Қыркүйек айында БҰҰ бас ассамблеясының Нью-Йорктегі 78-сессиясында Қазақстан туберкулезді емдеу жөніндегі әлемдік көшбасшылар коалициясына қосылды. Сессия барысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Қазақстанның туберкулезбен күресте елеулі жетістіктерге жеткенін атап өтті. Мысалы, соңғы 5 жылда туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші – 24,2%, өлім-жітім көрсеткіші – 1,7 есе, инфекцияның таралуы 2,3 есе төмендеген. Осы орайда №2 қалалық емхананың фтизиатр маманы Светлана Ибрагимова аурудың қай сатыда анықталатынына қарамастан, оны толықтай емдеп-жазуға болатынын айтады. Сондай-ақ ол ауру белгілері және оны емдеу әдістері туралы әңгімеледі.
– Ауруды қандай белгілеріне қарап білеміз?
– Туберкулез – жынысы, жасы, әлеуметтік жағдайына қарамастан кез келген адам жұқтыруы мүмкін ауру. 5-10% жағдайда адам бұл аурудан ешқашан айықпауы мүмкін. Десе де қазір бүкіл әлемде адамның өмірін сақтап қалу үшін қажет дәрі-дәрмек пен ем-дом шаралары бар. Белгілер аурудың даму түрі, формасы, инфекциялық процесс және науқас ағзасының ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі болып келеді. Белгілердің әртүрлі болуы ауруды бірден тануға мүмкіндік бермейді. Туберкулезбен ауыратындардың дәрігерге кеш келетіні осымен байланысты. Дегенмен келесідегідей ортақ белгілері бар:
- үш аптадан астам уақыт қақырық пен қан аралас жөтел;
- дене температурасының ұзақ уақыт көтерілуі;
- әлсіздік, тез шаршау;
- салмақ жоғалту;
- қатты терлеу;
- ентігу;
- кеудедегі ауырсыну сезімі.
– Жұқтырған соң ауру адам ағзасында қаншалықты тез дамиды?
– Әдетте ауру бірнеше ай қатарынан баяу таралады. Ал жылдам формалары бірнеше күн немесе апта ішінде ағзаға толық жайылуы мүмкін.
– Туберкулез көптеген дәрі-дәрмектің күшін жойып жібере алады. Емдейтін жаңа дәрі-дәрмек түрлері бар ма?
– Фтизиатрияға әрдайым жаңа дәрілер келіп түсіп отырады. Ғалымдар мәліметіне сүйенсек, соңғы уақытта алапес секілді ауруларды емдейтін дәрілер туберкулезге қарсы өз тиімділігін көрсетіп отыр. Патоген көптеген дәрінің күшін жоятын қабілетке ие болғандықтан, кейбір антибиотиктерді қолдануды мүлдем тоқтаттық. Бұл адамзатпен ертеден бірге келе жатқан ауру болса да, алда әлі жаңа препараттарды синтездеп, жаңа молекула тауып, одан препарат жасау көп жылға созылады.
Оқи отырыңыз: "Барлық жүйке ауруының басты емі – түнгі тыныш ұйқы". Неврологпен сұхбат
Атап айтқанда, қазір коллапсотерапия әдісі жиі қолданылады – жасанды пневмоперитонеум, жасанды пневматоракс. Бұл ем түрін қолданған кезде өкпе тіні жатып, жиырылады, осылайша емделуге қолайлы жағдай жасалады. Мұнымен қатар соңғы уақытта клапанды бронхоблокация әдісі жиі қолданылады – эндоскопист бронхоскопия кезінде бронхқа клапан орнатады, содан кейін қуыс төмендейді және ем тезірек жүреді. Дегенмен барлығына бірдей ем түрін қолдану мүмкін емес, міндетті түрде аурудың қай сатыда екені ескеріледі. Ал біз өз кезегімізде ДДҰ берген нұсқаулықтарды ескере отырып қана емдейміз.
– Бұрын ота жасау үшін үлкен тілік жасайтын. Қазір де солай ма?
– Бүгінгі таңда бейнетораскопиялық оталардың арқасында бұрынғыдай үлкен тілік жасаудың қажеті жоқ екенін атап өтуіміз керек. Дәрігерлер 90-жылдары өкпеге ота жасау үшін 35 сантиметрге дейін тілетін. Ең бастысы – ауру қай сатысынды анықталса да, оны толық емдеп алуға мүмкіндіктер көп. Яғни қазір көп жағдайда отасыз емдейміз.
– Бұл аурудың алдын алу үшін не істеуге болады?
– Ең бірінші – жаңа туған нәрестеге салынатын БЦЖ екпесінен бас тартпау. Қазір көптеген азамат діни көзқарасына байланысты екпеден бас тартып жатыр. БЦЖ инфекциядан қорғамайды, бірақ ол аурудың асқынуына жол бермейді. Екіншіден, дұрыс тамақтану және зиянды әдеттерден бас тарту. Ішімдік туберкулезге шалдығуды 3 есе, ал шылым шегу 2 есе арттырады. Үшіншіден, физикалық белсенділік пен қарапайым гигиена ережелері. Ұзақ уақыттан бері жөтеліп жүрген адамды байқасаңыз, жақын қарым-қатынасқа түспеуге тырысыңыз.
Оқи отырыңыз: "Науқастардың 6 пайызына ғана І кезеңде диагноз қойылады". Қазақстандық дәрігерлер өкпе обырын алдын алудың жолын айтты
– Бұған дейін ДДҰ өз жұмысына арнайы туберкулезді емдеуге қатысты стратегиялық жоспар енгізді. Ол қалай жүзеге асып жатыр?
– 2015 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы туберкулезді емдеуге бағытталған End TB стратегиясын қабылдады. Осының арқасында әлемде жыл сайын туберкулезбен ауыратындар саны 6-10%, өлім-жітім кемінде 10% азаяды деп болжанып отыр. Яғни 2025 жылға қара туберкулезге шалдығу 35%, ал өлім-жітім 50% төмендеуі тиіс. Стратегия 2015 жылы қабылданды, ал 2020 жылы Covid-19 пандемиясы басталды. Карантин себебінен медициналық көмекке дер кезінде қол жеткізу мүмкін болмады. Нәтижесінде туберкулезді анықтау деңгейі 18%, ал балалар мен жасөспірімдер арасында 24% төмендеді. ДДҰ Covid-19 пандемиясының туберкулезбен күрестегі жоспарын өзгертті. 2020 жылы туберкулезге шалдығу деңгейі 2017 жылғы көрсеткіштерге қайта оралды. 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылы әлемде туберкулезден болатын өлім-жітім 100 мы4 адамға өсті. Дегенмен жоспарланған нәтижеге қол жеткізуге болады деп ойлаймын, тек уақыт керек. Өйткені қазір емдеу әдістері жеткілікті.