Тікелей эфир

Шалғайдағы ауыл балаларына дейін робот құрастыру қызық. Роботты техника мектеп бағдарламасына пән ретінде қашан енгізіледі?

desertrobotics.com сайтынан алынды
desertrobotics.com сайтынан алынды
Бүгін ескі компьютерлердің қалдықтарынан робот құрастырып үйренген оқушылар болашақта жақсы жетістікке жете алады.

Қазір адамдардың өмір сүру жасы біршама өскен. Себебі жаңа инновациялық технологиялардың, яғни белгілі бір алгоритмдік негізде жұмыс істейтін роботтардың көмегімен адамдардың өмірі айтарлықтай жеңілдеген.

Адамды мезі қылып, қажытып жіберетін, күнделікті қайталанатын жұмыстардың дені қазір робот еншісінде. Енді адам өз уақытын маңызды интеллектуалдық деңгейдегі мәселелерді шешуге бағыттай алады.

Қазақстан осы әлемдік үрдістен қалып қоймай ма?

Роботтық техникамен мектеп жасынан таныстыруды жолға қою қандай деңгейде және оның тигізер пайдасы бар ма?

Роботтық техника мектеп бағдарламасына қашан енгізіледі?

– ҚР Білім және ғылым министрлігінің жоспары бойынша, еліміздегі мектеп оқушылары осыдан екі жыл бұрын міндетті деп саналатын пән ретінде робот құрастыруды үйрене бастаулары тиіс болатын. Бірақ ол іске аспай, бүгінге дейін қағаз жүзінде қалып қойды.

Қарағандыда былтыр ұйымдастырылған Roboland халықаралық фестиваліне қатысушылардың дайындығына министр Ерлан Сағадиевтің өзі жоғары баға берген-ді.

Ол роботтық техниканың мектептердегі міндетті пәндер қатарына енгізу мәселесі қаралып жатқанын министрлікте мәлімдеген. Бірақ министрлік тарапынан әзірге нақты қадам жасалмағандықтан, тек өз өтінішін жіберген мектептер ғана инновациялық пәнді енгізді. Және міндетті пән емес, тек факультатив ретінде тіркелген.


Almaty Tech Cup біріншілігіне Қазақстан әртүрлі аймағынан 300-ден астам топ келген

Almaty Tech Cup біріншілігіне Қазақстанның әртүрлі аймағынан 300-ден астам топ келген / Фото informburo.kz


Соның өзінде интернет ресурстарын еркін пайдаланатын балалардың роботтық техникаға деген қызығушылықтары қатты өскен.

Ауылдың қара домалақ балалары робот құрастырып жүр

Осыдан екі апта бұрын, Алматы қаласында роботтық техникадан мектеп оқушылары арасында республикалық біріншілік өтті. Жарыс биыл 5 рет ұйымдастырылып отыр.

Еліміздің әр аймағынан келушілердің санының артқаны көңілге демеу болады. Биыл 800-ден астам оқушы қатысыпты. Солардың арасынан өнерпаз робот құрастырған ауылдың қара домалақ баласы ерекше көзге түсті.

Ол – Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданындағы Подстепное ауылының жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Ғалымжан Сұлтан. Өз қатарластары Темірхан Бақытбек және Оспанов Нұрлыбектермен бірге ән салатын робот құрастырыпты.


Ғалымжан Сұлтан өзі құрастырған өнерпаз роботпен бірге

Ғалымжан Сұлтан өзі құрастырған өнерпаз роботымен / inform.kz сайтынан алынды


Алыстан ат терлетіп келген алтыншы сынып оқушылары роботтың қаңқасына істен шыққан ескі компьютерлердің қалдықтарын пайдаланған. Жалпы оны жасауға үш ай уақыты кетіпті.

– Жарыс уақыты таяп қалғандықтан, біз қимылдататын арнайы сезгіш аппараттарды роботқа қондырып үлгермедік. Сол себепті ән салғыш робот әзірге билей алмайды. Бірақ кейінгі жарыстарға дейін бұл мәселені шешеміз деген үміттеміз, – дейді Ғалымжан Сұлтан.

Жоба жетекшісі Дамир Жұмсантайұлының айтуынша, жаңа ғасырда дүниеге келген жастар компьютерлік бағдарламалау мен роботтық технологияларды дамытуға бейім келеді. Сондықтан олардың қызығушылығын жастайынан қолдап, дамуларына жағдай жасау керек.

QiVita

Әлімжан Кеңесеков пен Асылбек Сакенов – Алматы қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары. Науқасқа диагноз қоятын автономды құрылғыны құрастырған. Әлімжанның бұл жобасы Мәскеуде өткен халықаралық InfoMatrix жарысында үздік деп табылған.

– Бұл аппарат арнайы сезгіш тетіктер орнатылған қолғаптың көмегімен науқасқа екі минутта диагноз қояды. Қан қысымының қалпына қарай, науқасқа каркаде немесе түймедақ шайлары ұсынылады, – дейді Әлімжан.


Almaty Tech Cup жарысына келушілер QiVita жобасымен танысу үстінде

Almaty Tech Cup жарысына келушілер QiVita жобасымен танысу үстінде / Фото informburo.kz


Бұл медициналық құрылғыда гастрит, бронхит, аритмия және панкреатит сынды ауруларға қарсы дәрілер де сақталады. Оларды маман дәрігерлер арнайы дайындаған. Егер науқаста осы ауруларлардың бірі байқалса, шаймен бірге дәрі де ұсынылады. Ал диагноз нәтижесін QiVita мобильді қосымшасы арқылы көруге болады.

– Құрылғы үнемі дәрігердің бақылауында болады. Егер науқастың жағдайы аппараттың диагнозымен сейкес келмесе, дәрігер науқасты өзі тексереді. Бірақ мұндай жағдай өте сирек кездеседі, – дейді жоба авторларының бірі.

Әлімжанның айтуынша, медициналық құрылғының диагноз қою дәлдігі 84 пайызға жеткен. Ал жекелеген тексерісті бір микросхемаға біріктіру арқылы бұл көрсеткішті 99,2 пайызға жеткізуге болады екен.

Асылбек пес Әлімжан өткен айдың соңында өткен Almaty Tech Cup жарысында бірінші орын алып, роботтық техника бойынша бүкіләлемдік олимпиадаға (WRO) жолдама алған. Қазір аталған маңызды жарысқа дайындық қызу жүріп жатыр.

Роботтық техниканы дамытуға не керек?

Қазіргі таңда Қазақстанда роботтық техника саласында еңбек ететін адамдар саны әлдеқайда артқан. Олардың қатарында жас балаларға бағдарламалау мен роботтық техниканы үйрету үшін әлеуметтік жобаларын жүзеге асыра бастағандар да бар. Солардың бірі – Дина Панюкова.

Дина Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде автоматизация және бағдарламалау бойынша бес жылдан бері дәріс береді. Өзі сол жерде докторантурада оқып жүр.

– Еліміздегі білім беру жүйесінің кез келген секторын алып қарасақ та, барлығында оқытушылар белгілі бір стандарт шеңберінен шықпайды. Шығуға тырысса да, жоғарыдан қойылған шектеу үнемі кедергі болады. Ал студенттердің талабын өшірмеу үшін эксперименталды түрде сабақ өту керек. Роботтық техника, кибернетика және бағдарламалау клубын ұйымдастыру идеясы осылай келді, – дейді жас маман.

"Altернатива" клубының құрылғанына бір жыл толмаса да, Дина өзінің сабақ жоспарын, оқу әдістемелерін айтарлықтай дамытып үлгерген. Динаның айтуынша, клуб тәлімгерлері ешқашан қол қусырып отырмайды, олар тек тыңдау үшін келмейді. Үнемі іс-тәжірибе жүзінде жаңа бағдарламалық қамту немесе белгілі бір робот құрылысымен айналысады.

– Бізде сабақтың теориясы мен практикасы ешқашан бөлек өткен емес. Стандартты шектеулері бар оқулықтардан алыспыз, – дейді Дина Панюкова.


Altернатива клубы тәлімгерлері Python бағдарламалау тілін үйрену сәтінен

"Altернатива" клубының тәлімгерлері Python бағдарламалау тілін үйрену сәтінен / Фото informburo.kz


Адамдар жазуды қалай үйренсе, бағдарламалауды да солай білуі тиіс

Бүгінге дейін компьютерлік бағдарламалау тек техникалық бағыттағы салаларда сұраныста болатын. Ал қазір қоғамдық ғылымдарда да бағдарламалау тіліне қажеттілік артып келеді. Мысалы, соңғы 5 жылда үлкен үштікке кіретін McKinsey компаниясы Python бағдарламалау тілін білмейтін 1200 заңгері мен экономисін жұмыстан шығарды. Ал Goldman Sachs және JP Morgan Chase сынды алып қаржы институттары компьютерді тиімді пайдалана алмайтын қаржыгерлерінен арылған. Бүгін үлкен ақпарат қорына анализ жасай алмайтын журналист ертең жұмыссыз қалуы мүмкін.

Дина Панюкованың айтуынша, кез келген жаңа даму дағдысына тез бейімделуі үшін болашақ маманға жастайынан креативті жобалармен айналысу керек.

– Балалардың роботтық техникаға қызығушылығы осы саладағы бизнеске қозғау салды. Бірақ ол жерде әзірге креативтілікке аса назар аударылмай жатыр. Мысалы, оқушыларынан қандай роботты құрастыруды сұраудың орнына, дайын концепция негізінде үйретумен шектеледі. Бұл зауытта біртекті күнделікті жұмыспен айналысатын мамандарды дайындаумен бірдей. Оқушылардың ойлау қабілеті шектеліп, белгілі бір алгоритммен ғана қозғалысқа енетін роботтарға айналады, – дейді Панюкова ханым.

Жалпыұлттық платформа

"Altернатива" клубының құрылтайшысы өзінің оқу әдістемесін кеңінен қолданысқа енгізу мақсатында Дүниежүзілік банкке ұсыныс жіберген екен. Банк тарапынан қолдау таппапты.

Бірақ оған Дина мойымаған. Керісінше, жаңа жолдар тауып, ізденуге тырысып жүр.

– Қазіргі таңда инновациялық технологиялар жылдам даму үстінде. Сондықтан бір жыл түгілі, бір айға тұрақты жоспар құрудың өзі мүмкін емес. Даму алгоритмі қалай өзгерсе, біз де сол бағытқа ауысып, бейімделіп отыруымыз керек. Бір кездері министрлікке де ұсыныс жіберуді ойладық. Бірақ кейіннен ол райымыздан қайттық. Олардың бізден стандартты оқу әдісін талап ететіні белгілі еді, – дейді клуб басшысы.

Әмбебап автономды модуль


Әмбебап автономды жылыжай күн шуықты аймаққа қондырылса, өндіретін энергиясы өзінен артылады

Әмбебап автономды жылыжай күн шуақты аймаққа қондырылса, өндіретін энергиясы өзінен артылады / Фото informburo.kz


Уақыт өте келе күнделікті қайталанып адамды жалықтырар жұмыс түрлерін роботтардың атқаратыны белгілі. Қазір Амазон корпорациясы тауар сақталатын қоймаларда бейімделген роботтарды пайдаланып жүр. Болашақта қарапайым жұмыс түрлерімен адамдар мүлде айналыспайды. Ал автономды тәртіптегі құрылғыларды құрастыруды балалар бүгіннен бастап үйренуі тиіс.

– Өткен айдың соңында робототехника бойынша республикалық масштабта Almaty Tech Cup жарысы өтті. Менің тәлімгерлерім жарыста бірнеше жобаны таныстырды. Солардың бірі – автономды модульдегі жылыжай. Бұл инновациялық жоба су немесе электр энергиясы жоқ аймақтарға арналған. Сонымен қатар, жылыжайды қаланың агро аймағына немесе үйдің шатырына орналастыруға болады, – дейді Дина.

Оның айтуынша, жаңа типтегі жылыжай өзіне қажет энергияны күннен алады. Ал оның ішіндегі булану процесінен көкөністерге қажет су жиналады. Бұл жобаны 11 жастағы Межітова Лейла мен Веретельник Никита есімді оқушылар дайындаған. Өзге де тәлімгерлер жылыжай концепциясын дайындауға көмектескен.

Автономды модульдегі жылыжай жобасы Almaty Tech Cup біріншілігінде ынталандыру сыйлығына ие болған. Енді жоба роботтық техникадан бүкіләлемдік олимпиадаға (WRO) қатысу үшін жетілдіріліп жатыр.

Серіктестер жаңалықтары