Тікелей эфир

Жеке кәсіпкер және заңды тұлға ретінде қалай тіркелуге болады?

Қазақстанда ел азаматтары мен қандастардан бөлек, Ресей, Қырғыз, Беларусь, Тәжікстан, Армения азаматтары айналыса алады.

Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанда жеке кәсіпкер және заңды тұлға ретінде қалай тіркелуге болатынын түсіндіріп берді. 

Жеке кәсіпкерді тіркеу

Жеке кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою хабарлама жіберу тәртібімен жүзеге асырылады. Жеке кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама жіберудің үш жолы бар:

  • e-license электрондық лицензиялау порталы арқылы;
  • екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары арқылы;
  • е-Salyq business мобильді қосымшасы арқылы.

Егер кәсіпкерлікпен бірлескен топ айналысатын болса, онда оның уәкілетті тұлғасы барлық қатысушылардың қолы қойылған сенімхатты ұсынуы тиіс. 

Егер өтініш беруші кәмелетке толмаған болса, хабарламаға заңды өкілдердің келісімі, ал мұндай келісім болмаған кезде неке қию туралы куәліктің көшірмесі не қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімі, болмаса кәмелетке толмаған адамды толық әрекетке қабілетті деп жариялау туралы сот шешімі қоса беріледі.

Өзге құжаттарды талап етуге тыйым салынған.

Мемлекеттік кіріс органы жеке тұлға құжаттарды ұсынған күннен бастап 1 жұмыс күні ішінде жеке кәсіпкерді мемлекеттік тіркеуді жүргізеді.

Еске салайық, Қазақстан азаматтары мен қандастардан басқа ел аумағында тұрақты тұратын Ресей, Қырғыз, Беларусь, Тәжікстан, Армения республикаларының азаматтары жеке кәсіпкерлікпен айналыса алады.


Оқи отырыңыз: Жеке кәсіпкерлік қызметін қалай жабуға болады


Заңды тұлғаны тіркеу

Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеуді, қайта тіркеуді, олардың қызметін тоқтатуды Әділет министрлігі және "Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ жүзеге асырады. 

Салық төлеушінің тіркеу деректеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді мемлекеттік кіріс органдары бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімінің мәліметтері негізінде жүзеге асырады.

Осыған байланысты, заңды тұлғалардың электрондық тіркеліміне енгізілген мәліметтер "заңды тұлғалар" мемлекеттік дерекқоры арқылы автоматты режимде Тіркеуші органдардан мемлекеттік кіріс органдарына түседі.

Резидент емес заңды тұлғаны тіркеу

Қызметін филиал, өкілдік ашпай тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын резидент емес заңды тұлға салық төлеуші ретінде тіркелу үшін Қазақстанда қызметті жүзеге асыру басталған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде тұрақты мекеме арқылы тұрақты мекеменің орналасқан жері бойынша салық органына тіркеу мекемесіне қою туралы салықтық өтініш беруге міндетті. 

Резидент емес заңды тұлғаға тіркеуді жүзеге асыру жолдары:

  • Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің ресми сайты арқылы "салық төлеуші ретінде тіркеу" өтінішін беру;
  • қызметті жүзеге асыру орны бойынша Мемлекеттік кіріс органына қағаз жеткізгіштегі өтінішпен жүгіну.
Серіктестер жаңалықтары