Тікелей эфир

Президент мұғалімдердің айлығын екі есеге көтеруге тапсырма берді. Жоғары жалақы ұстаздардың қолына қашан тиеді? Жаңалықтарға шолу

ҰБТ біртіндеп электронды форматқа көшіріледі. Демалыс күндері еліміздің басым бөлігінде күн салқындайды.

Тоқаев: Ағылшын тілін 5-ші сыныптан бастап оқыған орынды

Президент Қ.Тоқаев Тамыз конференциясында үш тілді оқу жүйесіне көшуге қатысты мектептерде ағылшын тілін оқыту қай сыныптан басталатынын айтты.

– Елбасы "Қазақ тілі – үш тілдің бірі болып қалмайды, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді" деп өте өнегелі ой айтты. Сондықтан ағылшын тілін оқытуды 2-3 сыныптан немесе ата-аналардың қалауына қарай бесінші сыныптан бастау орынды әрі тиімді болады деп санаймын, – деді Президент.

Бұл ретте Қ.Тоқаев жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту білім беру ұйымдарының дайындық деңгейіне қарай іске асырылуы тиіс дегенді тілге тиек етті.

Президент Үкіметке мұғалімдердің жалақысын екі есеге көтеруді тапсырды

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев бүгін Тамыз конференциясында сөйлеген сөзінде еліміздегі мұғалімдердің еңбекақысының елдегі ең төмен айлықтардың бірі болып отырғанын атап өтті.

– Экономикадағы орташа еңбекақының 65 пайызын ғана құрайды. Әрине, біз мұнымен келіспейміз. Сондықтан Үкіметке білім жүйесіне білікті мамандарды тарту мақсатында және педагогтардың мәртебесін көтеру үшін мұғалімдердің еңбекақысын 4 жылдың ішінде 2 есеге арттыруды тапсырамын, – деді Президент.

Қ.Тоқаев сондай-ақ, елдегі педагогтардың жүктемесін азайту, абыройы мен беделін көтеру, материалдық жағдайын жақсартуға қатысты қордаланған мәселердің түйінін шешуге Үкіметке нақты тапсырмалар берді.

Елімізде бала-бақшаларды қоғамдық бағалау жүйесі енгізіледі

Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов осылай деп мәлімдеді. Министрдің айтуынша, қоғамдық бағалаудың негізінде мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының онлайн-рейтингі жасақталады. Ведомства басшысының сөзіне қарағанда жаңа жүйе биыл жүзеге асырылады.

– Қоғамдық бағалау нақты жағдайды көрсетеді. Осыған сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысын жақсарту жөнінде іс-шаралар қабылдаймыз, – дейді Министр.

ҰБТ біртіндеп электронды форматқа көшіріледі

Бұл туралы Тамыз конференциясында белгілі болды.

– ҰБТ кезінде оқушылар түрлі құйтырқыларға барады:телефон алып кіреді, өз білімімен емес, көмекші құралдардың көмегімен балл жинағысы келеді. Сондықтан біз біртіндеп ҰБТ-ны электронды форматта тапсыртуды жоспарлап отырмыз. Бізге ҰБТ-ның грант берілу кезінде шынайылық пен әділдікке кепіл болғаны керек, – деді Білім және ғылым министрі.

Қарқаралы паркіндегі өрт тағы 1200 гектарды шарпыды

Қарағанды облысында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркініңтерриториясына тиесілі орман 12-ші тамыздан бері өртеніп жатыр. 14-ші тамызда қызыл жалын 2500 гектар аумақты шарпығаны хабарланған болатын. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті парктегі өрт аумағының тағы 1200 гектарға ұлғайғанын мәлім етті. Өртті ауыздықтауға бүгін екі тікұшақ көмекке жіберілген. 60 техникамен, 3 тікұшақпен шыққан 370 адамнан құралған жасақ парктегі өртті 5 күн дегенде әрең сөндірді. Бұл туралы бүгін облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы И.Құлшымбаев хабарлады. Айтуынша, таулы аймақтағы өртті сөндіруге ауа райының төмендеуі мен жауын жаууы оң ықпалын тигізген.

Алматыда дәрігерлер есін жоғалтқан емделушінің туыстарына іздеу салды

Ишемиялық инсульт алған әйел 7 айдан бері №4 қалалық ауруханада ем алып жатыр. Аурухананың инсульт бөліміне әйел биылғы жылдың ақпан айында түскен. Ауруханаға түскенде оның жағдайы орташа ауыр деп бағаланған. Дәрігерлер қажетті ем-домын көрсетіпті. Қазір жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланрған әйелді дәрігерлер ауруханадан шығара алмай жүр. Әлеуметтік бейімдеу орталығына ауыстыруға мүмкіндік жоқ. Өйткені бірде-бір құжаты жоқ.

Ауруханадағылар әйелдің туыстарын табу мақсатында ақпаратты барынша таратуды өтініп отыр. Әйелдің жасы шамамен 50-де. Өзі туралы ештеңе айта алмайды, есінде жоқ

Қазақстандық БАҚ не жазды:

Inform.kz: Демалыс күндері еліміздің басым бөлігінде күн салқындайды. Атмосфералық фронталды бөліктердің өтуіне байланысты 17-19 ьтамызда Қазақстанның солтүстігінде, орталығында, шығысында және оңтүстік шығысында құбылмалы ауа райы сақталады, жаңбыр жауады, шығыс бөлікте кей жерлерде нөсер жауады, найзағай, желдің күшеюі күтіледі, бұршақ жаууы ықтимал. Еліміздің батыс, солтүстік-батыс және оңтүстігіне Ресейдің Архангельск аймағынан келетін антициклон ықпал етеді, соның әсерінен күн райы ашық болады, ауа температурасы біртіндеп 30…41°С дейін жоғарылайды.

Тengrinews.kz: Қазақстаннан жарты жылда 20 мың адам көшіп кеткен. Бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда бұл 17 пайызға артық. Қазақстаннан көбіне Ресейге, Германияға және Өзбекстанға жиі қоныс аударады екен. Ал өз кезегінде, биыл Қазақстанға барлығы 5,6 мың адам келіпті, бұл өткен жылмен салыстырғанда 11,3%-ға кем (6,4 мың адам). Негізінен елді қалалықтар тастап кетеді: 16,8 мың адам. Ауылдық жерден басқа елдерге 3,2 мың адам көшіп келді. Жалпы, 2018 жылы елден 41,9 мың адам (бір жыл бұрын – 37,7 мың адам) кетіп, 12,7 мың адам (бір жыл бұрын – 15,6 мың адам) келді.

Qamshy.kz: Головкиннің қашан жұдырықтасатыны ресми түрде жарияланды. Әлем чемпионы титулы үшін жекпе-жек 5 қазанда Нью-Йоркте "Мэдисон Сквер Гарден" аренасында өтеді. Бұл туралы украиналық боксшы Деревянченко өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Айта кетсек, мексикалық Сауль Альварес пен украиналық Деревянченко жекпе-жегінің келіссөзі нәтижетсіз аяқталғаннан кейін, IBF чемпиондық белдікті Сауль Альварестен қайтарып алған болатын. Халықаралық бокс федерациясы (IBF) орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко арасындағы жекпе-жекті өткізуге рұқсат бергеннен кейін белгілі болған еді.

Поделиться:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары