Ізкесуші менеджер
Анар Маратқызы – қаладағы тұрғын үйлердің біріндегі ПИК менеджері. Үйдің бірінші қабатында, аумағы 5-6 шаршы метр жерде жұмыс кабинеті бар. Бір бұрышында бейнебақылау камерасының компьютері, бір бұрышында өзінің жұмыс үстелі тұр. Сол камера мен сақтығының арқасында ұялы телефон ұрлаған келіншекті, велосипедті қолды еткен баланы полицияға ұстап берді.
"Жуырда ғана велосипед ұрлаған бір жасөспірімді ұстадым. Оқиға былай болды. Жалпы, күн жылына, аулада велосипед тепкен бала да, ересек те көбейеді. Бір күні "баламның кіреберісте тұрған велосипеді ұрланды" деген тұрғыннан шағым түсті. 13-14 жастағы балаларға арналған велосипед. Учаскелік полиция, 102 қызметі келіп арызды қабылдады, камераның жазбасын алды, сонымен тынышталдық. Арада бірнеше күн өтті, бақылау камерасы жазбасынан ұрының түрі анық көрініп тұрса да, ұсталған жоқ", – дейді Анар Маратқызы.
"Бірнеше күннен кейін көңілім жай таппай, камерадағы сол күнгі жазбаны мұқият тағы қарап шықтым. Ұрлап бара жатқан баланың түрін бірнеше рет кері айналдырып, анықтап қарап алдым. Түрі таныс адам сияқты көріне бастады. Тағы қарадым. Сол кезде оны қайдан көргенім сап етіп, есіме түсті. Ол "Шұбар" шағын ауданында тұратын, біздің ауланың балаларымен араласатын жасөспірім екен. Қателесуім мүмкін емес еді.
Ертеңіне біздің аулаға тағы келді. Ұстап алып, полиция шақырдым. Қылмысын мойындады. "Ата-анамның алып беретін ақшасы жоқ, ал маған велосипед керек болды" дейді. 16 жасқа толмаған бала, ұрланған велосипедті қайтарып берді. Ата-анасы, әрине, кешірім сұрап, ақталды. Өзін полиция қиын балалар есебіне алды".
Бір ұры үш велосипедтен ұрлаған боп шықты
Астана қаласы криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары Те Александрдың айтуынша, велосипед ұрлығы ерекше бақылауда тұр. Солай бола тұра, соңғы бір жылда ұрланған велосипедтің жетеуінің бірі ғана табылған.
"Астанада 2016 жылы 1258 велосипед ұрланса, полиция 197-сін ғана іздеп тапқан. Осы 197 велосипедті ұрлаған 64 адам. 2017 жылдың үш айында 24 факт тіркелді", – дейді Александр Те.
Яғни, бір ұры кемінде үш велосипед мініп кетті деген сөз. Бұл – әрине "бизнес". Мінетіні жоқ бала ұрласа, өзіне керек бір велосипедті-ақ қанағат тұтар еді. Ал, кемінде үшеуін ұрлаған адамның оны міндетті түрде бір жерге апарып сататыны анық.
Бірақ, қалалық полиция ұрланған велосипедтер табылды ма, иесіне қайтарылды ма, ол жағын ашық айтпайды. Тіпті, велосипед ұрлап, ұсталғандарың да суреттерін беруден бас тартты.
"Астана қаласының саябақтарында, Есіл өзенінің жағасында жалға берілетін велосипедтердің арасында ұрланғандар табылған жоқ. Жалпы қаладағы велосипедтерді жалға беру орындарының жұмысын реттеу полиция қызметкерлерінің құзыретіне жатпайды", – дейді Александр Те.
"Осы бір айда 600 мың теңгеге зиян шектім"
Велосипед бір жағынан қозғалыс құралы болғанымен, кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналған. Қаладағы кез келген саябақта велосипед жалға беретін бірнеше орын бар. Олар да ұрылардан жапа шегіп отыр.
"Саябақта қызмет көрсетумен айналысқаныма оншақты жыл. Бұл жұмыстың қызығы да, қиындығы да бар. Ұрлық соның ішінде қиыны боп тұр. Велосипедті жалға аларда құжатын, ұялы телефонын кепілге тастайды, бірақ сол кеткеннен мол кетеді. Заң бойынша полиция шақырып, ұрлық дерегін тіркетеміз. Бірақ, өкініштісі, полиция мүлкімізді тауып беруге құлықсыз. Он жыл ішінде елуге жуық ұрлықтан әрі кетсе 2-3-нің бетін ашты", – дейді соңғы бір айда 600 мың теңгеге зардап шеккен велосипед пен веломобиль жалға беруші кәсіпкер Бақытбол Берінбайұлы.
Аузы күйген кәсіпкер көбіне жоғын өзі іздестіреді. Полицияға арыз берсең, оның орындалуын қадағалау үшін жұмысты ұмыту керек. Күнделікті табысын осы жерден айырып отырған адамның жұмыстан қол үзе алмасы анық. Сондықтан, жалға құжат тастаса, аты-жөні арқылы, телефон тастаса, сондағы байланыс нөмірлері арқылы ұрыны өзі іздейді.
"Ұрыларды өзім іздеп табамын. Полицияға апарғанда, олар ішкі істер департаментінің қызметкерлері ашқандай болып, ұрлықты тіркейді. Жарайды, табылған соң болды дейсің. Бірақ, менің жұмысым бар, жеке кәсібім бар, қашанғы полиция орнына ұрыны аңдып жүрмекпін!?
Қазір электронды үкімет деп жатамыз, автоматтандырылған база деп жатамыз, сонда жеке куәлігінде аты-жөні, суреті тұрған адамды полиция қалай таба алмайды? Саябақтың айналасы толған бақылау камерасы, тіпті, адамның мекен-жайын да оңай анықтауға болады.
Биыл көктем шыға, жұмыс бастағалғаннан бері менің 3 велосипедімді, екі веломобилімді ұрлады. Екі веломобильдің құны 500 мың теңге, әрбір велосипеттің бағасы 40 мың теңге. Сонда мен алты жүз мың теңге зиян шегіп отырмын. Бір білерім, велосипед ұрылары топтасып жұмыс істейді. Яғни, бұл – ұйымдасқан қылмыстық топ. Олардың жазасын күшейту керек".
Ұрыны ұстаудың амалы – GPS трекер
Велосипед ұрлаған адамды тез әрі уақыт создырмай қолға түсірудің амалы – GPS трекер. Әзірге, Қазақстанда GPS трекер өндіретін кәсіпорын, зауыт, кәсіпкер таппадық. Бұл озық технологияны Анлгиядан алдыртып, Қазақстанда сатып отырған кәсіпкер Юрий Асимов трекердің мүмкіндіктерін баяндап берді.
"GPS-трекер өзімен бірге сатылатын арнайы кілттің көмегімен велосипедтің руліне орнатылады. Әрине, бұл трекер туралы білетін адам оны бұзып, алып тастай алады. Бірақ, қазір велосипед ұрлап жүргендердің көбі ол туралы білмейді. Анықтап қарамаса, көрінбейді де.
GPS-трекердің нөмері велосипед иесінің нөміріне қоса тіркеледі. Велосипедке адам жақындағанда, вибрация ойнайды. Вибрацияны телефонының көмегімен тек велосипед иесі тоқтата алады. Егер біреу вибрацияны тоқтатпай, мініп кетсе, онда велосипед иесі хабарлама жіберіп, "қайда кетіп бара жатқанын" білуге трекеріне сұраныс жолдайды. Трекерден сол жердің координаттары бірден келеді. Сөйтіп ұрланған мүлікті өте тез тауып алуға болады", – дейді Юрий Асимов.
Жаңа GPS-трекердің Қазақстан нарығындағы қазіргі бағасы 40 000 мың теңге. "2014 жылғы девальвациядан кейін бағасы аспандап кетті. Оған дейін 24-26 мың теңгеден сататынбыз", – дейді Юрий.
Оның ойынша бұл жабдықты Қазақстанда да шығаруға болады дейді. Сонда отандық өнімнің саны көбейіп, бағасы да арзандар еді.
Қаланың инфрақұрылымы велосипед тебуге қолайсыз
Қала ішінде велосипедпен жүріп, оны нағыз көлікке айналдырған Әнел Қасымова ұрылардан басқа, жолдағы мәдениетсіз жүргізушілерден қорқамын дейді.
"Қаланың инфрақұрылымы велосипед тебуге қолайсыз. Арнайы жол тек саябақтарда ғана бар. Машинаның жолымен жүру өте қауіпті. Оның үстіне жүргізушілер велосипед мінген адамға жол бермейді. Одан қалса, сигнал басып, үркітеді. Ал қаланың ішіндегі ұзын көпірлерден велосипедті көтеріп өтуге қыз тұрмақ, жігіттің күші әрең жетеді".
Мұндай да болады екен
Велосипед ұрлығы туралы материал дайындау барысында, мына бір хабарландыруға тап болдық. Хабарландыру "Жерұйық" саябағында ілініп тұрды.
Мұндағы телефон нөміріне хабарласқанымызда, Мадина есімді қыз жауап берді. Алғашында ауруханадағы суреттерін жолдап, сұхбат беруге келісті, артынан бас тартты. "Себебі, содан бері бір ай өтті, велосипед енді табылмайды" дейді.
Мадинаның айтуынша, ол Шымкенттен Астанаға қонаққа келген. Сол күні Астанада тоқтаған үйінің көршісінен велосипед сұрап алып, саябаққа барған. Аяқ асты қатты құлап, есінен танған.
"Құлаған кезде, басым қатты жараланды. Ісігі әлі бар. Саябақтағы халық "103" шақырыпты. Оянсам, ауруханада жатырмын. Бірақ менің бұл қалада тіркеуім жоқ, бұл аурухана қабылдаудан бас тартты. Жедел жәрдем дәрігерлері амалсыздан өздері басымды таңып, үйіме қайтарды. Ал велосипед әлі табылған жоқ. Көмекке келген дәрігердің айтуынша, саябақта көмекке келгендердің ішіндегі бір адам менің велосипедімді көрсетіп, қайда апарайын деп сұраған. Бірақ, дәрігерлер жауап бермеген, менің жарамды таңып жатқан. Енді ол кісіні қайдан табамын, білмеймін", – дейді ол.