Қазақстан мен Моңғолияның ортақ шекарасы жоқ. Екі елдің шекарасын байланыстыратын төте жолдың қашықтығы небары 57 шақырым. Бірақ ол – жабық. Сол жерден төте автокөлік жолын салу мәселесі 1992 жылы көтерілгенімен, әлі іске асқан жоқ. Қандастарымыз ата жұртқа 1500 шақырымды айналып, Ресей арқылы жетуге мәжбүр.
Жарты сағаттық жолдың жабылғанына 25 жыл
Кеңес үкіметі кезінде Моңғолиядан Шығыс Қазақстанға ірі қара мал айдап әкелетін төте жол болған. Ол қазіргі Ресей Федерациясының Алтай Республикасы арқылы өтетін. 1994 жылы бұл жер, Укөк үстірті "тыныштық аймағы" болып жарияланып, 1998 жылы ЮНЕСКО тізіміне енеді. Осылай себепке сылтау табылып, жол жабылды.
Елбасы жолды ашамыз деген
Бұл мәселені алғаш рет Елбасының алдында сол кездегі Баян-Өлгий әкімі Мизамхан Күнтуғанұлы мен Үзбен Құрманбайұлы талқыға салған болатын.
Үзбен аға – Бай өлке қазақтарын ата жұртпен байланыстырып, екі елдің арасын жақын қыламын деп шыр-пыр болып жүрген жандардың бірі. 1990 жылы Алматыдан Баян-Өлгейге алғашқы ұшақ та осы кісінің мұрындық болуымен ұшқан еді. Алматы арқылы телефон, телеграф халықаралық қатынасын ашып, "Қазақстан" ұлттық арнасын Бай Өлкедегі қандастардың назарына ұсынуға да ықпалын тигізді.
Содан бері шет ел қазақтарын қазақ еліне жақындатуға, Қазақ елін алыс-жақынға насихаттап, көптеген істер атқарып келеді.
Үзбен ағаның айтуынша, Елбасының Ұлан баторға алғаш келген сапарында жергілікті қазақтармен кездескенде төте жол мәселесі сөз болған. Сол кезде Елбасы "Төте жол мәселесін Нығметжан Есенғаринғе (сол кезде Көлік және коммуникация министрі) тапсырамын" депті.
– Мынаны қандай да бір жолмен аштырудың амалын тап. Жолды салдырып, бәрін дайын ет, Ресей Президентімен өзім келісемін, еркін қатынас орнатамыз, – деген.
Алыс та болса жақын, жақын да болса алыс... Бай өлке
Қашықтығы 55-60 шақырым төте жол жабылғалы бері көшкен ағайын-туыспен араласамын деген моңғолиялық қазақтар жол азабын айтудай-ақ тартып келеді. Жарты сағаттық жолдың бір жарым тәулікке ұзарғанына бақандай 25 жыл.
Ата жұрттағы ағайынға жету үшін Ресейдің 1500 шақырым жерін айналып жүр. Ол да тегіс тас жол болса екен. Қадам басқан сайын жағалы "қарақшыларға" төлейтін сансыз айыппұлы тағы бар. Көбі қашып даланың қиыр жолымен, ауылдардың ішімен кетеді.
Баян-Өлгейден Астанаға осы айналма жолмен шамамен 2 мың шақырымды әсіресе, өлім-жітім болғанда, айналып өту қияметке айналады.
Айналма жолдың айналып өте алмайтын азабы көп
Баян-Өлгей аймағындағы қазақтардың ата жұртқа қатынасы күн өткен сайын қиындап жатыр. Ресейлік шекарашылар ойларына келгенін істейді. Айыппұл – ең азы. Буынып-түйінген жүктен түгелдей айырылатын кездер жиі болады.
Мал өнімдерін өткізу мүлдем тоқтатылған. Мәселен, ет, құрт, жент, ірімшік, сары май дегендерді өздерімен алып жүруден қалғалы қашан. Жол-азыққа алған тамағың болса да қарамайды, тартып алады екен. Сылтаулары – екі елдің ветеринарлық талаптары басқа. Түйе жүнінен тоқылған киім-кешекке де жаудай тиеді. Тіпті бала-шағасына әкеле жатқан бір-екі кеуделік тоқыманың өзін өткізбеуге көшкен.
– Айыппұл салады. Оны төлегенше, ештеңе әкелмеген артық. Айыппұлдары алып келе жатқан затыңнан екі-үш есе қымбат. Оның үстіне заттарыңды да алып қалады. Олармен барып соттасып, қайтарып алудың машақаты көп. Сондықтан қалдырып кете береді. Кейбіреулер бір-екі байлам қазы-қартасын, бір уыс құртын қойны-қонышына тығып өткізіп жатады, бірақ байқап қалса, аямайды, – дейді жол азабынан шаршағандар.
Моңғолия бізге қанша ет бере алады?
Қазақстанға Моңғолияның батысындағы бес аймақтан ет тасымалдауға ыңғайлы. Керісінше, оларға Қазақстаннан бидай мен ұн қажет, – дейді Үзбен Құрманбайұлы.
