Тікелей эфир

Пәтер иелері коперативтері тұрғындар қаражатының 70-80 пайызын өз қажеттіліктеріне жұмсаған

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов қала тұрғындары қай мәселелер бойынша көп шағымданатынын айтты.

"Тұрғындардың пәтер иелері коперативтерінің жұмысы мен үй құрылысы сапасына шағымдары күннен күнге көбейіп келеді. Nur Otan партиясының қалалық аппаратына соңғы бір жарым жылда 40 мыңнан астам шағым түсті. Оның ішінде сапасыз құрылыс, шатырлардан су ағуы, тұрақтарды су басу, аулалардың сапасыз абаттандырылуы, аумақтарды тазарту, қоқыс шығару мәселелері жиі көтеріледі. Алда қыс келе жатыр. Қар тазалау мәселесі де тұрақты көтерілетін болады", – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімі Алтай Көлгінов.

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда қалада 2600 көппәтерлі тұрғын үй бар. 488 ұйым осы пәтерлерге қызмет көрсетеді. Бұл өте үлкен жұмыс. Қаланың тұрғын үй қоры да артып келеді. Жыл сайын 2 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі.

"Тұрғын үй қорының көбеюі оны басқаруда да үлкен жұмысты қажет етеді. 2018 жылы жаңадан 140 мыңнан астам жаңа пәтер мен жер үй салынды. Бұл шамамен 35 мың тұрғын үй. Жалпы, қала бойынша қазір 280 үйдің құрылысы жүріп жатыр", – деді Алтай Көлгінов.

"Республика бойынша былтыр 12,5 млн шаршы метрден астам үй салынды. Бірақ салынған үйлердің бәрі сапалы емес. Көп үйлер салынғаннан кейін бір-екі жылдың ішінде қайта жөндеуді талап етеді. Мұның бәрі халықтың наразылығын тудыратыны түсінікті. Нәтижесінде үйлерді күтіп-ұстау тұрғындардың өздері үшін үлкен проблемаға айналады. Кей пәтер иелері коперативтерінің жұмысы тұрғындардың көңілінен шықпайды. Соның ішінде тұрғындардың көпшілігі жиналған ақшаны жұмсауда ашықтықтың жоқтығы мен мақсатсыз жұмсалуына шағымданады", – деді Nur Otan партиясы хатшысы Марат Сембеков.

Nur Otan партиясының зерттеуіне сілтеме жасаған Марат Сембеков, республика бойынша халықтың үштен бірі пәтер иелері коперативтерінің жұмысына сенбейді дейді.

"Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы кей пәтер иелері тұрғындардан жинаған қаражаттың 70-80 пайызын өздерінің қажеттіліктеріне жұмсаған. Бұл қаражат үйді жөндеуге жұмсалуы керек болған. Үй салушылар да қызмет көрсетуді өздерінің үлестес компанияларына береді. Сонымен қатар, шатыр мен жертөле секілді ортақ меншікті сатып жібереді", – деді Марат Сембеков.

Әкімдік алдағы бір айда қаладағы құрылыс нысандарының стандартқа сәйкестігі мен пәтер иелері коперативтерінің жұмысына тексеріс жүргізетінін ескертті. Оның қорытындысы бойынша қандай да бір олқылық табылатын болса, тиісті жаза қолданылады. Егер мұндай жағдай бірнеше рет қайталанса, атқарушы билік құрылыс компанияларының лицензияларын алып қоймақ. Пәтер иелері коперативтерінің басшылары да жазасыз қалмайды.

Айта кетейік, қазір Парламентте "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық туралы" заң жобасы талқыланып жатыр. Онда тұрғын үй қорын басқаруды жетілдіру мәселесі қаралуда.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары