Тікелей эфир

Әрбір екінші ауылдың болашағы жоқ. Білікті маман ауылға бара ма?

Суретті түсірген автор
Суретті түсірген автор
Урбанизация әзірге ауыл халқының санын азайта алған жоқ. Бірақ ауылдың күнкөріс көзі өзгерді. Көбі ауыл шаруашылығымен айналыспайды.

Урбанизация әзірге ауыл халқының санын азайта алған жоқ. Бірақ, ауылдың күнкөріс көзі өзгерді. Көбі ауыл шаруашылығымен айналыспайды.

Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов ауылға білікті мамандарды тарту бойынша Үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

Қанша түлек "дипломмен ауылда" жүр?

– 2019 жылы оқу орнын бітірген 3908 жас маман ауылдан үй алу үшін жалпы құны 14,8 млрд теңгеге несие рәсімдейді. Қазірге дейін 9,1 млрд теңгеге 2527 маман несие алып үлгерді, – деді ұлттық экономика вице-министрі.

Өңірлер бойынша Алматы облысында 1,9 млрд теңгеге 523 үй, Қызылорда облысында 1,9 млрд теңгеге 503 үй, Батыс Қазақстан облысында 1,6 млрд теңгеге 426 үй, Түркістан облысында 1,3 млрд теңгеге 356 үй берілген.

"Дипломмен ауылға" бағдарламасы іске қосылғалы бері 10 жылда, яғни 2009 жылдың 1 шілдесінен бері 60 мыңдай жас маман 7,4 млрд теңге көмек алған. Соның ішінде 27,5 мыңдай маманның үй алуы үшін бюджеттен 70,6 млрд теңге жұмсалған.

Вице-министрдің айтуынша, дипломмен ауылға келгендердің 90 пайызға жуығы 5 жылдық мерзімі өткен соң да сол ауылда қалып қояды екен. Айта кетерлігі, "Дипломмен ауылға" бағдарламасына қатысушылардың міндетті 5 жылдық жұмыс өтілі қазір 3 жылға азайтылған. Бұл мерзімді қысқартуға бағдарламаға қатысушы мамандар мен жергілікті мемлекеттік органдар да мүдделі болған екен.

Сонымен қатар биылға дейін бағдарлама қатысушыларына берілетін бір реттік көтермеақы 70 АЕК болса, биыл 31 мамырдан бастап бұл 100 АЕК, яғни 252,5 мың теңгені құрайды. Бұдан бөлек мамандар 3,8 млн теңгеге дейін бюджеттік баспананы жеңілдетілген несиеге ала алады.

Жалпы, бүгінге дейін "дипломмен ауылға" барған 60 мың маманның 71 пайызға жуығы білім беру саласында еңбек етеді. Бұдан бөлек, көпшілігі денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, ауыл шаруашылығы кешені, әлеуметтік қамту қызметтерінде жұмыс істейді екен.

Болашағы жоқ ауылдарға білікті маман бара ма?

Үкіметтің ауылдарға білікті мамандарды тарту жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқанымен, оның нәтижесіне күмәнмен қараушылар баршылық. Осы орайда, еңбек нарығында сұраныс жоғары білікті мамандардың тозығы жеткен ауылдарға баруы мұмкін бе деген сауалдың туындайтыны анық. Бұл тұрғыда, министрлік өкілі тозығы жеткен ауылдарға тек ағымдағы жұмыстары үшін бюджеттен ақша бөліп, ал негізгі инвестицияның тірек ауылдарға бағытталатынын айтты.

Вице-министрдің айтуынша, елдегі 6,5 мыңдай ауылдың 3,5 мыңға жуығының ғана даму әлеуеті бар. Соның ішінде 1150 тірек ауыл болса, қалған 2327-сі серік ауылдар немесе шекаралас елді мекендер. Бұндай елді мекендерде жалпы ауыл халқының 85 пайызы тұрады.

Министрдің орынбасары сонымен қатар ауылдарға шетелдік беделді оқу орындарының түлектерін тарту мәселесі туралы да өз ойын білдірді.

– Гарвард түлегі ауылға барып жұмыс істеп жатса, мен қуанар едім, – деген Ермек Алпысов мемлекеттік қызметкерлерді де "дипломмен ауылға" жіберуге болатынын айтты.

– Бұл мәселені Мемлекеттік қызмет істері агенттігі көтерген. Менің білуімше, "Дипломмен ауылға" бағдарламасына мемлекеттік қызметкерлерді де қосу туралы дайындалған ұсыныс Мәжілістің қарауында жатыр. Мұғалімдер, дәрігерлер секілді мемқызметкерлердің де ауылға барғандары керек. Ауылда мемлекеттік қызметкерлер тапшы. Менің ойымша, жас мамандар ауылға барады. Өйткені мемлекеттік қызмет меритократияға негізделген, – деді вице-министр.

Кей ауылдар қалаға айналуы мүмкін

– Қазақстанда 6 454 ауылдық елді мекен бар. Біз осыларға талдау жасай келе даму әлеуеті бар 3 477 елді мекенді іріктеп алдық. Соның ішінде 101 ауылдағы халық саны 10 мыңнан асады. "Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы" заң бойынша, егер елді мекендегі халық саны 10 мыңнан асатын болса, оны қала санатына жатқызу керек, – деді вице-министр.

Ермек Алпысовтың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы заңға өзгерістер енгізу жайын талқылап жатыр екен.

– Қазақстандағы қала саны көбеюі мүмкін. Он мың деген меже қала ма, өзгере ме, айта алмаймын. Өйткені, мәселе қазір талқыланып жатыр. Кей ауылдар қала санатына жатқызылуы мүмкін.

Есесіне, халқының санының азаюына байланысты кейбір қалалар керісінше ауылға айналуы мүмкін.

Ауыл санатына енгізілуі мүмкін кейбір қалалар бар. Өйткені, ондағы халық саны өте аз және елді мекеннің даму әлеуеті төмен, – деді Ермек Алапысов.

Ауыл халқы азайып жатқан жоқ

Әзірге урбанизация Қазақстанда ауыл халқының санын азайта алған жоқ. Ермек Алапысовтың айтуынша, пайыздық көрсеткішпен есептегенде ауыл халқының үлесі азайғанымен, нақты саны тұрақты.

– Бес жыл бұрын ауыл халқының саны 47 пайыз болса, қазір 42 пайыз. Дегенмен, 5-6 жыл бұрын ауыл халқының саны 7,6-7,7 млн болған. Көрсеткіш әлі өзгерген жоқ. Яғни, халық саны тұрақты. Сонымен қатар ауылда туу көрсеткіші де жоғары, бірақ қалаға көшу де басым, – деді вице-министр.

Ауылдардың күнкөріс көзі не?

Жалпы, министрдің орынбасарының айтуынша, қазір ауыл түсінігі өзгерді. Бұрын халықтың 50 пайызы ауыл шаруашылығында немесе бюджеттік салаларда жұмыс істейтін елді мекендерді ауыл деп атаса, қазір технологияның дамуына байланысты ауыл ұғымы өзгерді.

– Дамып жатқан ауылдардың көпшілігі қала маңында шоғырланған елді мекендер, туристік жерлерге таяу елді мекендер, жол бойындағы және ірі өзен бойындағы ауылдар. Бұл жерлерде негізінен ауыл шаруашылығымен айналыспайды. Олардың экономикасының тірегі – сервис, қызмет көрсету, – деді ол.

Осы орайда, Қазақстандағы ауыл бюджетінің 70 пайызға жуығы дотация екені айтылды. Яғни, министрлік өкілінің мәліметінше, ауылдар өз бюджетінің 25-30 пайызын ғана өздері табады. Қалғаны облыстық және республикалық бюджеттен беріледі.

Дегенмен, 2020 жылдан бастап бюджеттің 4-ші деңгейі енгізіледі. Яғни ауыл әкімдері жергілікті халықпен ақылдасып, бюджетті игеретін болады. Вице-министрдің айтуынша, бұл бастама ауыл әкімдерінің көбірек салық жинауын ынталандырмақ.

Сонымен қатар министрлік өкілінің мәліметінше, ауыл мен қаланы қаржыландыруда дискриминация болмағанымен, қаржыландыру кезінде кейбір теңсіздіктер болып жатады.

– Қалаларда керекті инфрақұрылымға көбірек ақша кетеді. Оның үстіне ауылдарда стандарт төмен. Дегенмен, қалада су тарту арзанға түседі, мысалы. Негізінен мұндай дискриминация болмауы керек. Және де әр облыс бюджетті өзінше игеретінін де ескеру керек, – деді Ермек Алапысов.

Поделиться:

Серіктестер жаңалықтары