарламалау курсына қабылдану үшін алдымен 30 күндік интенсивті курстан өту керек. Ол Piscine деп аталады. Осы бағдарламаның сәуір айындағы тобына түскен 300 студенттің бірімін. Осыған дейін бағдарламашы достарым мектеп кезінде код жазуды үйренбеген адамға IT саласын игеру мүмкін емес дейтін. Бірақ мен үш апта бұрын ешнәрсе білмейтін едім. Қазір қарапайым командаларды жаза аламын.

42 – мектебінің оқу бағдарламасы айтарлықтай қиын. Сәуірдің басында 300 студент едік, екі аптадан кейін 110 қалдық. Оларды ешкім оқудан шығарып жіберген жоқ. Өз еріктерімен кетті. Ал мен соңына дейін барғым келеді. Егер мен іріктеуден өтпей қалсам, қайтадан тапсырамын. Мектеп жетекшілігі Piscine курсын жылына 5 рет ұйымдастырады.

Таңғы сағат 8:42-де сіздің мектеп платформасындағы аккаунтыңызға Day 1 деген нұсқаулықпен тапсырмалар реті түседі. Күрделілігіне қарай олардың саны 4-тен 22-ге дейін барады. Ал бір тәуліктен кейін Day 1 тапсырмасы жойылып, Day 2 ашылады. Бір тәулікте тапсырмаларды орындап үлгеруге тырысу керек. Сізге ешкім бағыт-бағдар бермейді. Дәл осылай 30 күн бойы демалыссыз ізденесіз. Әр жұма сайын емтихан тапсырасыз. Тек қасыңыздағы өзіңіз сияқты бағдарламалау тілін біле бермейтін студенттерден сұрай аласыз. Ал қалғанын Google-дан сұрайсыз.

Студенттерді іріктеу әдісі ешкімге белгісіз. Мысалы, тапсырмалардың 90 пайызын жасап үлгеретін студенттердің өздерінің Piscine іріктеуінен өтпей қалған кездері болған екен. Ал емтихандардан сүрініп, жақсы нәтиже көрсете алмаған студенттер кейде өтіп кетеді-мыс. Талап етілетін нақты критерийлер жоқ.

Қазір бізбен бірге оқып жатқан студенттердің арасында еуропалықтар көп. Әсіресе, француздар. Мектептің алғашқы оқу ғимараты Парижде ашылғандықтан француздар көп болса керек. Ал олардың 40 пайызы – орыс тілді студенттер, яғни пост-кеңестік елдерден келгендер.

Мен әртүрлі салада еңбек етіп көрдім. Маған баяғыдан бағдарламалау қызық болды. Бірақ мен жаратылыстану ғылымынан алыстау болғандығым үшін код жазуға нақты қадам жасай алмай жүрген едім. Бір жағынан, қазіргі таңда бағдарламашылардың еңбегі жоғары бағаланады. IT саласында жұмыс істеп, жақсы ақша табасың.

Іріктеуден өтсем, ары қарай оқуды жалғастырып, 6-12 ай аралығында IT саласындағы алып компанияларына барып, тәжірибеден өтуге талпынамын. Әдетте тәжірибеден өтетін студенттер кейіннен жұмысқа қабылданады. 42 – мектептің көптеген студенттері бүгінде Apple, Facebook, Twitter, Google, Oracle компанияларында жұмыс істеп жатыр екен.

Айдана, 26 жаста
Туған қаласы: Шымкент
Мамандығы: Математика, Жобаларды басқару


Айдана 42 мектептің білім беру әдісі өте тиімді екенін айтады

Айдана 42 – мектептің білім беру әдісі өте тиімді екенін айтады / Фото Айдананың жеке мұрағатынан


– Мен Назарбаев университетінде "Математика" мамандығы бойынша бакалавр деңгейін алдым. Ал магистратураны "Жобаларды басқару" саласы бойынша Мәскеуде оқыдым. Қазіргі таңда Атырау қаласындағы Теңіз мұнай кен орнында канадалық компанияда жұмыс істеймін. Вахталық жұмыс болғандықтан, арасында қосымша демалыс алып, Силиконды алқапқа оқуға келдім.

Мен алғашында математиканы оқыдым. Сосын менеджментке ауыстым. Бірақ көптен бері IT саласында өзімді сынап көргім келетін. Себебі менің математикадағы қабілетімнің пайдасы тиері анық.

Осыған дейін де достарым бағдарламалауды интернет арқылы үйрене беруге болатынын да айтатын. Расында код жазуды тек интернеттің көмегімен үйренуге болады. Оған тек құлшыныс пен талап керек. Ал мына мектепте интернет арқылы код жазуды үйренуден бөлек, өзіңіз қатарлы жастардан көмек сұрап немесе өзіңіз көмектесіп, бірге жұмыс істеуге үйренесіз.

Менің ойымша, бір айлық курс қысқа уақытта бағдарламалауды үйретуден бөлек, топтық жұмыстар мен коммуникациялық мүмкіндіктерді жетілдіруге де бағытталған. Ал тапсырмалардың күрделілігін ескерсек, бір семестрдің оқу бағдарламасын бір айға жоспарлап қойғандай.

Назарбаев университетінде бір семестр компьютер ғылымы дәрісін алғанмын. Ол кезде және Java script тілдерін үйреніп едік. Бірақ одан кейін код жазуға мән бермей, білгенімді ұмытып қалған едім. Ал мұнда шынымен қысқа уақытта код жазуды үйрене алатыныма көзім жетті.

Менің білуімше, бір айлық интенсивті курс аяқталғаннан кейін екі апта төңірегінде оқуды жалғастыру туралы ұсыныс келеді немесе іріктеуден өтпей қалғаныңыз хабарланады. Егер іріктеуден өтсем, ары қарай оқимын ба, әлі толық шешкен жоқпын. Әзірге оны нақты айта алмаймын. Бірақ оқу бағдарламасы өте тартымды. Әрине, оқығым келеді. Бірақ мұнда барлық факторларды қарап, салыстыра отырып, шешім қабылдау керек, – дейді.

Фариза, 28 жаста
Туған қаласы: Алматы
Мамандығы: Психология


Фариза Google компаниясында жұмыс істеуді армандайды

Фариза Google компаниясында жұмыс істесем деп армандайды / Фото Фаризаның жеке мұрағатынан


– Мен баяғыдан Google корпорациясында жұмыс істегім келген. Алыстағы арманымды нақты мақсатқа айналдыру дерлік мүмкін еместей көретінмын. Себебі бағдарламалау курсының оқу ақысы салыстырмалы түрде қымбат. Ал 42 – мектепте қысқа уақытта көп жетістікке жетуге болады. Сосын оқу толығымен тегін.

Сан-Францискоға келгенде оқудан кешкі уақытта шығып, қалада серуендеймін деп жоспарлаған едім. Бірақ оқудың стандартты емес әдістері мен методикасын білген соң, бәрін қойдым. Тәулігіне 15-16 сағаттан монитордың алдында отырамын. Білімім техникалық болмағандықтан тапсырмаларды орындауға көп уақыт жұмсаймын. Алғашқы күндердің бірінде таңнан кешке дейін бір тапсырманы орындап үлгермей, келгеніме өкіне бастап едім. Қазір Си тіліндегі командаларды ойланбай жаза аламын. Өмірімде осылай код жазуды үйренемін деп ойламаған едім. Кез келген адамның бағдарламашы бола алатынына енді көзім жетті.

Мектепте әр жұма сайын емтихан тапсыру керек. Алғашқы емтиханнан өте алмадым. Бірақ екінші аптаның емтиханын толық болмаса да орындадым. Еңбегімнің аз да болса нәтижесі көріне бастағанда, бір айда осынша білімді игеруге болатынына көзім жетті. Бүгінге дейінгі өміріме қарасам, бірталай нәрсені үйреніп алуға мүмкіндігім болған, бірақ босқа өткізгенімді түсіндім.

Аптасына бір рет бізде топтық жұмыс болады. Компьютер студенттерді топқа бөліп, үш адамға бір тапсырма береді. Біз оны біріге отырып, шешеміз. Ал кешкі уақытта студенттер бір бірінің тапсырмаларын тексереді. Бұл да – студенттердің қарым-қатынасы мен өзара байланысын жақсартуға бағытталған әдіс екен. Маған өте ұнайды.

Мектепге дейін компьютерге қарағанда смартфонды жиі қолданатын едім. Ал қазір смартфон өз алдына қалды. Тіпті әлеуметтік желілерге де кіруді қойдым. Себебі мүлде уақыт жоқ. Тәулігіне 16 сағат Google көмек сұрап, білім аламыз. Жатақханаға тек ұйықтауға және тамақтануға барамыз.

Енді тағы 10 күнде оқу аяқталады. Егер іріктеуден өтсем, оқуды міндетті түрде жалғастырамын. Тәулігіне 10-16 сағат тапжылмай оқу арқылы сіз 4 жылдық бакалавр білімін 1 жылда игере аласыз. Мектепте бір жыл оқыған студенттердің алып корпорациялардан ұсыныс алуы соны дәлелдейді.