Моңғолияның жылына 100 мың тонна шикі ет және ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндігі бар. Алайда, соңғы жылдары тек сегіз мың тонна шамасында ет экспортқа шығарылыпты. Бұл мүмкіндіктің 10%-на да жетпейді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде патшалық Ресей өз армиясының етке қажеттілігінің 60%-ын Моңғолиядан әкелінген етпен қамтыса, екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес үкіметіне 500 мың тонна ет жіберген.
1960-1980 жылдар аралығында Кеңес Одағы осы төте жолмен жылына 45 мың тонна ет алып отырған. Осылайша Моңғолияда мал өсімі табиғи тежелген – мал басының жалпы саны 25 миллионнан артпаған. Ал төте жол жабылған 25 жыл ішінде мал басы күрт өсіп, бүгінде 70 миллионға жетіпті.
Мұндағы шекара маңындағы ауылдарда бір қойдың көтерме бағасы сегіз мың теңгеден, ал сиыр – 50 мыңнан аспайды. Жылқы малы тіпті тегін, 80 мыңға таңдағаныңды алуға болады
Ресей өз мүддесін қорғайды
Әр ел бәрінен өз мүддесін жоғары қояды. Ресей үшін бұл жолдың стратегиялық маңызы зор. Олар 1921 жылдан бастап Моңғолиядан шикі етті, малдың терісі мен жүнін алып отыр. Сондықтан болар экономикалық тұрғыдан өзіне тиімсіз екенін ескерген Ресей, 57 шақырым жолдың мәселесін әлі шешкен жоқ.
Ал оның тез шешілуіне біздің шенеуніктер неге құлықсыз? Мәселе сонда.
– Жолды жасап, кеденді ашып, сосын Ресей қарсылық білдірсе әңгіме басқа. Елбасының тапсырма бергеніне де 25 жыл болды. Ара-тұра көтерілгені болмаса, баяғы жартас сол күйінде. Сөз ғана, іс жүзінде атқарылған жұмыс аз, – дейді Үзбен аға.
"Өкінішке орай жобасын жасатып, қаржы бөліп ешкім қолға алмады. Елбасы соны 2-3 рет Ельцинге де айтқан болатын.
"Менің қазақтарым қатынап жүретін жолды ашып бер" деп Ельцинге айттым ғой" деген сөзін естігем. Ельцин қарсылық білдірмеген", – дейді Үзбен аға.
Тіпті 2008 жылы Ресейлік БАҚ-тар "Алтайды, Қазақстан мен Моңғолияны заманауи тас жолы байланыстыратын болады" деп те жарыса жазды.
– Қазақстан және Ресейдің шекаралық аймақтар басшыларының V форумында Ресей президенті Дмитрий Медведев республика аумағында Қазақстан шекарасына дейін жол салуды тапсырды, деген ақпарат тарады. Тек қазақ жұртын елең еткізген жақсы жаңалықтың жалғасы әлі жоқ...
Ал Қазақстанда үш елді тоғыстыратын жолға республикалық дәреже берілмеген
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай:
– Бүгінгі күні жолдың Риддерден шекараға дейінгі қазақстандық бөлігі іске қосылған. Ресей Федерациясының Алтай Республикасы аумағынан өтетін жол учаскесі салынбай отыр.
Соңғы рет бұл мәселе былтыр Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясында қарастырылған. Кездесуде Алтай Республикасымен келіссөз жүргізуді ұсыну туралы Шығыс Қазақстан облысы әкімшілігіне хат жолданған. Өйткені республикалық маңызы бар жол болмағандықтан Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі құзыретінде екен.
Әкімдік "хат жазысып" отыр. Сен келмесең, мен бармаймын...
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі де жол керектігін біледі, үнемі осы сұрақты көтеріп келеді-мыс.
– Жол дайын. 2006 жылы біз апыр-топыр салып тастадық. Ресей ауызша келіскенімен өз тарапынан ештеңе жасаған жоқ. Ал өзге елдің мемлекеттік саясатына кірісе алмаймыз. Былтыр мамыр айында біз оларға хат жолдап шақырған болатынбыз. Бірақ, олар келмеді. Бір-екі күннің ішінде тағы хат дайындап жібереміз, – деп сендірді бізді облыстық автомобиль жолдары басқарма басшысы Мұрат Мұсатаев хабарласқанда.
Өзім дегенде өгіз күшін салуы тиіс адамдардың жауабы осындай.
Баян Өлгейге төте жол салынбауының бізге белгісіз себептері, әрине, көп. Еліміз Еуразиялық одаққа мүше болып енгенде неліктен осы жол мәселесі назардан тыс қалды – ол да белгісіз. Байқоңырды былай қойғанда еліміздің қаншама жерін Ресейдің жалға алып отырғанын ескерсек, олармен саудаласауға негіз бар. Ал қазақстандық мамандардың ел мүддесін қорғауда азусыздық танытып отырғаны анық.
Десек те бұл төте жол мәселесі шешімін таппай, екі ортада сабылған қазақтың азабы азаймайды. Ал Қазақстан арзан мал өнімінен қағылып қала бермек.