Тікелей эфир

Қазақстанда ҰОС 665 ардагері қалды. Оларға қандай әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі?

Фото ehonews.kz сайтынан алынды
Фото ehonews.kz сайтынан алынды
Жргілікті атқарушы органдар Ұлы Жеңіске үлес қосқан азаматтарға бір реттік төлем үшін 6,4 млрд теңге бөлді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде құрылған Ұлы Отан соғысы ардагерлерін әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі туралы айтып, 2021 жылы көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы хабардар етті.

Вице-министр Қазақстанда биыл 1 мамырдағы жағдай бойынша Ұлы Отан соғысындағы жеңіске үлес қосқан 665 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және басқа санаттағы 113 мың 555 азамат (Қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 74 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 221 адам; ҰОС қайтыс болған мүгедектердің әйелдері (күйеулері) – 2 296 адам; ҰОС кезінде қаза тапқандардың жесірлері – 10 адам; тыл еңбеккерлері – 89 385 адам; ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер – 21 569 адам) тұрып жатқанын хабарлады.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне және Ұлы Жеңіске үлес қосқан азаматтардың басқа да санаттарына біржолғы материалдық көмек төлемдері үшін 6,4 млрд теңге бөлінген.


Оқи отырыңыз: 


 

Ерлан Әукеновтың айтуынша, Еңбек министрлігі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС жеңісіне үлес қосқан азаматтардың жоғарыда аталған барлық санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілдендірілген шегін белгілеуді ұсынды. 

"Нәтижесінде барлық өңірде ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді (Қызылорда облысында – 116,7 мың теңге). Қоршаудағы Ленинград тұрғындары мен концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындарына кемінде 50 мың теңге, ҰОС-да қайтыс болған мүгедектердің әйелдеріне, ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және ҰОС жылдары тыл еңбеккерлеріне – кемінде 30 мың теңге берілді", – деді Ерлан Әукенов.

11 өңірде (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында) төлемдер жүзеге асырылды. Қалған өңірлерде 9 мамырға дейін аяқталады.

Сондай-ақ, ол өзге әлеуметтік төлемдерге қарамастан, азаматтардың 20 санаты (оның ішінде соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ақталған азаматтар және т.б.) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алатынын айтты.

2021 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескергенде әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

  • ҰОС қатысушылары үшін – 182 851 теңгені;
  •  ҰОС мүгедектері үшін – 188 051 теңге;
  •  басқа мемлекеттер аумағындағы соғыс ардагерлеріне (Ауғанстанда, Вьетнамда, Алжирде, Египетте, Иракта және т. б.) – 198 801 теңге; 
  • ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін 154 638 теңге; 
  • ҰОС мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін 119 562 теңге;
  • ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне 120 112 теңгені құрайды.

Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар бюджет және демеушілік қаражат есебінен ардагерлерге қиын өмірлік жағдайда немесе мереке күндері материалдық көмек түрінде қосымша әлеуметтік қолдау шараларын көрсетеді, оған тұрғын үйді жөндеу (16,2 млн теңгеге 182 ардагер), отынмен қамтамасыз ету (212,1 млн теңгеге 7 332 адам), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (2 млн теңгеге 2 036 адам), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (10,7 млн теңгеге 920 адам), тіс протездеу (1,1 млн теңгеге 22 адам) және тағы басқалар кіреді. 

"2021 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақы 5% және ынтымақты зейнетақы 7%, әлеуметтік төлемдер 5% арттырылды. Қабылданып жатқан шаралар халықаралық практикада қолданылып жүрген жоғалтылған табысты алмастыру стандартын (40%) арттыруға мүмкіндік берді, ол Қазақстанда базалық және ортақ зейнетақы төлемдері есебінен 49,9% құрайды", – деп мәлімдеді Ерлан Әукенов.

Серіктестер жаңалықтары