Тікелей эфир

Президент сайлауында 300-ге жуық ТМД байқаушысы жұмыс істейді. Жаңалықтарға шолу

Зумба биімен, джиу-джитсу және кроссфитпен тегін айналысу мүмкіндігі бар. Алдағы үш күн елімізде жаңбырлы болады.

Елордада тұрғын үй кешендеріне қызмет көрсетуші 120 компанияға айыппұл салынды

Олардың бәрі қызмет көрсететін үйлерінің аумағын қатты-тұрмыстық қалдықтардан, қоқыстардан, қардан тиісті деңгейде тазаламаған, қоқыс жәшіктерін қоймаған, хабарлама бұрыштарын ілмеген. Жыл басынан бері оларға 3,5 млн теңгедей айыппұл салынған.

Владимир Зеленский ант қабылдады

Киевте Украинаның су жаңа Президенті В.Зеленский халыққа адал қызмет етуге ант берді. Оған мемлекет басшысының куәлігі ресми түрде табысталды. Ұлықтау рәсімінде В.Зеленский жоғарғы Раданы тарататынын мәлімдеді. Украинаның қауіпсіздік қызметінің басшысын, Қорғаныс министрі мен Бас прокурорды қызметінен босатуға екі ай уақыт берді.

Өз сөзінде В.Зеленский әлемдегі барлық украиндықтарды елге шақырды. Оларға азаматтық беруге уәде етті. Халыққа үндеуінде сондай-ақ, Донбастағы дауға нүкте қою мәселесін де көтерді.

– Сіздердің жұмыс бөлмелеріңізде менің суретімнің ілініп тұрғанын қаламаймын. Президент – сыйынатын, табынатын адам емес, портрет емес. Оның орнына өздеріңіздің балаларыңыздың суретін іліп қойыңыз, шешім шығармас бұрын балаңыздың көзіне қараңыз, – деді В.Зеленский.

Президент сайлауында 300-ге жуық ТМД байқаушысы жұмыс істейді

ТМД Атқару комитеті – атқарушы хатшысы төрағасының бірінші орынбасары В.Гуминскийдің айтуынша, Қазақстанның барлық аймағында ТМД байқаушылары болады. Байқаушылар миссиясына ТМД Атқарушылар комитетінің төрағасы – Атқарушы хатшысы С.Лебедев басшылық жасайды.

Қашағанда жоспарлы жөндеу жұмыстары уақытынан бұрын аяқталды

Осыған байланысты мұндай өндіру жұмыстары да мерзімінен 10 күн бұрын басталды. Әзірге кеніштің өндірістік қуаты тәулігіне 70 мың баррель айналасында. Ал маусым айының басында өндіріс 100 пайыз толық қуатымен жұмыс жасап, тәулігіне 370-400 мың баррель мұнай өндіріледі.

Ауғанстанда Қорғаныс министрінің орынбасарлығына бірінші рет әйел тағайындалды

Мүнира Юсуфзаде бұған дейін Президент әкімшілігінің кеңсесінде мәдени, саяси, әлеуметтік мәселелер бойынша бағдарламаларды үйлестіру жөніндегі директордың қызметін атқарған. Сонымен қатар Кабул қаласы губернаторының орынбасары болған. Қорғаныс ведомствосына М.Юсуфзаденің тағайындалғаны туралы жаңалық тұрғындардың талқылауына түсті. Халықтың сын-ескертпесіне ел Президентінің баспасөз хатшысы жауап берді. Ол өз сөзінде өзге елдерде әйелдердің қорғаныс, қауіпсіздік саласында да басшылық қызметтерді атқарып отырғанын тілге тиек етті.

Зумба биімен, джиу-джитсу және кроссфитпен тегін айналысу мүмкіндігі бар

26 мамырдан бастап Елордада ашық аспан астындағы жексенбілік жаттығулардың маусымы басталады. Қаладағы төрт бірдей паркте (Ботаникалық бақ, Жерұйық, Жетісу, Астаналық паркінде) сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін кәсіби жаттықтырушылар тегін жаттығу өткізеді. Ең бірінші жаттығу сабақтары Астаналық паркінде 26 мамырда (қалған парктерде 2 маусымнан) басталады. Жексенбілік жаттығулар тамыз айының соңына дейін жалғасады.

Оралмандарға тұруға ықтиярхат алуды жеңілдететін заң жобасы әзірленді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі дайындаған құжат қазір Үкіметте қарастырылып жатыр. "Халықтың көші-қоны туралы" заңның 20 бабы 10 тармағына сәйкес "Этникалық қазақтар тұратын жеріне келгеннен кейін, оралман мәртебесін алғаннан соң, тұрақты тұруға рұқсат алу үшін ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелеріне өтініш береді". Ал, жаңа заң жобасына сәйкес, құжатты рәсімдеу тәртібі еркін жүзеге асырылады. Сәйкесінше, заң қабылданғаннан кейін оралмандар бірінші Оралман құжатын рәсімдей ме, әлде тұруға ықтиярхатты жасай ма, өздері таңдай алады.

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Алдағы үш күн елімізде жаңбырлы болады. Қазгидрометтің мәліметінше, 21-23 мамырда Қазақстанның көптеген облыстарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде бұршақ жауады. Сонымен бірге жылдамдығы секундына 15-25 метр жел соғып, суытады. Батыс өңірлеріне Ресейдің Еуропалық бөлігінің орталық аймағынан антициклон жылжып келеді. Антициклон соңында солтүстік, оңтүстік және орталық облыстарда жауын-шашын тыйылады.

Elorda.info: Бала құрт сорып, сүйек мүжуі керек. Логопед-дефектолог К.Айдарбекқызы осылай дейді. "Бұрын балалардың тілі ерте шығушы еді деп айтып жатады. Бұл сөздің жаны бар. Өйткені, ол кезде құрт жеді, сүйек мүжіді. Қазіргі балаларымыз жеп жүрген тамақтардың дені жұмсақ. Қатты тамақты тістеп, мүжіп жемеген соң, тістің түбі мен қызылеті бекімейді. Оның үстіне кей ата-ана тамақты шайнап беретіні бар. Ауыз қуысы, бетінің бұлшық еті қозғалып, артикуляция болуы керек".

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары