Тікелей эфир

Банк картасының CVV кодын бөгде адамдарға неге айтуға болмайды?

Макроталдаушы Аякөз Ханетова банк картасындағы деректерді алаяқтар біліп қойса, арты неге әкеп соғатынын ескертеді.

Құрбымның баласы OLX арқылы зат сататын болып, бір кісімен келісіпті. Ол кісі оның WhatsApp мессенджеріне "өтіп банк картаңыз туралы ақпарат жолдаңыз, ақшаны салайын" деп сілтеме жіберіпті. Содан баласы анасынан қоярда-қоймай банк картасының деректерін алып, сілтемеге кіріп карта нөмірін, жарамдылық мерзімін, атын және CVV кодын толтырыпты. Анасы әдейі жаңа ашылған ішінде ақшасы жоқ картасы беріпті. Артынша 1 минут өтпей баланың WhatsApp-ына "картаңызда ақша жоқ екен" деген SMS келеді. Құрбым олардың алаяқ екенін біліп, ертеңіне банкке барып, ол картаны жойдырып, өзіне басқа карта аштырады.

Банк картасына қатысты қағида: картаның алдын бер, артын берме. Яғни, егер біреу сізге төлем жасайтын болса, ақша аударамын десе оған тек банк картасының алдыңғы бетіндегі нөмірі ғана жеткілікті! Ал қалған ақпарат тек сізге ғана керек!

Алайда интернет-дүкеннен зат алып, төлем жасайтын болсаңыз, әлбетте банк картасының алдыңғы және артқы бетіндегі ақпараттардың барлығын толық жаза аласыз.


Оқи отырыңыз: Банк карталарымен жасалатын алаяқтықтың қалай алдын алуға болады?


Таныс емес адамға банк картаңыздың келесі деректерін берсеңіз:

  1. Нөмірін ғана берсеңіз – ол ештеңе жасай алмайды;
  2. Нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді жіберсеңіз – кейбір интернет-дүкендерде төлем жасай алады;
  3. Нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді, CVV/CVC кодын жіберсеңіз – қонақүй немесе көлік жалға ала алады, сіздің картаңызды өзінің Google Play-на байлап қоя алады, Litres сияқты сайттарда төлем жасай алады;
  4. Нөмірін, жарамдылық мерзімін, аты-жөніңізді, CVV/CVC кодын және келген SMS кодты жіберсеңіз – интернетте шектеусіз кез келген төлем жасай алады.

Дегенмен, кәсіби алаяқтың мақсаты сіз болсаңыз, тек қана картаңыздың нөмірі арқылы әлеуметтік желілерден аты-жөніңізді, оған қоса механикалық жолмен картаның жарамдылық мерзімін біліп алу ықтималы бар.

Ал карта деректеріңізге куәлігіңіздің скан нұсқасын қоса жіберсеңіз:

  • Сіздің атыңызға несие ала алады;
  • Пәтеріңізге адамды тіркей алады;
  • Ең сорақысы, сіздің жеке деректеріңіз толық қолына түскен адам сізді бопсалай алады. 

Сол үшін сақ болыңыздар!

  1. Ақша жіберу немесе алу үшін сілтемеге өтпеңіздер;
  2. Ақшаны карта нөмірі арқылы емес, басқа төлем жолы арқылы алу/жіберу мүмкін болса (телефон нөмірі, PayPal т.б.), соны пайдаланған жөн;
  3. Электронды пошта арқылы тек қана банк картасының нөмірінен басқа деректерді жіберуге болмайды;
  4. Құжаттарыңыздың скан нұсқасын тек танитын адамдарға, ұйымдарға жіберіңіз. Алдын ала хабарласып, анықтап алыңыз;
  5. Таныс емес адамнан, ұйымнан поштаңызға келген хатты "спам" бөліміне жіберіңіз. Жіберген сілтемеге кірмеңіз.

Автордың пікірі редакцияның ұстанымына сай келмеуі мүмкін.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар

Серіктестер жаңалықтары