Тікелей эфир

Тұмау және жөтел: Балаға антибиотик беруге бола ма?

Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының кеңестері.

Бала тұмауратса, оған суық тисе, үздіксіз жөтеліп, көзі жасаурап, мұрнынан су тоқтамайды. Оған қоса тамақ бездері ісініп, мұрны бітеледі, жұтынуы қиындайды. Мұндайда балаға антибиотик берген дұрыс па? Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының кеңестерін ұсынамыз.

Мұрыннан су ағу

Баланың мұрнынан су тоқтамаса, оны емдеудің әрі қауіпсіз, әрі тиімді бір ғана әдісі бар. Ол – кішкентай кезінен мұрын қуысын тұзды ерітіндімен жуу. Кішкентай балаларға тұзды ерітіндіні дайын дәрі тамшылары түрінде қолданған дұрыс. Мысалы, "Аква Марис", "Марисоль", "Аквалор бэби" және тағы басқа дайын ерітінділер.

"Балаларға суық тиеді" деп айтамыз. Ал бұл анығында вирустық инфекциялардан туындайтын сырқат. Суық тигенде баланың ағзасы инфекциямен өзі күресуі керек, сондықтан арнайы емдеу шарасы қажет емес. Сұйықтықты көп мөлшерде ішу және мұрынды тұзды ерітіндімен шаю жеткілікті. Мұндайда антибиотиктер мен қақырық түсіретін дәрілерді қолдану ешқандай пайда бермейді, керісінше баланың жағдайын нашарлатуы мүмкін", – дейді Қазақстан отбасылық дәрігерлер қауымдастығының мамандары. 


Оқи отырыңыз: "Әр үшінші бала ауырып жатыр". Тұмаудың қауіпті белгілері қандай?


Жөтел

Бала жөтеліп жүрсе, алдымен оның себебін анықтау қажет. Тек нақты диагноз қойылғаннан кейін ғана емдеуге кіріскен жөн.

"Жөтелдің себептері өте көп. Балалар түнде жөтелсе, оның себебі көп жағдайда вирустық инфекцияларға байланысты болады. ЖРВИ-де жоғарғы тыныс жолдары (көмей, кенірдектің жоғарғы бөлігі) қабынып, ісінеді. Тыныс жолдарының шырышты қабаттары ісінгендіктен осы жердегі жүйке ұштары тітіркеніп, бала жөтеле береді", – дейді қауымдастық дәрігерлері.

ЖРВИ кезінде бала 1-2 аптадай жөтеліп жүреді. Одан көп уақытқа созылып кетсе, мұның себебі басқа ауру, мысалы, аллергиялық ауру болуы мүмкін.

Баланың тыныс жолдарына аллергиялық заттар түскендіктен (жастық, көрпелерде көп болады), түнгі уақытта жиі жөтеледі. Баланың мұрнында, көмейінде аденоидтар болса, ол да түнде жөтел шақырады. Сонымен бірге, ұзақ жөтел туберкулез ауруы кезінде де жиі кездеседі. Сондықтан отбасылық дәрігерлер баланы педиатр, лор-дәрігерлерге қаратуға кеңес береді. Лор-дәрігер арнайы айналармен баланың мұрнын, көмейін тексеріп, себебін анықтайды және ем тағайындайды.


Оқи отырыңыз: Тұмаудың асқынуы: Оқушылар қандай жағдайда үйде оқиды?


Аденоидтар

Аденоид – мұрын мен жұтқыншаққа лимфоидтті тіндердің жиналуы, яғни тамақ пен көмей бездерінің ісінуі. Ең үлкен көлемді аденоидтар екі жастан алты жасқа дейінгі балаларда болады. Олар физиологиялық, вирустық, бактериялық инфекцияның және аллергияның салдарынан көбеюі мүмкін.

Аденоидтардың өсуі айқын болған кезде олар есту түтіктерін жабуы мүмкін және бұл орта отитін тудырады. Сонымен қатар, олар синуситтің дамуымен асқынуы мүмкін. Мысалы, бала гайморитпен ауырған жағдайда.

Көп жағдайда аденоидты гипертрофия кезінде ауызбен тыныс алу, қорылдау, ұйқының мазасыз болуы, ауыздан жағымсыз иістің шығуы, отиттің қайталануы, мұрынның пысылдауы, отит салдарынан есту қабілетінің бұзылуы байқалады.

Созылмалы, яғни аденоидтардың ұзақ өмір сүруі созылмалы фарингитке, мұрыннан қан кетуге және жөтелге әкелуі мүмкін.

"Ауруды емдеу аденоидтардың қаншалықты ауыратынына, асқынулардың болуына байланысты. Бірінші кезекте оның себебін анықтау қажет. Аллергия болса, гормоналды препараттарды (кортикостероидтарды) қолдану қажет, бактериялы инфекция болса, антибиотиктер қолданылады. Отитпен қайта ауырған балаларға (ортаңғы құлақтың қабынуы) аденотомия аденоидтарды хирургиялық жолмен алып тастау жиі ұсынылады", – деді отбасылық дәрігерлер.

Хирургиялық емдеу мұрнынан жиі қан кететін, мұрны қатты бітелетін (мазасыз ұйқы, дауыстың бұзылуы) балаларға да ұсынылады. Оториноларинголог дәрігер баланы қарап, тексергеннен кейін қандай емдеу шаралары қажет екенін шешеді.


Тұмау мен ЖРВИ туралы басқа да материалдарды оқыңыз:

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары