Тікелей эфир

Президент сайлауында қалай дауыс беру керек? Нұсқаулық

Фото Informburo.kz
Фото Informburo.kz
Қазақстандағы Президенттік сайлау кезіндегі азаматтардың құқықтары мен міндеттіліктерін талдаймыз.

Елімізде кезектен тыс Президент сайлауы 9 маусымда өтеді. Informburo.kz Алматының сайлау комиссиясының төрағасы Жанна Асановамен бірге заңнамада сайлаушыларға қандай талаптар қойылғаны және өз кандидатына қалай дауыс беруге болатыны туралы түсіндіреді.

Кімнің дауыс беру құқығы бар?

ҚР 18 жасқа толған азаматы сайлауда дауыс беруге құқылы.Әрекет ету қабілеті бар, сотталмаған азамат болуы тиіс. Сайлаушыға қойылатын тағы бір талап – тіркеуде болуы.

Дауыс беру үшін қандай құжаттар керек?

Жеке басын куәландыратын куәлік немесе төлқұжат.

Қай жерде дауыс беру керек?

Дауысты тек тіркелген мекен-жайы бойынша беру керек. Жергілікті атқарушы органдардың сайттарында сайлау учаскелеріне қатысты ақпараттар жарияланады. Мәселен, астаналықтар өзінің сайлау учаскесі туралы ақпаратты iKomek-тің 109 нөмірінен, Smart Astana қосымшасынан және қаланың ресми сайты astana.gov.kz ала алады. Сонымен қатар өз учаскесін әкімдіктің maps.astana.kz геопорталынан және Telegram-дағы @smartastana_bot чат-ботынан табуға болады.

Алматыда жақын уақытта арнайы call орталықтар жұмыс істейді, олардың нөмірлері әкімдіктің сайтында және Open Almaty-да жарияланады.

Егер сайлау күні басқа қалада болсаңыз, қалай дауыс бере аласыз?

Тіркеусіз дауыс беруді рәсімдеудің екі жолы бар:

  1. Бір ай бұрын, яғни 9 мамырға дейін елді-мекеннің әкімдігіне жүгініп, сайлау учаскесін көрсетумен сайлаушылар тізіміне қосу туралы өтініш жазасыз.
  2. Сайлау учаскесіне барып, сайлауға дейін 20 күннен ерте емес уақыттан кейін есептен шығару талонын аласыз. Есептен шығару туралы куәлік 8 маусым күні жергілікті уақытпен сағат 18-00-де тоқтатылады.

Мақаланың орысша нұсқасын оқи отырыңыз: Как проголосовать на выборах президента Казахстана? Инструкция

Қаланың ішінде сайлау учаскесін өзгертуге бола ма?

Иә. Ол үшін 9 мамырдан кешікпей жергілікті әкімдікке барып өтініш жазу керек.

Сайлаушылар тізімінен аты-жөні табылмаған дауыс берушіге не істеу керек?

Сайлау комиссиясының мүшелеріне осы учаске аумағында тұратындығын растау үшін мекен-жай анықтамасын ұсыну керек.

Қозғалысы шектеулі азаматтар қалай дауыс береді?

Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын немесе отбасының ауру мүшесін бағып отырған азаматтар тіркелген мекен-жайы бойынша сайлау учаскесіне 9 маусым күні сағат 12-ден кешікпей өтініш жазуы керек.

Одан кейін сайлау комиссиясының мүшелері жәшікпен оларға келеді.

Уақытша тіркеу туралы анықтаманы көрсетіп, дауыс беруге бола ма?

Жоқ. Сайлаушылардың тізімі тұрақты мекен-жайлары бойынша жасалады.

Өз туыстары атынан дауыс бере ала ма?

Жоқ. Тіпті туыстарыңыздың жеке куәлігін көрсетсеңіз де, сізге бюллетень берілмейді. Өйткені әр сайлаушы өзі дауысын өзі беруі керек.

Шетелде жүрген адам қалай дауыс береді?

Шетелде Қазақстанның елшіліктері мен консулдықтары жанындағы сайлау учаскелерінде дауыс беруге болады. Олардың мекен-жайын мына жерден көруге болады.

Неліктен электронды дауыс беру жүйесі жоқ?

2000 жылдары "Сайлау" аталатын осындай жүйе іске қосылды. Алайда сайлаушылар оны пайдаланбады, сонымен қатар саяси партиялар, жұртшылық және байқаушылар тарапынан сынға қалды. Содан бері бұл жүйе сайлауда қолданылмайды.

Сайлау учаскесінің жұмыс кестесі

9 маусымда сайлау учаскесі түскі үзіліссіз сағат 7-00-ден 20-00-ге дейін жұмыс істейді.

Сайлауға баруға мәжбүрлей ала ма?

Жоқ. Оған бару-бармау әркімнің өз еркі.

Біреуге дауыс берген-бермегені туралы есеп беру керек пе?

Жоқ, міндетті емес. Дауыс беру жасырын түрде өтеді және сайлауға қатысу-қатыспау әр адамның өз құқы.

Қалай дауыс беру керек?

  • Сайлау комиссиясының мүшесіне жеке басты куәландыратын куәлікті немесе төлқұжатты көрсете отырып, бюллетень алады.
  • Жасырын дауыс беру кабинасына кіріп, бюллетеньді толтырады.
  • Егер бюллетеньді өзі толтыра алмаса, сенетін адам көмегіне жүгіне алады. Дауыс бергеннен кейін оның тегі бюллетень алу кезінде сайлаушының қолы қойылған сайлаушылардың тізіміне енгізіледі. Бірақ ол адам төмендегілер болмауы тиіс: сайлау комиссиясының мүшесі; жергілікті атқарушы немесе өкілетті органның сенімді тұлғасы; БАҚ өкілі; байқаушы; сәйкес сайлау комиссиясында тіркелген азамат.
  • Дауыс беру кабинасында дауыс беруші кез келген белгіні қояды, өзі дауыс беретін кандидаттың тегінің оң жағындағы бос орынға айқаршық (х) немесе қанат (v) белгісін салады. Бюллетеньге қарындашпен белгі қоюға, сонымен қатар түзету жасауға жол берілмейді.
  • Содан кейін дауыс беруші бюллетеньді жәшікке салады.

Дауысты тек бір рет беруге болады.

Абайсызда бюллетеньді бүлдіріп алғанда, не істеу керек?

Комиссияға келіп, бюллетеньді бүлдіріп алғаны туралы айтады. Оған жаңасын береді, ал бүлінгенін алып, санау кезінде пайдаланылмаған бюллетеньдердің есебінен қосады.

Бүлінген бюллетеньді жәшікке салмай тұрып ауыстыру керек.

Авторы Серікжан Мәулетбай.

Аударған Мәншүк Шапхатқызы.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары