Тікелей эфир

Қарағанды концлагерінің құпиясы. Сіз білмеген деректер

Informburo.kz "Жадыңнан өшпес. Қазақстандағы Сталинизм: Өткені. Естелігі. Еңсеру" ("Живая память") ұжымдық монографиясын жариялауды жалғастырады.

Төменде журналист, Қарлаг тарихын зерттеуші Екатерина Кузнецованың "Қанша уақыт өтсе де..." монографиясын ұсынамыз. Екатерина НКВД Қарлаг лагері туралы "Карлаг: по обе стороны колючки" (Қарлаг: тікенек сымның екі жағында), "Карлаг: меченые одной метой" (Қарлаг: бір белгімен белгіленгендер) және "Кровавый тридцать седьмой. Репрессированный Казахстан" (Қанды отыз жетінші жыл. Репрессияға ұшыраған Қазақстан) атты кітаптардың авторы, бұл кітаптар Қазақстаннан бөлек Ресейде және АҚШ-та жарыққа шыққан.


Отызыншы жылдардағы Қарағанды тарихы:

  • сталиндік бесжылдықтың алғашқы жобасы, елдің "Үшінші көмір қоймасы", Қарағанды көмір бассейнінің тарихы;
  • алып кеңестік "еңбекпен түзету" концентрациялық лагері ОГПУ-НВКД Қарлагтың пайда болу мен даму тарихы.

Әлемдегі алғашқы социалистік мемлекеттің жылнамасындағы осы екі кезең бір-бірімен тығыз байланысты. Қарағандының маңызды экономикалық орталық ретінде қалыптасуын Орталық Қазақстанның территориясында ұйымдастырылған орасан зор сталиндік концлагерьден бөлек қарастыру мүмкін емес – шахтамен облыс орталығы ретіндегі қаланы салғандардың ішінде елдің орталық және батыс жағынан тауар эшелонымен әкелінген "мүлкі тәркіленген", арнайы көшірілгендер деп аталатын шаруалар да, елдің орталығы және батысынан жер аударылған поляктар, батыс украиндар, немістер, финдер, және, әрине, Қарлагтың тұтқындары да болды. Бұл жердің зиялылары өздерінің қалыптасуы үшін осы "халық жауларына", соның ішінде бірінші кезекте КСРО-ның еуропалық бөлігінен жер аударылған зиялыларға рахмет айтуы керек.

Елде Сталин бастаған қатал саяси репрессия халықты қиындық пен қасіретке душар етті, оның ішінде халық саяси, ғылыми, мәдени шығынға ұшырады. Бұл Қазақстан үшін ерекше қиын болды, өйткені мұнда халықтың үштен бір бөлігі өзі мүше болған "коммунистік партия" отызыншы жылдардың басында ұйымдастырған ашаршылықтан қырылды. Ол кездегі зиялы қауымның үлесі аса көп емес болатын, сол енді ғана қайта қалыптаса бастағанда дүние-мүлкі мен малы зорлықпен тәркіленген халықтың бір бөлігі шетелге қашып құтылды, көп бөлігі ашаршылықтан қаза тапты. Интеллектуалдық және моральдық-этикалық шығын халықтың жады мен менталитетіне қатты әсерін тигізді, әлі де тигізеді, олардың қалпына келуі баяу әрі қиын жүреді, ал оларды жою – белсенді және бір жолғы процесс, оның бүлдіруші әлеуеті зор. Дала өлкесі шынайы биографиясының бұл құрамдас бөлігі көп жыл бойы ресми өтірік пен жасырудың астында болды, алайда түптің түбінде ашылмайтын құпия жоқ.

Біздің бүгінгі әңгімеміз сол "Үшінші көмір қоймасын" салған алғашқы құрылысшылардың "батырлық ісі" туралы емес. Соңғы күшін жинап, баспана, шахтадағы жұмыс және кепілді азық – жабысқақ қара нан мен пәлек көже үшін құтқарушы көрінген Қарағандыға қарай еңбектеп келген пақырлар, ашаршылықтан қалжыраған қазақ кедейлері туралы емес. Сол кездері біздің байтақ даламызға көмір және басқа да өнеркәсіптік алып жобаларды салу үшін эшелондармен әкелінген сол партияның Украинада ұйымдастырылған ашаршылығынан қалжыраған Донбасс шахтерлері туралы да емес. Мұнда да өтірік...

Куәгерлер осы бір кезең туралы естеліктерін сақтап қалды, бірақ жылдар өте келе ол естеліктер де ұмытылуда. Уақыт барлығын да ұмыттырып, естеліктер де бұлыңғырлана бастаған, байланыс азайған, тіпті естеліктердің өзі де азайып, онымен қоймай, олар керек пе, жоқ па деген күмән көбейіп барады...

Бірақ, біздің әңгімеміз басқа. Басқалар туралы. Тергеу мен сотсыз сотталып, кеңес концлагерлерінің тікен сымының ар жағында азап көргенімен қоймай, жылдар бойы "халық жауы" деген қамытты арқалап жүргендер туралы. Тар қапаста ауыр да азапты жұмыс пен аштықтан қаза тапқандар жөнінде. Адам төзгісіз азаптың бәріне шыдап, төзіп, тірі қалғандар туралы, қалалар мен зауыттарды салған, темір жолдарды төсеген, шахтадан көмір өндірген, Магаданның масқарасын көріп, алтын шайған адамдар туралы. Олар Жадыдан өшпеуі тиіс. Олар үшін Әділдік керек. Құрмет керек. Сонымен бірге шындық керек.

Сол қорқынышты уақыт куәгерлерінің құнды жауаптарын естіп, тыңдап, жазып алып, сақтап, жеткізу міндет. Олардың жауабы ғалымдар шаң басқан кабинеттерде, тып-тыныш кітапханада отырып, дымқыл тартқан том-том құжатты парақтағаннан туған Тарих емес. Ол осының бәріне төзген адамдардың азабы, қуанышы, жоғалтқаны мен тапқаны, яғни өз басынан өткізген, өз көзімен көрген нағыз Тарих емес пе?! Олардың естеліктерін тыңдап үлгеріп, жазып алып, сақтап, бүгінге дейін жеткізу – ең абзал міндет. Әрі борыш...

Донецк шахтерінің баласы Борис Афанасьевич Годунов отбасы мен өзі басынан кешкен азапты жылдар туралы айтқанда дауысына діріл араласты. Ол кезде Борис бала болатын. Бала Бористің көрмегені жоқ – ашыққан Украинадан ашаршылыққа ұшыраған Қазақстанға дейінгі ұзақ жол, алғаш рет мемлекеттік деңгейдегі өтірікпен бетпе-бет келу, ГУЛАГ-пен танысу – бір адамның өмірі үшін оңай тәжірибе емес. Қамауға алынған әкесімен бірге Қарлагтың Атбасар лагерь бөлімшесіне келгенде ол жеті жаста еді. Оның естелігі тек осы қайғылы және бірегей факті үшін ғана емес, басқа қырынан да маңызды. Оның отбасы Қарағанды даласына жаңа шахталарды салу және ағылшын отаршылары салған ескі шахталарды жөндеу мақсатымен арнайы эшелонмен әкелінген Донецкінің ерікті шахтерлары арасында болды.

Отызыншы жылдардың басында, Қарағандыны Бірінші сталиндік бесжылдық жоспарына сәйкес ірі өнеркәсіп орталығы ретінде салу басталғанда, білікті инженер мен тау-кен мамандары жетіспеуші еді. Сол дәуірдің газеттері "нығайту" деп атаған процесс үшін ашаршылықтан өліп жатқан Украинадан шахтерлер мен Донбасс инженерін алып келді.

Кеңес өкіметі халықты бір жерден екінші жерге жаппай жер аудару кезіндегі күштеу және мәжбүрлеу шарасын "энтузиазм" деген сияқты әдемі сөзбен сипаттауды жақсы көретін. Бұл тағдырға енді еріктілер деп аталатын Донецк шахтерлері мен инженерлері де көнді. Дегенмен, олар шынымен де еріктілер еді. Годунов Қазақстанға келер ал­дында оларға насихаттық деректі фильм көрсеткенін айтады. Қазақтың шуақты әрі күнгей даласында Қарағанды деген ғажап қала күн санап өсіп, гүлдену үстінде. Күшқуаты тасыған жастарды Қазақстанның осы өте бай көмір шахталарын салуға және игеруге шақыруда. Жарты ғасырдан кейін (бүкіл өмірі өткеннен кейін десек те болады) Борис Афанасьевич сол, шахтерлерге көрсетілген деректі фильмді күйінішпен және мұңдана отырып есіне түсірді (шіркін, тапса ғой соны!). Тастан қаланған (революцияға дейін күйдірілген қызыл кірпіштен!), әдемі және жайлы, шатыры қаңылтырмен жабылған үйлер, жайқалып өскен ағаштар, айдынында үйрекқаз алаңсыз жүзіп бара жатқан мөлдір көл, жағалауы қалың тал-дарақты өзен...

Не деген бақытты, бақуатты және қиялдағы өлке! Олар Отанның дауысын тек естіп қана қоймай, оған сенді, арыпашып жүрген Донбасс тау-кеншілерінің көзі жайнап, жаңа өлкеге барғысы келетіндердің тізіміне тіркелуге жөнелді.

Долинка қыстағындағы Саяси репрессия құрбандарын еске алу музейі

Ал келген кезде…

Оларды сұп-сұр, қу далаға әкелді. Балшықтан қаланған станцияның айналасы бірінен бірі өткен сұрықсыз киіз үйлер. Жақын жерде шынымен қызыл кірпіштен салынған үй тұр – бірақ... ол жалғыз-ақ екен! Ол жерде кеңсе орналасқан. Қасында – қурап қалған қараған. Міне, жұмақ деген осы болып шықты!

Сол кезде жеті жасар бала Борис Годунов кеңестік мемлекеттік өтірікпен алғаш рет бетпе-бет келіп, алғашқы өмір сабағын алды. Ал кейін бұл өтірік бүкіл өмірін шырмады. Оның ғана өмірін емес... Әлем шеттеткен ел халқының көзін байлап, басқа өмір бар екенін көрсетпей, сөз жүзіндегі жетістіктер мен табыстарды асыра дәріптеп, даңғырлатып айта берді. Жоқшылық, аштық, үрей құшағында есінен адасқан, әлсіреген халық жанын қинап жер жыртты, егін екті, үй салды, сөйте жүріп қаусаған, берекесі қашқан үйлерін паналады, табылған киімді киіп, тапқан тамағын жеп, большевиктер уәде еткен бақытты армандаумен болды. Әне-міне орнайды деген бақ алыстай берді.

Ал өмір күтіп тұрмайды. Күнделікті тіршілік ету керек. Күту керек. Шыдау керек. Тірі қалу керек. Жаңадан келген переселендер өздеріне саманнан барақ салды. Жоқтан гөрі жоғары. Әр отбасына сол барақтың бір-бір бұрышын беріп, көршілермен араны лас шүберекпен бөлді. Даланың қараңғы түндері мен бұлыңғыр таңдарында ұзын, дымқыл тартқан барақ іші ыңқылдап, жөтеліп, боқтап, қырылдап, күрсінген дыбысқа тұнып тұратын, соның бәріне шыдайтын. Асханада шала-пұла жуылған алюминий тегештен тамақ салып беретін. Тамақ деген аты ғана, арасы дымқыл тартқан бір тілім қара нан беретін. Бала Бористің есінде ол дәмді тамақ және өлшеусіз бақыт ретінде қалды. Борис нанды бірден жеп қоймайтын, ұсақтап бөліп, кәмпит сорғандай сорып жүретін. Сонда қарны ашпайтындай көрінетін.

Бір күні түнде фуражка киген адамдар келіп, әкесі екеуін осы қараңғы барақтан алып кетті. Ол енді мүлдем басқа оқиға. Оған дейін әлі көп бар, әзірше. Қарағанды алғашқы мамандарын қолдан келгенше қарсы алды: бір тілім наны мен баспанасын берді. Соған да рахмет.

"Қарағанды-көмір" шағын дала станциясына ұзыннан-ұзақ созылған жазық даланы басып өтіп, шахтер эшелондарымен бірге Ресейден мемлекет тонаған шаруалар – арнайы переселендер де келіп жатты, оларды "кулак-қанаушылар" деп атайтын.

Мал тасуға арналған тауар вагондарынан тұратын эшелон Қарағандыға жетпей, Қарабас станциясына тоқтайтын. Кейін бұл станцияны "Қарлаг қақпасы" деп атады. Оларды сарбаздар мен овчаркалар қарсы алатын. Үнсіз тұнжыраған адамдар сұп-сұр болып сап құрап (бір қатарда бес адамнан!), шексіз қазақ даласына жайылды. Тікен сымның артындағы аласа саман барақтарға, әр бұрышына күзет мұнарасы қойылған лагерь бөлімшелеріне тарады. Осылайша, социалистік Қарағандымен бірге, ОГПУ-НКВД-ның Қарлаг "еңбекпен түзету" концлагері өзінің ұзақ қайғылы тарихын бастады.

Қаладан қырық шақырым жердегі Долинка атты шағын ауыл болашақ лагерьдің "астанасы" болды. Кеңес өкіметіне дейін, яғни ғасыр басынан бастап мұнда кезінде Столыпин реформасы бойынша көшіп келген орыс және неміс шаруалары мен жергілікті халық, яғни қазақтар тату-тәтті өмір сүріп жатқан еді.

"Столыпиндік" шаруалар бау-бақша екті, егін екті, кең далада малын жайды, қазақтар да үйір-үйір жылқы, отаротар қой бақты, Долинкадағы өмір әйгілі "тарихи қайта бөлінуіне" дейін бейбіт те мамыражай өтіп жатты. Бірақ, бір таңғаларлығы, бұл тарихи бөлініске де Долинка байсалды, күйзеліссіз төзді.

Бірақ бұл ұзаққа созылмады, уақыт өзгеріп, бір сәтте аумақты босату жөнінде бұйрық келді: мұнда лагерь салынбақшы. Осылайша, күні кеше ғана мамыражай тірлік кешіп жатқан Долинкаға сарбаздар келді. Тікенек сымнан "Бруно спиральдары" пайда болды, күзет мұнаралары салынып, бастапқыда сұр таспалар тартылды, ал содан кейін еңсені басатын ұзын барақтар салына бастады...

* * *

Ерте көктемде Долинка сұрықсыз. Бұлыңғыр. Мұңды. Жалғыздық сезіледі. Оңтүстіктен жел соғып, көктем көгінде бұлт көшті, алғашқы жапырақ көгерді, ауылдың үстінен күн сәулесі төгіліп еді, кешегі жайсыздықтан ештеңе қалмағандай болды. Долинка жаңғырып, салқын леп есіп, жуынып шыққандай болды. Көп ұзамай шыжыған жаз келеді. Тірі жан жоқ көшелер бұйығып, маужырай бастайды. Құдық жақтан шелек даңғырлайды, дауыстар да сылдырлап естіледі, бейтаныс жас күлкі бытырадай шашылады...

Бұрынғы НКВД Қарлаг лагерінің ас басқармасы алдындағы әлдеқашан құрғап қалған фонтанның қасында бұтағын кеңге жайған кәрі емен өсіп тұр. Ал аптап ыстықтан әлдеқашан кеуіп кеткен шөп аяқ астында ерекше айқын сытырлайды. Ұмыту шөбі ме?

Күз Долинкаға тыныштық әкеледі. Жиырмасыншы, отызыншы жылдардың басында (мүмкін одан да ерте!) отырғызылған ағаштардың алтын және шымқай қызыл жа­пырақтары, ауаның шексіз тазалығы, бақшалардың көкшіл түтіні, естен тандыратын тыныштық пен қимылсыздық қана сезіледі. Содан кейін қыс келеді. Сонда...

Сонда Долинканың өткені тіріледі. Шатырына дейін қар басқан саман барақтар, қоршаудың тікенек сымы, күзетшілердің қара сұлбасы бар мұнаралар, түнгі аяздағы иттің үруі. Дауыстар. Олар гуілдеп, сыбырлап, ыңқылдап, күліп, күрсінеді – қысқы кеште сол кездегі адамдардың естеліктері жаңғырады.

Содан кейін қайтадан көктем келеді...

Уақыттың шеңбері солай.

Долинка – кездейсоқ жер емес. Бұл бұрынғы Қарлагтың бұрынғы астанасы. Қарлаг – ГУЛАГ архипелагының ең үлкен аралдарының бірі.

Бір жарым сағаттық жерде – Қарағанды. Ғаріптер қаласы, қуғын-сүргінге ұшырағандар мен мүлкі тәркіленгендердің қаласы, зектердің қаласы, қатал тағдырлар қаласы. Отызыншы жылдардың ортасында Қарағанды осындай болды.

Дәл сол кезде, КСРО саяси террорының ауыр жылдарында Қарағанды алып лагерь өлкесінің орталығы, кеңес империясының тікенек сым артындағы бөлігі болды.

АНЫҚТАМА

ОГПУ-НКВД-ІІМ Қарағанды еңбекпен түзету лагері (Қарлаг) 1931 жылғы 19 желтоқсанда 1930 жылы құрылған, құжаттарда "Гигант" кеңшары деп аталатын ОГПУ ҚазЕТлагтың (Қазақ еңбекпен түзету лагері) негізінде ұйымдастырылды. ҚазЕТлагтың бірінші бөлімшесін Қарағанды еңбекпен түзету лагері ретінде қайта құрды, қысқаша ол ОГПУ-НКВД Қарлаг деп аталды. Басқа мекемелермен қатынаста Қарағанды ЕТЛ НКВД Қарағанды кеңшары деп аталды.

Қарлаг аумағы 8 бөлімшеге бөлінді, олардың жалпы ауданы 17129 шаршы шақырым болды ("КСРО НКВД Қарлаг тарихы туралы очерк материалдары", 1934 ж.).

ОГПУ-НКВД-ІІМ Қарлаг 28 жыл жұмыс істеді және 1959 жылғы 27 шілдеде ІІМ Қарағанды облысы бойынша түзеу мекемесі басқармасы (УМЗ УМВД) болып қайта құрылды.

Лагерьдің аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай (Березняки–Қызыл Тау) 260 шақырымға, ал солтүстіктен солтүстік-батысқа қарай (Березняки–Есенгелді) 100 шақырымнан астам қашықтыққа созылды. Қарлаг шаруашылығының бір тармағы Қарағанды – Мойынты темір жолы бойында болды. Пункттері бұл шекарадан тыс болатын (Ақмола, Рузаевка, Шу өзенінің бойы, Балқаш, Жезқазғанның маңы).

Қарабас темір жол станциясы Қарлагтың "қақпасы" болды, лагерьдің негізгі жөнелту нүктесі осы жерде орналасты. Қарауылдар мен күзетші иттердің бақылауындағы этаптар көбінесе жаяу жүретін. Жеткен адам тірі қалады. Жете алмаса, біржола далада қалады.

Құрылғаннан кейін бір жыл өткенде мұндағы тұтқындар саны 10 400 адамға жетті, олардың 8400-і ауыл шаруашылығымен айналысты. 1934 жылы 1 қаңтарда қамалғандардың саны 24 148 адам болды, 1937 жылы 1 қаңтарда 27 504 адам болды, ал 1938 жылы 1 қазанда 40 109 адамға жетті. Соғыс кезінде тұтқындар саны ерекше жылдам өсті. 1941 жылы 1 шілдеде мұнда 39 513 адам болса, 1942 жылы 1 қаңтарда 42 582 адамға дейін өсті, 1943 жылы 1 қаңтарда қамалғандар саны 45 798 болды. 1932 жылғы желтоқсаннан бастап 1959 жылғы 1 қаңтарға дейін Қарлагтан (ротациямен) 990 852 адам өтті, олар құл есебінде еңбек етті, аштыққа, суыққа, қорлыққа төзді.

Тұтқындардың көп бөлігі ОСО НКВД мен Үштік РКФСР ҚК 58-бабы бойынша соттағандар, яғни "халық жауы" атанған КСРО азаматтары болды.

(ГУЛАГ. 1918-1960. Құжаттар. Мәскеу. 2002 ж.)

Долинка қыстағындағы Саяси репрессия құрбандарын еске алу музейі

* * *

1930-31 жылдары болашақ лагерь аумағындағы халықты елдің басқа аудандарына көшіру басталды. Жергілікті халықпен бірге, орталық Ресейден бұрын көшіп келген орыстар, немістер және украиндар Осакаров, Ворошилов, Нұра аудандарына көшірілді.

Күшпен көшіру – адам үшін қай кезде де трагедия. Бірақ бұл оқиғада қазақтардың тағдыры ерекше қайғылы болып көрінеді. Оларды қысқа мерзім ішінде және өте қатал түрде ғасырлар бойы мекендеген орнынан, яғни болашақ лагерь аумағында орналасқан шағын ауылдардан көшіріп, керек дүниесін де алғызбай, малын күшпен тартып алды. Бұл операцияны жүргізуге НКВД әскерлері шақырылды.

Жаңа жерге орналастыру уақыты жағынан ұжымдастыру, мал шаруашылығын тәркілеу, ауылдарды талқандау, сансыз малды тәркілеу уақытына сәйкес келді. Тәркіленген малды ұжымшарлар сақтап қала алмай, оның көп бөлігі аштан өлді. Оның үстіне жұт келді, ол жердің үстіңгі қабатын опырып, быт-шытын шығарды, құдды бір дәу келіп, осы бір қайғықасіретті жерді таптап, құнарлы қабатты тіршіліксіз қабыққа айналдырған сияқты.

Дала ашаршылыққа ұшырап, мыңдаған аш-жалаңаш, баспанасыз адам Қарағандыға ұмтылды...

Мұның бәрі НКВД органдарының негізінен жергілікті халықты қамау, атуымен бірге жүрді. Өкімет халық бағынбай кете ме деп қауіптенді. Содан да бұрқ етіп пайда болған қарсыласу ошақтарын бірден басып-жаншып отырды.

АНЫҚТАМА

ОГПУ-НКВД Қарлаг (басқа да сталиндік лагерьлер сияқты) дербес тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі бар мемлекеттің ішіндегі мемлекет ретінде жобаланды, оның біршама дамыған ауыл шаруашылығы, өнеркәсібі, құрылысы болды. Құрылыс басқармалары, конструкторлық бюролар, ауыл шаруашылық селек­ция станциялары құрылды, қамалғандардың ішінен кадр дайындау үшін оқу комбинаты жұмыс істеді. Лагерь басқармасының жанында өсімдіктану ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы (АТС), мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу станциясы (ҒЗС) жұмыс істеді. Екі станцияның да тәжірибелік базасы болды. Ірі қара мен қойды жайып семіртетін арнайы экспедиция қызмет етті.

Қамалғандар Долинкада өнеркәсіптік комбинат салды, ол жерде тері өңдеп, тон тігіп, пима жасады. Солардың еңбегімен шыны зауыты, қант зауыты, май зауыты, ет комбинаты, жөндеу зауыты, диірмен, тігін шеберханалары, көкөніс кептіргіштер салынды.

1940 жылы лагерьде 12 диірмен, 9 жармалағыш, 14 май зауыты, екі ірімшік қайнататын өндіріс, 9 сүзбе ірімшік қайнататын өндіріс, 11 көкөніс тұздау пункті, бір қасапхана болды.

Қарлагтың өнеркәсіптік өндірісі тармақ-тармаққа бөлінді. Соғыстың басына таман мұнда өнімділігі 60 мың тонна көмір болатын тас көмір шахтасы, өнімділігі 2 миллион дана 10 кірпіш зауыты, 2 800 тонна әктас беретін 6 әк карьері, 1 005 рубль көлемінде өнім өндіретін ағаш өндіретін шеберхана жұмыс істеді. Лагерьде жалпы қуаты 537,5 квт/сағ 18 электр станциясы болды. Спасск бөлімшесінде (1948 жылдан бастап Степлагта) 1941 жылға таман өнімділік қуаты жылына екі миллион қолғап жіп иіру-тоқу фабрикасы қосылуға дайын болды. Лагерьдің Балқаштағы бөлімшесі мыс қорыту зауытын салу бойынша мердігерлік жұмыстарды істеді. Құрылыста 650 тұтқын жұмыспен қамтылды.

Лагерьдің Ақмола бөлімшесінде (АЛЖИР) 5 мыңнан астам әйел болды, олар "Отанын сатқандардың отбасы мүшелері" (ОСОМ) еді. Олар негізінен тұтқынға алынған және көбінесе атылған "халық жауларының" әйелдері, әпке-қарындастары, аналары еді. Мұнда тігін-кесте фабрикасы мен бірнеше ауыл шаруашылық шикізатын ұқсату кәсіпорны болды. Тігін-кесте фабрикасында 1 100 тұтқын әйел жұмыс істеді, фабрика жылына 17 014 рубльдің өнімін шығарды.

Ал Долинка осы еріксіз мемлекеттің нағыз астанасы болып қалыптасты. Онда Лагерьдің бас басқармасы, орта мектеп, екі аурухана, клуб, кітапхана, пошта, лагерь соты, прокуратура, түрме және мемлекеттік банк бөлімшесі болды. Тіпті, қатерлі ОЧО, яғни оперчекист бөлімшесі де болды.

Лагерь мемлекеттен бөлек, дербес және автономды өмір сүрді. Сонымен бірге ол осы бір елдің алып, тікенек сыммен қоршалған, бүкіл әлемнен оқшауланған үйлесімді бөлігі болды. Әр үйде атылып, қуылып, қамалған біреу бар елдің бөлігі.

* * *

Суайырықтың артында, далада, Долинка май зауыты мен жолдың Шахтинск жаққа бұрылысының арасындағы кеңістікте бұрынғы лагерьдің зираты бар. Оны әлдеқашан шөп басқан, сондықтан молаларды бір-бірінен ажырату қиын. Шеті мен шегі көрінбейтін осы жерде "халық жауы" атанған ондаған, жүздеген, мыңдаған адамның сүйегі жатыр, олар сол халықтың ішінен шыққан еді және оларды халықтан өлім шекарасы бөліп жатты.

Ұлан-ғайыр қазақ даласы. Азалы молаларды үнсіз ғана тербейді, тек жел ғана күн күйдірген, арал түрінде бөлекбөлек болып өскен шөпті қозғап тұр. Бұл – естелік пен қайғы аралдары.

Мұнда әлі күнге дейін өткенді ойлап мазасы қашатындар келеді кейде. Қасіретті де азапты күндерін еске алады. Әлемнің әр түкпірінен бұрынғы лагерь тұтқындарының туыстары, Ресей, Украина, Польша, АҚШ, Англия, Германиядан журналистер, кинодокументалистер, тарихшылар келіп тұрады. Олар Долин­каны көру үшін келеді. Қайғы-қасіретті соңына дейін шеккен, Қазақстан жерінде мәңгі қалғандарды еске түсіру үшін келеді.

...Ескі зиратта жел алтын қаңбақтарды әрі де, бері де қуалайды. Әрең көрінетін төмпешіктерде олар секеңдеп, сұр арал болып өскен шөпке жармасып, бір мезгіл тоқтайды да, ары қарай домалай түседі. Олар нені әкетіп барады? Жадымызды емес шығар?..

* * *

Ресейлік "Культура" телеарнасы үшін бұл деректі фильмді Долинкада режиссер Марина Разбежкинаның кинотобы түсірді. Бүгінде Разбежкина Ресейге әйгілі маман, Мәскеу кинофестивальдарының бірінде оның "Яр" деп аталатын көркем фильмі сыйлыққа ұсынылды.

Сол күндері Долинкада кино түсіруші топпен бірге болашақ фильмнің кейіпкері, Қазаннан келген инженерспектрограф Фарида Дәулеткелді де болды, кинохикая соның атынан баяндалады. Оның күрделі өмірінің хикаясы Долинкамен тығыз байланыста.

Фарида Новосібірдің түрмесінде дүниеге келді. Анасы екеуі этаппен жүрді. СМЕРШ кеңес қарсы барлау ұйымы Фариданың анасы Рукия Дәулеткелдіні Қытайдағы Мукден қаласында тұтқынға алып, КСРО-ға "мәжбүр көшкін" ретінде шығарып, кейін тергеусіз, сотсыз, үкімсіз соттады. Түрмеге түскеннен кейін "халық жауы" ретінде 58-баппен сотталды.

Мукденде СМЕРШ оның күйеуі, Фариданың болашақ әкесі, қоғам қайраткері, журналист, "Милли байрак" татар эмигрант газетінің баспагері Ибрагим Дәулеткелдіні қамауға алды. Ибрагимді Мордовия лагерьлеріне әкетті, онда "халық жауы және татар ұлтшылы" ретінде жаза мерзімін толық өтеп шықты, кейін ол Краснояр өлкесіне жер аударылды. Он жыл бойы бір-бірінен қашықта жүрген отбасы Сталиннің өлімінен кейін ғана қайта бірікті.

Жарты ғасырдан кейін Фарида Долинкаға оралды. Анасы емшектегі баласымен бірге тұтқын ретінде эшелонмен айдалып келген Долинкаға, тікенек сымның артында қатал балалық шағы өткен Долинкаға оралды.

Уақыт тоқтап қалғандай...

Қарлагтың орталық егіншілік бөлімшесіндегі "Аналар қалашығы" деген бөлімшеде осы жердің ең кішкентай тұрғындарына мекен болған балабақшаға барған бүлдіршін, енді міне, елу жылдан кейін Долинкаға оралып, көше бойымен келе жатыр. Дәл сол көше, дәл сол аспан. Аспанға қарап, өткенді есіне түсіруде. Бірінен кейін бірі ауысқан балалар үйі, туыстарын іздеу, ақырында анасы мен әкесімен көптен күткен кездесу және қосылу, Краснояр жақтағы алыс тайга ауылы артта қалды. Бүкіл өмірі. Осы өмірде қазақ даласындағы Долинкаға да орын табылды. Осы жерде ешқандай кінәсі жоқ анасы жазасын өтеді. Анасымен бірге жаңа туылған сәби Фарида да жаза мерзімін өтеді.

Өткенмен бетпе-бет келу Фарида Ибрагимқызына ауыр тиді. Кино түсіруші топпен бірге ол ата-анасының қиындыққа толы жолы өткен жерлерге барды. Жарты ғасырдан астам уақыттан кейін ол жолды қадамдап қайталады.

Лагерь. Түрме. Айдалу...

Тоқсаныншы жылдардың соңы – екі мыңыншы жылдардың басында "Культура" телеарнасында төрт кеш қатарынан Марина Разбежкинаның "Бір отбасы тарихы (История одной семьи)" деректі фильмі көрсетілді. Тек бір отбасының тарихы ғана емес... Халықтың тарихы...

Ал екі мыңыншы жылдардың ортасында, ерте көктемде қазақ даласына тағы да бір мәскеулік кино түсіруші топ келді – Светлана Быченко өзінің туысқанының хикаяты туралы деректі фильм түсірді. Фильм тағы да Долинка туралы болып шықты.

Қайта құрудан кейінгі ұрпақтың өкілі саналатын екі ресейлік режиссердің деректі фильмі осында түсіріліп, олардың кейіпкерлерінің жолы дәл осы жерде түйісті. Демек, тақырып әлі де жабылған жоқ деген сөз. Туған тарихқа қызығушылық Ресейдің адал әрі білімді азаматтары арасында әлі де өзекті деген сөз.

Осылайша Долинка өткен шаққа қайта оралады...

Долинканың қасірет-қайғысы жібермей тұр.

Долинка қыстағындағы Саяси репрессия құрбандарын еске алу музейі

* * *

Бүгін өткенді ойлайтындар көп емес. Оперчекист бөлімшесінің саман барағы, қамалғандардың еңбегімен салынған клуб, ескі орта мектеп қазір жоқ (мектеп те бір қабатты саман барақ болатын, онда бақылаушылардың балалары жазасын өтеп жатқан, бірақ "арнайы бұйрыққа" дейін лагерьде қалдырылған "халық жауларының" балаларымен бірге оқыды). Лагерьдің бас басқармасының алдындағы бір кездегі күтіп-бапталған саябақтан да ештеңе қалмаған. Бас басқарма ғимаратының өзі де бұрынғыдай емес, бұрын ол жасыл желектің ортасында жайнап тұратын. Енді бұл ғимарат – Саяси қуғын-сүргін құрбандарының мұражайы. Тұтқындар азапты өмірін өткізген барақтар әлдеқашан қайта салынып, кіреберіс қосылып, шатыры әппақ саманнан еуропалық үлгімен қайта жабылып, заманауи терезелер орнатылған...

Уақыт аямайды. Ол көп нәрсені жояды.

Бірақ жады қалады.

Одан қаша алмайсың.

Сол Жады үшін әлемнің әр түкпірінен ресейліктер, немістер, америкалықтар, израильдіктер, француздар, финндер, поляктар, корейлер, жапондар Долинкаға арнайы келді. Жариялылық жылдарында, КОКП бас хатшысы М. С. Горбачевтің қайта құру ұмтылысынан кейін әлемге КСРО-ның шынайы тарихы ашылғанда бұл жерге бәрі де келді. Ал КСРО тарихы ұлы құрылыстар, жетістіктер мен жеңістер, халықтың отаншылдығы пен ынтасы, теңдессіз қаһармандығы мен төзімінің тарихы ғана емес, тікенек сымның ар жағындағы алып ГУЛАГ империясының да тарихы еді.

Біреулер бұл жерде туғандарының ізін іздеп келсе, енді біреулер осында өткен жастық шағын есіне алу үшін келеді. Біреулер әуесқойлықпен, енді біреу аяныштың итермелеуімен келеді...

* * *

Музей ашылған күні осында Мәскеуден келген қонақ Татьяна Ивановна Никольскаяны кездестірдім. Бауыры, егіздің сыңары екеуі 1941 жылы Долинкада дүниеге келді. Туу туралы куәлігінде солай жазылған. "Аналар үйінде", Орталық егіншілік бөлімшесінің жанындағы балабақшамен іргелес лагерь перзентханасында дүние есігін ашты. Сыңарының ғұмыры қысқа болды, оның моласы да белгісіз, осындағы барлық мола секілді атаусыз, металмен айқыш-ұйқыш дәнеркерленген белгісі ғана бар көп төмпешіктің бірінде жатыр. Бұрынғы егіншілік бөлімінің бұрылысындағы "аналар зиратында". Қазір балалардың бұл зираты – осында Естелік үшін келетіндердің орны...

Татьяна Ивановна Никольская балалық шағы туралы есте қалған сезімін: "Үнемі қарным ашатын және қатты суық болғаны есімде", – деп еске алады...

Жарты ғасырдан астам уақыт өткенде мәскеулік зейнеткер, бұрынғы КСРО Мемлекеттік банкінің қызметкері қазақ даласына тек осы өткен-кеткеннің тасасында ұмытыла жаздаған жерлерді көру үшін ғана келді.

Қонағымның анасы Ксения Ивановна Никольская кезінде ЧСИР (Отан сатқынының отбасының мүшесі, ОСОМ) ретінде Мәскеуде қамауға алынған, оның күйеуі 1937 жылы сол қамалған жерінде, КСРО астанасында "халық жауы" ретінде атылған. 1941 жылы лагерьде Ксения Ивановна егіз ұл мен қыз туды...

Татьяна Ивановна Никольская Долинкаға келуге бел буып, бұрынғы КСРО-ның әр тарапынан келетін жүздеген адамның бірі болды.

* * *

Борис Афанасьевич Годуновтың естеліктеріне оралайын. Иә, жоғарыда сөз еткен Годунов. Оны отбасымен бірге Донбасстан Үшінші көмір қоймасының бастауында басқа да шахтерлер сияқты алдап әкелді. "Жұмақ" болады деп уәде беріп әкеліп, өмірлерінің соңына дейін Тарихтың куәгері етті. Кеңестік үгіт-насихат ұзақ уақыт бойы тасасына тығылған Тарихтың, бүкіл әлем алдында түбінде шынайы бейнесін ашқан Тарихтың куәгері етті. Шындықтың жүзінен де, Уақыттан да қаша алмайсың...

Годуновтардың аядай үйіне біреудің көзі түсті ме, әлде басқа себеп болды ма, жеті жасар Бористің әкесі Афанасий Федорович сталиндік репрессияның қысымына түсті. Олар саясат туралы түк білмейтін адамдар еді, саясатты ойлайтын уақыттары да болған жоқ, күнкөрістің қамымен жүрген еді… Сол бір түнді ешқашан ұмытпас. Кішкентай Борис пен әкесін ұстап әкетті. "Столыпиндік" вагонзакта солтүстікке қарай әкетті. Атбасар станциясына дейін жеткізді. Лагерь. Дәлірек айтсақ, лагерь бөлімшесі. Мұнаралар. Қасқырдай жауыз иттер. Қарулы сарбаздар. Боқтық сөз. Сол кезде барып қараса, Годуновтың баласы бар екен! Қайда жібереміз оны? Әкесін зонаға, баласын – зонаның сыртына. Бірақ, жіберген жоқ. Жер аударғандай етті. Жер аударылған баланы (!) "вольняшкаға", яғни еркін жалдамалыларға бекітті. Сонда Атбасарда бірінші сыныпқа барды.

Кішкентай тұтқын, әлде тұтқын емес пе, белгісіз, әкесін көрген жоқ: таң қараңғысында зектерді сапқа тұрғызып карьерге апаратын, иттер қырылдап, күзетшілер айғайлап жататын, жұмыстан түнделете қайтатын. "Тікенек сымның" ар жағында әкесі екі жыл отырды, үлгілі еңбегі үшін оны Қарағандыға, үйіне жіберді. 35-жылы ІІХК Қазақстанда әлі күшінде емес еді, қанды қырғын 37-де басталды.

37-жылы күзде Афанасий Годуновты тағы да қамауға алды. Ескі қаладағы қызыл үйдің жанындағы жасыл шатырлы түрмеге әкетті. Күндіз балалар мен әйелдер түрменің тақтай қоршауына жабысып, жарығына қарайтын – бірі әкесін, бірі күйеуін іздейтін. Таңертең қақпадан қарауылшылар этапты шығаратын – қамалғандар жерді шаңдатып шығатын. Этап қозғала сала (қайда баратынын ешкім білмейтін) балалар жерден бүктелген қағаздарды жинайтын: ол тұтқындардың отбасына хабар-ошар бере ме деген үмітпен жазатын хаттары еді. Бірақ олардың хабарын жеткізіп жатқан ешкім болған жоқ – бәрі қорқатын.

Қыркүйек айындағы осындай таңғы этаптың бірімен Афанасий Федорович Годуновты да алып кетті. Содан қайтып оралған жоқ…

АНЫҚТАМА

1902 жылы дүниеге келген, білімі аяқталмаған жоғары, беларус, Могилев округында туып-өскен, №2 Қарағанды шахтасының техминимум нұсқаушысы Афанасий Федорович Годуновты 1937 жылы 20 қыркүйекте УНКВД "үштігі" 58-10-бап бойынша ату жазасына кесті. Үкім Қарағандыда бірнеше күннен кейін орындалды, ол туралы 1997 жылы шыққан "Книга Скорби. Расстрельные списки" (Қайғы кітабы. Атылғандар тізімі) кітабында жазылған. Қарағанды облыстық соты Афанасий Федорович Годуновты 1957 жылы 26 ақпанда "қылмыс құрамы жоқ" болғандықтан ақтады.

Отбасына не болды? Отбасын жатақханадан қуып шықты. Оларды Афанасий Федоровичпен бір шахтада істеген кенші, көпбалалы Түсіп Күзембаев паналатты (бүгінде Қарағанды бассейнінің ең ірі шатхталарының бірі Күзембаев есімімен аталады). Басын қатерге тікті – көршілердің біреуі шағым жазса, мұның соңы Түсіп үшін оңайға соқпас еді. Бірақ ешкім жазған жоқ. Осылайша атылған "халық жауы" Афанасий Федорович Годуновтың отбасын сақтап қалды.

Соның арқасында бала Борис пен әпкесі тірі қалды. Аналары дүниеден өткелі де біраз жыл болды, әйгілі шахтер Түсіп Күзембаев да бұл дүниеде жоқ. Борис Афанасьевич та қартайды. Өткенді еске алғанда "не үшін?" дейді әлі де. Жауабын таба алмайды.

Долинка қыстағындағы Саяси репрессия құрбандарын еске алу музейі

* * *

...Шындық Долинканы 80-жылдардың ортасында қуып жетті. Сол күзде ІІХК Қарлаг лагерінің қорықтық аймағын бізге осында "халық жауы" ретінде жаза мерзімін өтеген және 80-жылдардың соңында кінәсіз жәбірленген адам ретінде ақталған канадалық финн Хеймо Раутеайнен көрсетті.

Оны КСРО-ға революциядан кейінгі алғашқы жылдары коммунист әкесі алып келген, содан соң 1937 жылы "халық жауы" ретінде қамауға алынған, ол туралы BBC журналистері керемет деректі фильмін түсірген ("Те, кто выйдут отсюда, навеки родные" – авт.). Иә, Степлагтың тағы бір шетелдік тұтқыны, Трансваальдан келген Джозеф Глазер сияқты, Хеймоны да қарапайым жұмысшы, Канадада шағын темір шеберханасының иесі болған әкесі әкелді, ол коммунистердің идеясына сеніп, "жаңа әлемді" өз көзімен көру үшін КСРО-ға көшіп келді.

Көрді. Отызыншы жылдардың басында коммунистерге сенген канадалық жұмысшыны "тыңшы және диверсант" ретінде қамауға алды, содан кейін 1942 жылға таман біршама өсіп қалған ұлы түрме камерасына жеткізілді. Ұлы да РКФСР Қылмыс Кодексінің 58-10-бабы бойынша сотталып, өмір бойына "халық жауы" деп атанып кете барды.

Хеймо ұзақ отырды, түрменің зәрін әбден жұтты. Аяғы бастырмай, лагерьдегі қара жұмыс пен сылдыр көжеден әбден әлсіреп, құр сүлдері қалған кезде ғана оны Корум лагерь бөлімшесіне пеллаграмен ауыратындардың қасына жіберді. Өлімге жіберді. Сұп-сұр, сұрықсыз саптың ішінде Корумға сүйретіліп жетті. Екі барақ, асхана, өліктерді апаратын жер мен құдық, бәрі де өткен шақта қалыпты, ізі де жоқ.

Қазіргі Шахтинск қаласының жанында Корумның зираты бар. Жас Хеймо сол жерде "халық жауларына" арнап мола қазды. Осылайша ол Қарлаг бастықтары есептерінде жазғандай, "еңбекпен түзелді", олар құлдық еңбекті осылай атайтын.

Арада жарты ғасыр өткенде ол сол зиратты тауып, мені және Латвиядан келген кинодокументалист Геннадий Земельді сонда бастап барды, басынан өткен азапты күндерді есіне түсіретін жерлерді көрсетті.

Хеймо тірі қалды. Жастығының, финндерге тән шыдамдылықтың, канадалықтарға тән әділдікке сенімінің арқасында соншама қасіретке қарамастан тірі қалды.

Ал біз онымен бірге Қарлагтың бұрынғы бөлімшелерін шарлап, Хеймоның қайғылы хикаясын тыңдадық.

* * *

Сол жылдары білгісі келетіндер, есінде сақтағысы келетіндер, көргісі келетіндер көп болушы еді. Ойланғысы, түсінгісі келетіндер...

Ол кезде Долинкаға негізінен "отырғандар" мен олардың балалары келетін. Осы жерге Мәскеудің "Современник" театрының әртісі Гарик Острин да, Мәскеуде әйгілі ғалымгеограф, Бүкілодақтық география қоғамының мүшесі, әртүрлі мемлекет туралы көптеген кітаптың авторы Феликс Патрунов та келіп кетті. Мұнда оларды жастық шағы туралы естеліктер әкелді. Екеуінің де анасы Отан сатқынының отбасының мүшесі ретінде лагерьде жазасын өтеген. Аналарының қамау мерзімі 1946 жылы аяқталды, бірақ Берияның бұйрығына сәйкес оларды "арнайы бұйрыққа" дейін лагерьден босатқан жоқ. Ал балаларына келуге рұқсат етілді, олар аналарының қасында барақтарда тұрып, әйгілі Долинка мектебінде оқыды.

Феликс Патрунов Қарағандыға бірнеше рет келді. Анасының естелігін айтып қана қоймай, маған оның "Тұтқындалушының ісінің" көшірмесін Мәскеудегі бұрынғы ГУЛАГ мұрағатынан әкелген сол болды. Остринды Астана іргесіндегі бұрынғы АЛЖИР-да сталиндік репрессия құрбандары мемориалының ашылуында қайта кездестірдім (алғашқы кездесуден кейін 20 жыл өткенде!).

Ал 1989 жылы мен олармен бірге Долинкаға барғанда көп нәрсе әлі де ұмытыла қоймаған болатын. Олардың сол кездегі әңгімесі де есімде: "Мына жерде мектеп болды, ал мына жер клуб, анау тұста жақсы кітапхана болатын. Мынау тұтқындарға арналған аурухана, онда РКФСР бұрынғы денсаулық сақтау министрі, профессор-кардиолог, "халық жауы" Колесников жұмыс істеді..."

1991 жылғы тамыздан кейін бұл жаққа шетелдік тілшілер қаптап келе бастады. Дүниежүзінің кино және телеэкранында, газеттерде Dolinka сөзі жиі кездесе бастады.

"Daily Mail"-ден Миранда Инграм, "U. S. News" корреспонденті Робин Найт келді. Лондоннан келген журналистерді Хеймо Раутеайненнің тағдыры қызықтырды. Олар бірден Долинкаға келді.

Словакиядан келген Микаэл Йордан, Польшадан (Варшавадан) келген профессор Адам Добронски, Польша теледидарының журналисі Анна Петрачек, "The Chronicle of Hingher Edukation"-нан келген Макс Виллиамс...

Ол кезде Долинкаға кіммен ғана бармадық, Қарлагтың бұрынғы бас басқармасын кімдер ғана суретке түсірмеді, оның дәліздерін, ғимарат алдындағы соқпақты кімдер таптамады?..

Біздің жаққа жай ғана әуесқойлықпен емес, Кеңес Одағының халқы басынан кешкен трагедиясы қайталанбас үшін ол туралы әлемге айтып беру ниетімен келгендердің барлығын бірдей атаған жоқпын.

Ал аты-жөні аталғанның көбіне қатысты талай қызық оқиғалар, кездесулер, әңгімелер бар.

Неміс журналисі Кристина Линк бұл жерде екі қарт неміс әйелі туралы деректі фильм түсірген. Олардың күйеулері Коминтернде жұмыс істеген, Германияда отызыншы жылдардың басында Гитлер өкімет басына келгенде КСРО-дан пана тапқан, содан кейін Мәскеуде ІІХК оларды тұтқындап, кеңес өкіметі екеуін де Гитлерге қайтарды, кейін Гитлер өз елінде олардың көзін жойды. Мәскеуде, жағалаудағы әйгілі үйде қалған әйелдерін тұтқындап, Қарлагқа 8 жылға жіберді, сол жерде ОСОМ ретінде мерзімдерін өтеді.

Сол келгенде Платайс пен Зибенайхердің бірінің жасы сексенде, екіншісі одан сәл жастау екен. Алдымен Ақмола іргесіндегі Малиновкаға, содан кейін Долинкаға барып, қазақ даласын шарлады, тікұшақпен көтеріліп, жаздың аптап ыстығына қарамай бұрынғы этаптардың жолымен жүріп өтті. Олар мені де, болашақ фильмнің продюсері Замирді де (фамилиясын ұмыттым) шыдамдылығымен, ақыл-парасатымен таңғалдырды. Біз тіпті алпысыншы жылдардың басында, қонақтарымыз Қарлагтан босатылған кезде Германияға кетер алдында Майқұдықтағы жалға алған үйді таптық. Кристина Линк көп ойланбастан бұрынғы Советская (қазір Бұқар жырау) даңғылындағы КГБ-ның (Мемлекет қауіпсіздік комитеті) облыстық басқармасына қарай тартты. Өткізу пунктіндегі "бақылаушының" айғайына қарамастан, ереже мен шарттылықтың бәрін бұзып, камерасына Бүкілресейлік төтенше комиссияны (ВЧК) құрушының "жарқын бейнесін" түсіріп алды, оның мүсіні кезінде ведомствоның вестибюлінде тұратын. Жолымыз болғанда ведомствода сөз түсінетін адам бар екен (әдеттегідей!), сыпайы әрі құшақ жая қарсы алып (бұл әлі сексенінші жылдардағы қайта құрудың соңы!), күтпеген қонақпен тіл табысты. КГБ-ның жаңа формациясының қызметкерлері мен әйгілі АЛЖИР-дің бұрынғы тұтқындары табалдырықта тіпті бір-бірімен ежелгі достай болып, жылы сөзбен қоштасты, бұл Замир екеумізді қатты таңғалдырды.

* * *

Ортақ тарихымыздың өтіп кеткен, бірақ ұмытылмаған парағына қызығушылық әлі де бар. Тек бізде, Батыста не басқа алыс елдерде ғана емес, Ресейде де бар.

Қарлагтың бұрынғы тұтқыны Георгий Иванович Левин "халық жауы" ретінде 1934 жылы тұтқындалды, бүкіл мерзімін өтеп, бәріне шыдап, тірі қалды, ақталғаннан кейін Қарағандыда қалды. Осы жерде көп жыл тұрды.

Ол мұнда этаппен мәскеулік Бутырка түрмесінен әкелінген, Долинка оған көз алдында зектердің, құқығынан айырылған кеңестік құлдардың, халықтың ішінен шыққан "халық жауларының" еңбегімен салынып жатқан шөлдегі шұрат болып көрінді. Георгий Ивановичтің айтуы бойынша, әлі күнге дейін жайқалып өсіп тұрған теректер кезінде үлкен суландыру жүйесі, биік жасанды бөгеті бар үлкен Жартас су қоймасынан тартылған арнаның арқасында отырғызылып, өсірілген. Мұның бәрін жүздеген және мыңдаған тұтқын жобалады, салды, оған қызмет көрсетті. Бұл гидротехникалық кешеннің құрылысы ауыр жағдайда жүрді, тіпті тұтқындардың қанының құнымен жасалған деп айтуға да болады.

Тұтқындалғанға дейін Георгий Иванович картограф болатын, ол Қарлагтың бірінші картасының авторы. Георгий Ивановичтің айтуы бойынша, Қарлагтың бірінші картасы сол кездегі лагерь бастығы, ГБ аға лейтенанты О. Г. Лининнің кабинетінде ілініп тұрған. Қазір де ол Долинкадағы мұражай залдарының бірінде ілініп тұр.

Долинка ол кезде қандай болды? Георгий Ивановичтің естелігіне сүйенсек, бүкіл оңтүстік жағы, ондағы үш көше қатарынан екі қабат тікенек сыммен қоршалған. Бұл 19-ДКО зонасы болды (Долинка коменданттық бөлімшесі), ол жерде автобаза, өнеркәсіптік комбинат, оқу комбинаты және басқа мекемелер болған.

Ал кенттен қазіргі Шахтинск – Қарағанды жолына шығарда тағы бір үлкен тұрғын аймақ болды, ол – ДКО-2.

Кенттің батысында, Шорыбай-Нұра өзенінің ар жағында үшінші аймақ болатын – тұрғын және өндірістік РМЗ (жөндеумеханикалық зауыты) аймағы.

Тікенек сыммен қоршалмаған, басшылық тұратын аумақ Долинкада шағын ғана еді.

Лагерьдің Бас басқармасының қарама-қарсы жағында, бұ­рынғы кент асханасының қасында, үстінде тікенек сымы бар саман қоршаудың ар жағында "ОЧО (опер-чекист бөлімі) орамы" болды Мұнда шағын түрме және барақ сияқты ұзын ғимарат болатын, онда тергеушілер мен басқа да қызметкерлер істеді. Мұнда қосымша мерзім берілген тұтқындарды Қарлагтың әр бөлімінен әкелетін, оларды "жабық сотпен" соттайтын. Осы жерден ату жазасына кесілгендерді (екінші үкіммен!) сонау Шахтинскіге дейін созылған лагерь зиратына апарып, сол жерде үкімді жүзеге асыратын...

Долинкада клуб болды, бірақ ол тұтқындарға арналмаған еді. Клуб "бастықтарға", лагерь басшылығына арналған болатын, сол үшін 19-ДКО-да "халық жаулары" арасынан әртістер ұстайтын. Ол клубтың сахнасында кейін зым-зия жоқ болып кеткен Антонина Иванова орыс халық әндерін айтатын. Оның дауысының тембрі мен орындау мәнері Лидия Русланованың тембрі мен мәнеріне ұқсайтын, сондықтан Русланова туралы "Қарлагта отырған, бұлбұл торда ән салмайды деп ән айтудан бас тартқан" деген аңыз пайда болды. Ол – аңыз ғана. Қарлаг туралы аңыз көп негізі, қазіргі кезде аңызды қойып, тіпті жалған әңгімелер де пайда бола бастады – кезінде кеңестік үгітнасихат шындықты жасырғандай, тарихтың да бізді шындыққа жақындатқысы жоқ.

Нина Вадимовна Перешкольник (кейін А.Л. Чижевскийдің лагерьдегі жары) Қарлаг клубының сахнасында өзі құрған сыған ансамблінің аккомпанементімен сыған романстарын орындады. Лагерь сахнасы көптеген атақты адамды көрді, ол туралы көп жазылды.

Зонада тұтқындарға арналған шағын саман клуб болды, онда әртістер бригадасы кенттің клубында өнер көрсетуге дайындалатын, анда-санда тұтқындарға да ән салып беретін...

Бұрынғы "халық жауы", инженер және адал азамат, Фарида Дәулеткелдінің ата-анасы сияқты, басқа да миллиондаған адам сияқты халық пен Отанның алдында ешқандай кінәсі жоқ Георгий Иванович Левиннің есінде 30-жылдардың ортасындағы Долинка осындай болып қалды.

* * *

...Ал менің есімде қалғаны, алпысыншы-жетпісінші жылдары Долинка қарағандылықтар үшін керемет жидектерімен, мәуелі бақшасымен тартымды болатын, қалалықтар ол жаққа табиғаттың сыйын жинап алуға баратын, "жүйектерден" алынған қиярының дәмі қандай еді, шіркін!

Сол жылдары Долинкада геологиялық іздеу топтары жұмыс істеді, одан бірнеше шақырым қашықта алып заманауи шахта пайда болды, қысқасы, Долинка ешкімнен тығылмай өмір сүрді. Мұнда кіру үшін ешқандай "кордон" мен "арнайы рұқсат қағаздың" керегі жоқ, кім болса да, шаруамен ба, жай ма, келе беретін, кейбіреулері дәмі тіл үйіретін ауыл шаруашылық тауарларын, сүт, қаймақ, сүзбе алуға келетін.

Қарлагтан кейін мұнда жоғары білікті кәсіби мамандар, РКФСР ҚК 58-бабымен ұзақ мерзімге сотталған "халық жаулары", ВАСХНИЛ (Ленин атындағы бүкілодақтық ауыл шаруашылық ғылымдары академиясы) академиктері, Аскания-Нова, Абрау-Дюрсо қорықтарының мамандары ұйымдастырған ауыл шаруашылық өндірісі, сүт зауыты, ірімшік қайнату зауыты, ауыл шаруашылық тәжірибе станциясы қалды. Жергілікті ауыл шаруашылық өндірушілердің өнімі жақсы сұранысқа ие болды. Мұнда Қарлагтың қайғылы биографиясы біткеннен кейін де он жылдай ондаған жоғары білікті маман жұмыс істеп, өмір сүрді, емдеді, оқытты, өсірді, өңдеді. Қысқасы, алпысыншы-жетпісінші жылдары Долинка режимдік орын болған жоқ.

Кейде қалалықтар Долинкаға жай ғана таза ауа жұтуға, демалу үшін баратын. "Қарағанды" кеңшары (Қарлаг ЦПО-ның Орталық егіншілік бөлімшесі) мен Долинканың арасындағы берекелі жерде жеміс бағы мен жидектердің ортасында алпы­­­сыншы-жетіпісінші жылдары әйгілі "обком" саяжайлары пайда болды. Сол кездегі Жоғары милиция мектебінің кур­­­санттары осы жерде өздерінің жазғы лагерінде жиындарын өткізетін. Қарағандылық мектеп оқушылары Долинка мен оның төңірегіндегі (бұрынғы лагерь бөлімшелері және кеңшарлар) керемет пионер лагерьлерінде демалды.

* * *

Долинка әлемге осынша танымал болар ма еді?..

"Әлемге әйгілі" дегенім асыра айтқаным емес. Бүгін Долинка шынында да әлемге әйгілі. "ГУЛАГ архипелаг аралының" астанасы – НКВД-ның Қарлаг лагері ретінде, сталиндік концлагерьлердің ең ірілерінің бірі ретінде әйгілі. Бұл жерді сол кездегі құжаттарда "еңбекпен түзету лагерь­лері" деп бүркемелеп атаған, сондағы адамды "түзеу" үшін таңдаған құралдары аштық, шамадан тыс еңбек пен өлім болды.

Бүгінде Долинка әлі де ешкімге белгісіз құпиясын бүгіп тұр, ол құпиясын күндердің бір күні ашар ма екен, кім білсін?.. Бірақ осы күнгі білгеніміз де аз емес.


"Жадыңнан өшпес" жинағы "Сорос-Қазақстан" қорының қолдауымен Open Mind жобасы аясында орыс тілінде жарық көріп, кейін қазақ тіліне аударылды. Монография редакторлары: Жұлдызбек Әбілғожин, Михаил Акулов, Александра Цай, қазақ тіліне аударғандар: Әнуар Дүйсенбинов және Жұлдыз Әбділда. Сондай-ақ, жоба аясында қуғын-сүргін тақырыбы бойынша әзірленген виртуалды көрмемен осы сілтеме арқылы өтіп танысуға болады.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары