Соңғы уақытта қоғамда жаназа шығару, Құран оқыту және өзге де діни рәсімдерге белгілі бір мөлшерде "баға" бекіту, яғни дінді коммерцияландыру мәселесі жиі талқыға түсіп жүр. Тіпті, "ақша бермесе, оқылған дұға қабыл болмайды" деген қате түсінік те халық санасына сіңіп бара жатқандай. Діни рәсімдердің шынайы мәні қандай? Имамдар мен молдалардың халықтан ақы талап етуі шариғатқа қаншалықты сай? Осы және өзге де өзекті сауалдар төңірегінде белгілі теолог Расим Челидзе өз ойын ортаға салып, мәселенің ақ-қарасын ажыратып берді.
Теологтың айтуынша, ислам дінінде ешқандай діни рәсімге нақты баға бекітілмеген, өйткені құлшылық атаулы тек Жаратушының ризашылығы үшін жасалады.
"Мұсылмандық дәстүрде діни рәсімдер үшін берілетін ақы міндетті емес, өз еркімен берілетін садақа ретінде қабылданған. Оның көлемі әркімнің материалдық жағдайына ғана байланысты болған. Мұндай тарту-таралғылардың нақты бекітілген бағасы болмаған, себебі кез келген діни рәсім әу баста Алланың ризашылығы үшін ғана жасалады. Жиналған садақа негезінен имамды асырауға, жергілікті мешіт пен медреселерді ұстап тұруға жұмсалатын. Алайда, қазіргі уақытта діни рәсімдерге жасырын түрде нақты тарифтер бекіту оқиғалары кездеседі. Бұған шариғатта қатаң тыйым салынған, себебі Аллаға құлшылық ету – коммерциялық іс-әрекет емес. Шариғат қағидалары бойынша жаназа намазы – барша мұсылман үшін парыз кифая, яғни қоғамдық міндет. Жаназа намазына тариф бекіту дінді табыс көзіне айналдырумен тең. Бұндай коммерцияланумен күресуге қоғамдық айыптау мен "бизнес-имамдарға" саналы түрде бойкот жариялау көмектеседі. Айта кету керек, бойкот жасау және жаназа намазына бекітілген тарифтерден бас тарту – жамағаттың имамға мүлдем алғыс айтуына болмайды деген сөз емес. Бұл жерде бастысы – алғыс білдірудің формасын өзгерту. Нақты бір дұға үшін ақшаны "қолдан қолға" берудің орнына, сенушілер өз еркімен беретін садақасын мешіттің жалпы жәшігіне сала алады. Бұл қаражат ресми түрде инкассацияланып, есепшілер арқылы тіркеледі де, мешіттің қажеттіліктеріне және имамға заңды жалақы төлеуге жұмсалады. Осылайша имамның да абыройы мен қадір-қасиеті сақталады. Сондай-ақ, имамдардың басқа мамандық иесі болуына немесе кәсіпкерлікпен айналысуына ешқандай тыйым салынбаған", – деді Расим Челидзе.
Оқи отырыңыз: Чайлдфри: Ғұламалар кеңесі баласыз өмір сүруге қатысты үкім шығарды
Кедейлік және діни рәсімдер: "Ақша бермесем, Құран қабыл болмайды" деген – адасушылық
Маман сөзінің жалғасында материалдық жағдайы төмен отбасылардың құқығы мен осы бағыттағы "рухани қорқыныштардың" негізсіз екеніне тоқталды. Төмендегі сөздерінде ол жағдайы келмейтін жандарды несие алып, қарызға батудан сақтандырады.
"Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар жерлеу және діни рәсімдерді ұйымдастыруда ресми дін өкілдерінің тегін көмегіне сенім арта алады. Ешбір ресми имам немесе молда нақты ақы талап етуге немесе ақшасы жоқ деген себеппен рәсімді өткізуден бас тартуға құқығы жоқ. "Ақша бермесем, Құран қабыл болмайды" деген қорқыныш – дінге еш қатысы жоқ, үлкен адасушылық. Бұл "рухани қорқынышты" сейілтіп, "жалған ұяттан" арылатын уақыт баяғыда жетті. Дұғаның қабыл болуы әмияныңыздың қалыңдығына емес, тек құлдың шынайы ниеті мен Жаратушының мейірім-шапағатына байланысты. Жаназа шығару үшін қарызға бату, несие алу және отбасын тығырыққа тіреу – күнә. Дін адамның жағдайын қиындату үшін емес, жеңілдету үшін келген. Егер отбасының қаражаты болмаса, марқұмның рухына бағышталатын ең жақсы тарту – олардың өздері жасаған шынайы дұғалары, игі істері мен айналасындағыларға көмектесуі. Сонымен қатар, шариғаттың бұлжымас ережесі бар: қаралы күндері қайғыдан қан жұтып отырған отбасы қонақ асы беріп, ақша таратуға міндетті емес, керісінше – көршілері, туыстары мен ауыл-аймағы алғашқы күндері қолдау көрсету үшін сол үйге өздері тамақ әкелуі тиіс", – деп түсіндірді теолог.
Масылдық психологиясы және жаттанды дұғалардың зардабы
Құран оқуды тек белгілі бір топтың монополиясына айналдырып алу – қоғамда діни масылдықты тудырады. Расим Челидзенің пікірінше, жақынына өз тілінде, шын жүректен тілеген дұға жалдамалы молданың суық оқуынан әлдеқайда құнды.
"Мұндай әрекет қоғамда өте қауіпті тұтынушылық ойлау жүйесін қалыптастырады. Рухани міндеттерді ақша арқылы молдаға ысыра салу шынайы құлшылықты нарықтық мәмілеге айналдырады. Бұл жерде тірі адам Алланың және аруақтардың алдындағы жеке жауапкершіліктен ақшамен "құтылғысы" келгендей әсер қалдырады. Мұндай көзқарас діннің түпкі мәніне мүлдем қайшы. Себебі сауап біреудің ақылы қызметі үшін төленген ақшаға емес, адамның өз ниетіне, жеке ықыласы мен рухани еңбегіне беріледі. Оның үстіне, садақа дегеніміз – Құран оқығаны үшін берілетін "тариф" немесе күнәдан автоматты түрде құтқаратын қағаз емес, ол Алла ризашылығы үшін мұқтаждарға жасалатын өз еркімен көмек. Құранды өз бетінше оқудан қорқуды көбіне "тіл білмеумен" немесе "дыбыстарды дұрыс айта алмаумен" ақтайды. Бұл Қасиетті кітапты тек молда ғана түсінетін, қол жетімсіз "сиқырлы кітапқа" айналдырып жіберді. Мұндай көзқарас масылдықты тудырады. Өйткені бұндай әдетке бой алдыру жаназаны, асты және дұға оқуды өздерінің негізгі табыс көзі ретінде көретін діни топтардың пайда болуына түрткі болады. Баланың қайтыс болған ата-анасына өз ана тілінде жасаған, бәлкім мінсіз емес, бірақ шын жүректен шыққан дұғасы Алланың алдында ақшаға жалдаған бейтаныс адамның сезімсіз, жаттанды оқуынан әлдеқайда салмақты әрі құнды. Құранды өз бетінше оқу – тек таңдаулылардың ғана құқығы емес, әрбір мұсылманның міндеті екенін түсіну маңызды. Хадисте былай деліген: "Құранды шебер оқитын адам мәртебелі әрі мойынсұнушы жазушылармен (періштелермен) бірге болады. Ал Құранды кекештеп, қиналып оқитын адамға екі есе сауап жазылады". Алла тағала конвертке салынған ақшаның сомасына немесе сөздердің мінсіз дыбысталуына емес, жүректің шынайылығына қарайды", – деді Расим Челидзе.
Оқи отырыңыз: Елі бір және "сүйек жаңғырту" үшін қосылған жұптардан кемтар бала туатыны рас па? Генетик түсіндірді
Ары қарай теолог зайырлы мемлекеттегі діни қызметкерлердің қаржылық жағдайы мен зираттардағы заңсыз делдалдармен күресу жолдарын атап өтті. Ол бұл мәселені заң аясында реттеудің тетіктерін ұсынды.
"Қазақстан – зайырлы мемлекет, сондықтан дін мемлекеттен бөлінген. Мемлекет имамдарға бекітілген тұрақты жалақы төлей алмайды. Жоғарыда айтылғандай, имамдар өз күнін көру үшін қосымша мамандықтармен айналыса алады. Ал ауыл мешіттерін ұстап тұру мәселесіне келсек, бұған кешенді тәсіл қажет: республикалық және облыстық маңызы бар ірі қалаларда жиналатын садақаларды мұқтаж ауылдардың пайдасына әділ қайта бөлу керек. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарын ауыл мешіттерін қамқорлыққа алуға тарту жүйесін дамыту қажет. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы – қоғамдық діни бірлестік. Сондықтан оның "заңсыз молдаларға" айыппұл салуға немесе оларды құқықтық тұрғыдан қудалауға мемлекеттік, заңдық немесе әкімшілік құзыреті жоқ. Мүфтият бұл жағдайға тек шариғат ережелері мен ақпараттық түсіндіру жұмыстары аясында ғана әсер ете алады. Зираттар мемлекеттің қарауында болады және ондағы тәртіп зайырлы заңнамамен реттеледі. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың ол жерде заңсыз коммерциялық әрекетпен айналысып жүрген тұлғаларды аумаққа кіргізбеуге толық заңды құқығы бар", – деп қорытты Расим Челидзе.
Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.