Тікелей эфир

"Самаурыннан ішкен шәй тәтті". Александр Геер туған жері Қазақстанға көшіп келуді аңсап жүр

Фото Александрдың жеке мұрағатынан алынды
Фото Александрдың жеке мұрағатынан алынды
Германияға көшкеніне 23 жыл болса да, Александр Геер жерсіне алмай жүр. Түнде түсінен, күндіз көңілінен кетпейтін туған жері Мойынқұмға оралуды армандайды.

Тіл білмеген адамды жұмысқа алмайды

Александр Геер Жамбыл облысы Мойынқұм ауданынан 1994 жылы Германияға қоныс аударған. Қазір Эггенфельден (нем. Eggenfelden) қаласында тұрып жатыр. Тарихи отанына көшуіне Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі әлеуметтік жағдайдың төмендігі себеп болыпты.

Ең бірінші Эггенфельден қаласына барып орналасқан әпкесі туған-туыстарының көшіп келуін қалаған. Ата-анасы да көзі тірі кезінде балаларын тарихи отанына аман-есен жеткізгісі келіпті. Ол кезде отбасындағы төрт қыздан кейінгі жалғыз ұл Александр 17 жаста екен.

Александр отбасымен Германияға көшіп барғанымен, өздері қалаған қалаға бірден орналаса алмаған. Өйткені немістер көшіп келушілерді бір жерге шоғырландырмай, әр қалаға бөліп орналастырады. Алғашында Геер отбасы Штутгарт (нем. Stuttgart) қаласына орын тепкен екен. Александр сол көштің жағдайын, осыдан 24 жыл бұрын атажұртына алғаш табан тіреген кезін былай деп еске алды:

– Отанына оралғандарды немістер бірден қамқорлыққа алды. Алдымен бізді бір баракка орналастырған соң, әлеуметтік жәрдемақыны ай сайын төлеп тұрды. Көп ұзамай үш отбасын үш бөлмелі пәтерге көшірді. Тұратын жеріміз болғанмен, Штутгард қаласына сіңісіп кете алмадық. Оның үстіне үш отбасы болып, бір үйде тұру өте қиын екен. Содан кейін бәріміз әпкем тұрып жатқан Эггенфельден қаласына кетуді ұйғардық.

Германияда жаңадан көшіп келгендерге жұмыс істеуге рұқсат жоқ

Заң бойынша солай. Біздің тарихи отанымыз болса да, жұмыссыздықтан қажып кеттік. Ал уақытша жұмысқа тұруға тіл білмейтініміз кедергі болды.

Сосын біз өтініш жазып, әпкем тұрып жатқан Эггенфельден қаласына көшіп бардық. Тілді аздап үйренген соң, жұмысқа да тұрдық. Азаматтық алдық. Алайда қандай қарбалас тірлік болмасын менің туған жеріме деген сағынышым басылған емес.

Көңілім Мойынқұм даласына ауып тұрады

Александр өз отбасының Қазақстанға қалай көшіп келгенін жақсы біледі екен. Аталары Қазақстанға Ресейден жер аударылған кезде алдымен Шу ауданына қоныс тепкен. Әкесі отбасын құрған соң, Мойынқұм ауданына көшіп барады.

– Менің ата-анам тұрған жеріне үнемі құрметпен қараған жандар. Бізді де солай тәрбиеледі. Үнемі бізге қандай қиындықпен Ресейден жер аударылғанын, жолда көрген қиындықтарын айтып отыратын. Олардың айтуына қарағанда, Қазақстанға келген соң барлық қиындық артта қалған. Өйткені емін-еркін өмір сүрулеріне ешкім кедергі болмаған.

Біз немістер үшін "келімсектер" болып қалдық

Александр Қазақстанда 17 жасына дейін ғана тұрса да, қазақтың салт-дәстүрін бір адамдай біледі. Айтуынша, өткен тарихты білу, ата-анаға деген ерекше құрмет, ағайын-туыспен сыйласу секілді қасиеттердің барлығын бойына Қазақстанда сіңірген.

Оны Германияда тұрғылықты немістердің өздерін "келімсек" деп қабылдап, олардың көшіп келу тарихы қызықтырмайтыны таң қалдырған.

– Тұрғылықты немістер бізді ешқашан неміс деп қабылдаған емес. Қазақстандық немістердің қарым-қатынас тілі – орыс тілі. Мүмкін содан болар, олар бізді көшіп келген орыстар (переселенцы) деп атайды. Ал тарихқа келсек, мұндағы жастардың көбі өткен тарихынан хабары жоқ. Біз мектептен өткен тарихымызды білеміз. Тіпті оларды "Қазақстанға қалай көшіп бардық, неге қайта Германияға көшіп келдік" деген сияқты сұрақтардың жауабы қызықтырған емес.

Самаурыннан ішкен шәй тәтті

Қазақстаннан көшіп барған немістер бас қоса қалса, самаурынның шәйін ішуге құмар. Александрдың айтуына қарағанда, самаурынды көшіп бара жатқанда өзімен бірге ала кеткен. Сондықтан ол самаурын шәйінің қадірі мен дәмін Германияда тұрып жатқан біз де жоғары бағалаймыз дейді.

– Қазақстанға, туған жерім Мойынқұмға мүмкіндік болған сайын келіп тұрамын. Топырағына аунап қайтамын. Балқаш көліне барып балық аулағанды жақсы көремін. Мұнда сыныптастарыммен араласып тұрамын. Үйлеріне қонаққа шақырады. Басымыз қосылғанда балалық шаққа саяхат жасап, мектептегі кездерді еске аламыз.


Александр Қазақстанға келіп балық аулап, демалып қайтады

Александр Қазақстанға келіп балық аулап, демалып қайтады / Фото Александрдың жеке мұрағатынан алынды


Бізбен бірге Германияға Мойынқұмнан бірнеше отбасы көшкен болатын. Олармен жиі бас қосып тұрамыз. Қазақша ән тыңдап, би билейміз.

Қазақстан туралы сөз қозғалғанда көңілім босап кетеді. Мен биыл Қазақстанға екі аптаға келдім. Мен үшін бұл өте аз уақыт. Өйткені екі апта уақыт менің Қазақстанға деген сағынышымды баса алмайды, – дейді Александр.


Александр қазақстаннан көшіп барған неміс достарымен

Александр Қазақстаннан көшіп барған неміс достарымен мерекелерді бірге атап өтеді/ Фото Александрдың жеке мұрағатынан алынды


Германияға көшіп барғаннан кейін әкем сол жақта қайтыс болды. Анам тірі. 78 жаста. Менімен бірге тұрады. Ол жақтың өмір сүру салты мүлдем бөлек. Барлығы күнделікті режиммен өмір сүреді. Басында үйрену қиын болды.

Мысалы, барлық адамдар таңғы сағат алтыда ұйқысынан оянады. Таңғы ас пен түскі асты отбасымен бірге өз уақытында ішеді. Түскі астан кейінгі уақытта балалар спортпен айналысады. Кешкі ас сағат жетіде. Оны ішкен соң балалар кешкі сегізде ұйықтауы керек. Дәл осы режимді барлығы ұстанады. Тіпті анам да үйренген.

Табысыңның 33 пайызын ғана салыққа төлеу үлкен жеңілдік

Александр мұны қуанып айтып отыр. Өйткені мұндай жеңілдікке екінің бірі іліге бермейді екен.

– Германияда жұмыс істеу тәртібі тіпті бөлек. Табысыңды да жіктеп, параграфпен қарастырады. Қазір автобус жүргізушісімін. Менің табысым еңбек заңының үшінші параграфына сәйкес келеді. Ол дегеніміз – табысымның 33 пайызын салық ретінде төлеймін деген сөз. Бұл – мен үшін үлкен жеңілдік. Өйткені әйеліммен заңды некеге отырмағандықтан салық аз төлеп отырмын. Әрі қызымның қамқоршысы ретінде жеңілдік қарастырылған. 33 пайыз салыққа медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарнасы кіреді.

Отбасында екі адам жұмыс істеу тиімсіз

Александр отбасын құрғанымен, заңды түрде некеге тұрмаған. Әйелі Алесандра да Жамбыл облысының тумасы. Екеуі Германияда танысып, отау құрған.

Александрдың айтуынша, отбасында екі адамның бірдей жұмыс істеуі тиімсіз.

– Бір отбасында әйелі де, күйеуі де жұмыс істейтін болса, онда әйелінің тапқан табысының тең жартысын салық ретінде ұстап қалады. Мысалы, менің әйелім Александра біз тұрып жатқан қаладан 65 шақырым жердегі зауытта жұмыста. Техниканың ұсақ жабдықтарын шығарады. Ол табысының жартысынан көбін салық ретінде ұстап қалады. Мысалы, айлық жалақысы 1800 евро болса, айына тек 800 евро ғана алады. Сондықтан некеде тұрып, отбасында екі адамның жұмыс істеуі тиімсіз.

Көп балалы отбасының жүгі өмір бойына мемлекеттің мойнында

Германияда көп балалы отбасылар үшін барлық жағдай жасалған. Ал оларға төленетін жәрдемақыға емін-еркін, еш қиындықсыз өмір сүруге болады.

– Көп балалы отбасыда ата-анасы өмір бойы жұмыс істемеуіне болады. Өйткені мемлекет беретін жәрдемақы қомақты. Әрі әлеуметтік көмек көрсетіледі. Коммуналдық төлемдерді де мемлекет мойнына алған. Үй тегін беріледі. Бірақ жекеменшікке емес. Алайда заң бойынша олардың жеке көлік, үй алуына рұқсат жоқ. Бірақ кейбір ата-аналар жасырып, төрт сағаттық қара жұмыс жасап, қосымша табыс табады, – дейді Адександр.

Германияда да жұмыссыздық бар. Қызымның келешегін ойлаймын

Александр мен Александраның Валерия есімді тоғыз жасар қызы бар. Некеге тұрмағандықтан екеуі де қыздың қамқоршысы болып табылады. Александрды қызының болашағы алаңдатып отыр.


Қолдары босаса Александрд қызы Валерия, әйелі Александармен табиғат аясына асығады

Қолдары босаса Александр қызы Валерия, әйелі Александрамен табиғат аясына асығады / Фото жеке мұрағаттан алынды


– Мен ұрпақтарымды ол жақта керемет болашақ күтіп тұр деп айта алмаймын. Германиядағы аты әлемге әйгілі ірі зауыттар Қытайға, Россияға көшіп жатыр. Жұмыссыздық белең алып отыр. Ал жергілікті халықтың көпшілігі зауыт, фабрикаларда жұмыс істейді.

Александрдың айтуынша, Германияда мемлекеттік қызметкерлерге жақсы жағдай жасалған. Жалақылары жоғары әрі салықты аз төлейді. Жұмыс қиын, бірақ әлеуметтік жағынан мықты қорғалған. Кез келген мемлекеттік органда жұмыс істейтін адамда өзін жұмыстан шығарып жібереді деген қорқыныш болмайды.

Жұмыссыз адамды мемлекет қамқорлығына алады

Германияда кез келген сала қызметкері жұмыссыз қалған жағдайда, Қазақстандағыдай сары уайымға салынып, ертеңгі күнін ойлап қамықпайды. Мемлекет ол мәселені де шешіп қойған.

– Германиядағы бір артықшылық, кез келген адам жұмыссыз қалудан қорықпайды. Өйткені ол жағдайда мемлекет жұмысқа орналасқанша жәрдемақы төлеп тұрады. Әйтеуір аш қалмайды. Жұмысыңды басқа салаға ауыстырғың келсе, тегін кеңес беретін органдар бар, – деді Александр.

Неміс мектептері мен медицина саласындағы артықшылықтар

Александрдың ойынша денсаулық саласы да Германияда көш ілгері. Өйткені медициналық көмектің қай түрі болмасын, мединициналық сақтандыруы бар адамға тегін көрсетіледі. Тіпті ауыр ота да тегін жасалады.

Сонымен қатар білім саласында да артықшылықтар көп.


Александрдың қызы Валерия сабақты жақсы оқиды

Александрдың қызы Валерия сабақты жақсы оқиды / Фото Александрдың жеке мұрағатынан алынды


– Мұнда мұғалімге де, оқушыға да Қазақстандағыдай көп салмақ салмайды. Төртінші сыныпты бітірген соң, алған білімі мен қабілетіне қарай баланы лицейге жібереді. Ал лицейге ауыспаған бала сол мектепте білімін жалғастырады. Мектептердің барлығы соңғы техникамен жабдықталған. Оқушыларға тегін жеміс-жидек пен су беріледі.

"Менің жаным қазақ"

Александр Германияға көшіп барғаннан кейін екі үй салған. Оның айтуынша, Қазақстаннан көшіп келген немістер үй салуға епті әрі құмар. Ал тұрғылықты немістер үй салуға аса ынта таныта қоймайды.

– Менің бар арманым Қазақстанға көшу. Бұл арманыма қашан қол жеткізетінімді білмеймін. Өйткені әйелім келіспей отыр. Қызым Қазақстан туралы үнемі сұрайды. Барып көргісі келеді.

Германияда менің жағдайым жақсы. Алайда туған жеріме деген сағыныш пен қайта оралу туралы ойдың мені үнемі мазалауы – жанымның қазақ болғандығынан шығар деп ойлаймын.

Ал Қазақстанда жүрсем өзімді жайлы сезінемін. Бұл сезімді көп адамдар басынан өтпеген соң түсіне қоймас, бірақ менің жүрек қалауым осы. Егер отбасым келіссе, ықтиярхатпен тұру ойымда бар. Өйткені Қазақстан екі азаматтыққа рұқсат бермейді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары