Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп мәлімдейді Ақорда сайты.
Ұсынылған заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін:
- шетелдіктерге;
- шетелдік компанияларға;
- шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға;
- азаматтығы жоқ адамдарға;
- халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға;
- қандастарға беруге толықтай тыйым салу көзделген.
Одан бөлек, Заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайтыны және олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны көзделген.
Оқи отырыңыз: 2021 жыл соңында Жер кодексіне қатысты мораторий күшін жояды. Жер дауы қайта өрши ме?
2016 жылғы 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік компанияларға, сондай-ақ шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға жалға беруге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына жеке меншікке беруге мораторий енгізілді.
Мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заңнама жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды.
Оқи отырыңыз: Вице-министр: Қандастар ел азаматтығын алған соң ғана ауыл шаруашылығы жерін жалға ала алады
12 наурызда Президент осындай заң жобасын Парламентке жібергенін мәлімдеді.
7 сәуірде Мәжілістің жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.
14 сәуірде жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын Мәжіліс Сенатқа жолдады.
29 сәуір күні Сенат "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын Мәжіліске қайтарған еді.
Мәжіліс жерді шетелдіктерге сатпау туралы құжатқа Сенат енгізген өзгерістермен келісті.