Тікелей эфир

"Санаторийде ем алудан бас тартуға мәжбүрміз". Бірінші топ мүгедектері заңға өзгеріс енгізуді талап етті

Мүгедектер оңалту орталықтарына өздерімен бірге жеке көмекші ертіп жүруге және олардың да курортта тегін жүріп-тұруына жағдай жасауды сұрады.

Көзінің көрмеуіне байланысты мүгедек болған Жәнібек Байтоқовтың айтуынша, елімізде бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандар мемлекет тарапынан берілетін тегін оңалтудан айырылып отыр. Өйткені, 2017 жылдан бастап санаторлық-курорттық емге тек өзгенің көмегінсіз жүре алатын, яғни ІІ-ІІІ топ мүгедектері бара алады. Арбаға таңылып, жанарынан айырылған бірінші топтағылар үйлерінде отыруға мәжбүр. Ал мұндай шектеу қойылғанға дейін мерзімсіз жолдама алып үлгерген мүгедектер де оңалту орталықтарының қызметінен қағылуға мәжбүр. Себебі, олардың санаторийге барып-келу ақысын және өзімен бірге алып жүретін жеке көмекшісіне мемлекеттен қаражат қарастырылмаған. 

"Санаторийде мүгедекті алып жүретін мамандар жоқ. Емге және басқа шараларға барарда қиналамыз. Мемлекет бізге оңалтуға жолдама беріп отыр, бірақ сол жолдамадан ерікті түрде бас тартуға мәжбүрлеп отыр. Курортқа өздігіңнен бара алмасаң, жолдамадан бас тарт дейді. Яғни, бірінші топтағылардың барлығы өздігінен жүре алмайтындығынан бас тартуға мәжбүр. Себебі, орталыққа жеке көмекшісіз барса, бөлмесінде отырып не тамаққа, не емге шыға алмай қалады. Ал көмекшіге төлейтін артық ақшасы жоқ. Бұл топтағылардың көбісінің жұмысы жоқ", – деді Жәнібек Байтоқов.

Осылай деп шағымданғандар қазір Мәжілісте талқыланып жатқан "Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" заңға толықтырулар енгізуді сұрап отыр. Олардың талабы:

  • жүріп-тұруы шектеулі топтар үшін санаторлық-курорттық емдеудің қолжетімділігін қамтамасыз ету;
  • санаторлық-курорттық емге жылына бір рет барып-қайту жолына (пойыз, ұшақ, автобус) ақы төлеу;
  • 1-топтағы мүгедекті алып жүретін адамға республикалық бюджеттен санаторийда тұру және тамақтану, сондай-ақ жол жүру ақысын төлеу.

Бұдан бөлек, мүгедектер аталмыш заңға енгізілгелі жатқан өзгеріске қарсылықтарын білдірді. Қазақстанда бірінші топтағы мүгедектерге жеке көмекші беріледі. Олар жалдамалы қызметкер немесе туысы болуы мүмкін. Жеке көмекшілер айына шамамен 88 мың теңге алады және күніне 8 сағаттан жұмыс істейді. Бірақ жаңа заң жобасы бойынша көмекшілердің жалақысы, тиісінше қызмет көрсету сағаты қысқартылмақ. Енді оларға 176 сағат ішінде шамамен 63 мың теңге төлеу көзделген. Мүгедектер жеке көмекшінің қызметін шектемей, керісінше олардың қөрсетер көмек түрлерін заңмен шегелеп жазу қажет дейді.

"Ең үлкен мәселе – жеке көмекшінің қызмет уақытын шектеу. Бұл қызметті өз тусымыз істесе қорқыныш жоқ, олар бізді орта жолда тастап кетпейді. Ал, бейтаныс адам жұмыс уақыты біткесін кетіп қалуы мүмкін. Сол уақытта мүгедектер кез-келген оқыс жағдайға тап болуы мүмкін. Біз бұл норманы енгізбеуді сұраймыз. Қазір жеке көмекшілер онсыз да бізге толық көлемде көмек көрсетіп отырған жоқ. Мәселен, олар арбаға таңылған мүгедекті дүкенге апарса, оның қызметіне биіктегі сөреден заттарды апару кірмейді. Сондықтан, біз көмекшілердің қызметін "алып жүру" деген сөздің орнына "алып жүру кезінде көмек көрсету"деген терминмен толықтыруды талап етеміз", – деді бірінші топ мүгедегі Мария Кенесова.


Оқи отырыңыз: Жәрдемақы мөлшері артты. Мүмкіндігі шектеулі жандар енді қанша ақша алады?


Мүгедектердің наразылығын тудырған бұл норманы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Ерлан Әукенов заң жобасынан алып тастағанын хабарлады. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында жариялады.

"2 апта бұрын ондаған белсенді жанның қатысуымен өткен жұмыс тобының отырысында біз заң жобасынан 176 сағаттық шектеуді алып тастау туралы шешім қабылдадық. Әрине, көптеген өңірлер үшін бұл көрсетілетін сағаттық қызмет көлемін ұлғайту мүмкіндігі, бірақ екінші жағынан, 3 өңір үшін төмендеу болар еді. Ал біз үшін әркімнің өмір сүру сапасы маңызды", – деп жазды Ерлан Әукенов.

Серіктестер жаңалықтары