Тікелей эфир

Шығысқа бет түзеген көш: жаңа да жайлы қоныс

Баспана, жұмыс және көтерме ақы. Ерікті қоныс аудару бағдарламасының артықшылықтары қандай?

Елімізде аймақтар арасындағы жұмыс күші айырмашылығын азайту мақсатында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ерікті қоныс аудару жобасы жүзеге асуда.

Игілікті іс аясында еңбек қолын жұмыс күші артық өңірлерден тапшы аймақтарға ауыстыру көзделуде. Бұл тұста жобаға қатысушыларға жаңа қоныс жайлы болуы үшін барлық қажетті жағдай жасалады.

Әйгерім Бектаева – бағдарлама көмегімен өмірін оң бағытқа өзгерте білгендердің бірі. Кейіпкеріміз ажырасу сияқты жағымсыз жайтты бастан кешіріп, екі кішкентай баласымен өзінің туған өңірі Жамбыл облысынан Алматыға кетіп қалған. Алайда көп ұзамай алып шаһарда өмір сүру қиынға соғатынын түйсінген. Содан кейін іздене келе, Жұмыспен қамту орталығына жүгінгенде, онда оған ерікті қоныстану бағдарламасына қатысу ұсынылған.

"Маған ұсынылған барлық нұсқаның ішінен Шығыс Қазақстан облысын таңдадым. Баламның аллергиясы бар болғандықтан, осындағы ауа райы қолайлы деп шештім. Сөйтіп биылғы маусым айында Шығыс Қазақстан облысы, Алтай ауданы, Никольск ауылына ат басын тіредік. Бізге бірден баспана берілді және де жергілікті мектепте жұмыс күтіп тұр екен. Химия және биология пәнінің мұғалімі болып істеймін", – дейді Әйгерім өз оқиғасымен бөлісіп.

Әйгерімге, ерікті қоныс аудару бағдарламасы аясында, 291 мың теңгеден астам сома мөлшерінде көші-қон субсидиясы 600 мың теңге көлемінде тұрғын үйді жалға алуға субсидиясы түрінде мемлекеттік қолдау қамтамасыз етілді. Осы ақшаға шағын отбасы екі бөлмелі пәтерге ие болды.

"Ең маңыздысы – ауылда, туған жерімнен алыста болсын менің және балаларымның өз үйіміз бар. Пәтерге көшіп келгенде қуантқаны, өмірге қажеттінің бәрі тұрды. Бұл жақтың адамдары өте жанашыр, мейірбан екен, әрдайым қол ұшын созуға бейім. Ұжымым да тату-тәтті, балаларымды да орналастырдым. Үлкені бастауыш сыныпта оқыса, кенжеміз мектеп жанындағы шағын орталыққа барады. Осылайша өміріме береке кіріп, өзімді бақытты сезіне бастадым", – дейді келіншек.

Көпбалалы ана Анар Жүсіпова да биыл Алматы облысынан Шығыс Қазақстан облысына көшіп келді. Төрт баласы бар отбасыға қызметтік тұрғын үй – Өскемен қаласынан үш бөлмелі жеке үй берілді. Сонымен қатар, мұғалімдік білімі бар бағдарламаға қатысушы, №33 орта мектеп директорының орынбасары қызметіне тағайындалды. Қазір аталмыш мектепке жұмысқа орналасуға күйеуі де құжаттарын дайындау үстінде.


Сурет Анар Юсупованың ілтипатымен

Сурет Анар Жүсіпованың жеке мұрағатынан


"Жалпы, менің күйеуім Шығыс Қазақстан облысынан, мұнда егде жастағы қайыната-анам тұрады. Университетті бітіргеннен соң Алматы облысында 20 жылдан астам уақыт тұрсақ та, ақыры үй ала алмадық. Бұрыннан әке-шешемізге жақынырақ көшуді ойластырып жүрген едік. Содан кейін қоныс аударуға ниеттілерге мемлекеттік қолдау бағдарламасы бар екенін естіп, байқап көруге шешім қабылдадық. Қазір арманымыздың бәрі орындалғандай үй, жұмыс, жақындарымыз қасымызда", – дейді Анар.

ШҚО жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері облысқа 624 адамнан тұратын 246 отбасы қоныс аударған. Олардың 452-сі жұмыс күші артық аймақтардан қоныс аударушылар, 172-сі – оралмандар. Жұмысқа қабілетті қоныс аударушылардың жартысына жуығы, яғни 172 адам жұмыспен қамтылса , кәсіпкерлікпен айналысатын 26 адамның 10-ына бағдарлама шеңберінде бизнес идеяларын жүзеге асыруға грант беріліп, 4-і оқуға жіберілді.

Серіктестер жаңалықтары