Мақсұт, 23 жаста
Туған қаласы: Астана
Мамандығы: Заңгер


Мақсұт код жазу өзі ойлағаннан оңай екенін айтады

Мақсұт код жазудың өзі ойлағаннан оңай екенін айтады / Фото Мақсұттың жеке мұрағатынан


– Мен АҚШ-қа 2017 жылы грин карта лотереясы арқылы келдім. Жаңа құрлыққа келгелі Лос-Анджелес қаласында тұрамын. АҚШ – мүмкіндіктер елі және мұнда жоғары білімсіз жетістікке жетуге болады. Сонда да білімді жетілдіру – менің басты мақсатым. Сол себепті де осы 42 – мектептің Piscine бағдарламасына келдім.

Астанада заңгер мамандығына оқыдым. Бірақ Қазақстандағы юриспруденция АҚШ-тың заң жүйесіне сай келе қоймайтындығынан бұны қойдым. Ал өзімді жаңа салада сынап көру үшін ғана бағдарламалауға келдім. Әзірге бағдарламашы боламын деп мақсат қойған жоқпын. Бірақ мен кез келген мүмкіндікті пайдаланып қалғым келеді.

42 – мектепте ешкім саған ешнәрсені түсіндірмейді де, үйретпейді де. Біз ғана дайынға баруға үйреніп қалған екенбіз. Мұнда стандартты білім беретін мұғалімдердің сабақтары мен профессорлардың лекциялары деген атымен жоқ. Мұнда сұрақты дұрыс қойып, нақты жауапты тез табуға өзің үйренесің.

Мәселен, сізге тапсырма беріледі. Сіз оның құрылымын немесе алгоритмін білмейсіз. Интернет арқылы іздеп, тапсырманы орындау керек. Осындайда Google – сіздің ең жақын досыңызға айналады.

Қазіргі таңда барлық индустрия бағдарламалау тілімен тікелей байланысты. Толыққанды бағдарламашы бола қоймасаң да, 42 – мектептен алған біліміңнің болашақта қажетіңе жарары анық. Одан бөлек, мектептегі оқу барысында әртүрлі адамдармен танысып, көптеген достар арттырдым.

Самал, 28 жаста
Туған жері: Шығыс Қазақстан облысы
Мамандығы: Ақпараттық жүйелер


Самал бағдарламашы болуды мақсат еткен

Самал бағдарламашы болам деп алдына мақсат қойған / Фото Самалдың жеке мұрағатынан


– Алматыдағы Қазақ Ұлттық Университетінде "Ақпарат жүйелер" мамандығын тәмамдасам да, мұндағы оқу мен үшін қиынға соғып жатыр. Расында, Қазақстанда алған білім мұндағымен салыстыруға жарамайды. Мұнда теориялық емес, практикалық тапсырмалар. Нақтырақ айтсам, мұнда IT индустриясындағы әртүрлі компаниялардың бағдарламашылары орындайтын тапсырмалар беріледі. Оларды шешуді үйренсеңіз, сізді жарқын болашақ күтіп тұр.

АҚШ-қа келгені IT курстарын қарастырып жүрген болатынмын. 42 – мектеп туралы WhatsApp мессенджерінде тараған ақпарат арқылы білдім. Бір апта көлемінде курс жайлы толық ақпарат алып, өтініш жібердім. Қазір сол шешіміме өкінбеймін.

Мұнда Piscine студенттері мен толық курсқа өткен кадеттер (cadette – білімгер) бөлек зертханаларда оқиды. Олармен жиі араласпауға тырысамыз. Егер мектеп әкімшілігі сіздің бір айлық курстан өткен кадеттерден көмек сұрағаныңызды білсе, оқудан шеттетуі мүмкін.

Оқу ғимараттары мен жатақхананың өз ережелері бар. Оларға бағынуға міндетті. Мысалы, зертханаға су немесе кофе сияқты ішімдіктің кез келген түрін алып кіруге рұқсат жоқ. Егер екі рет ескерту алсаңыз, зертханадан 4 сағатқа шеттетілесіз. Бұл сіздің тапсырмаларды орындауыңызға кедергі болады, әрине.

42 Silicon Valley мектебінде студенттерге барлық жағдай жасалған. Тіпті біздің зертхананың жанында спорт залы бар. Иогамен айналысатын бөлмелер де қарастырылған. Одан бөлек, 1-2 сағат ұйықтап алуға арналған бөлмелер де бар. Ал мектеп тәулігіне 24 сағат ашық тұрады. Қалаған уақытыңызда келіп, оқуыңызды жалғастыра бересіз.

Сосын ағылшын тілін академиялық деңгейде білу маңызды. Себебі тапсырмалар ағылшын тілінде әрі тапсырма жауабын да ағылшынша іздейсіз. Мысалы, мен орысша іздеп көрдім. Қанағаттанарлық ресурс табылмады.

42 Silicon Valley мектебі бір айлық курсқа студенттерді жылына 5 рет қабылдайды. Өтінішті мектептің ресми сайты (42.us.org) арқылы беруге болады. Келесі Piscine курсы тамыз айына жоспарланған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары