Тікелей эфир

Шылымнан қалай бас тартуға болады? Психиатр дәрігерден кеңес

Мамандар азаматтардың рак ауруына шалдыққанына қарамастан, шылымнан бас тартуға асықпайтынын айтады.

Шылым шегуден бас тарту оңай емес. Көбінесе темекінің түтініне уланып, никотинге тәуелді адамдарға оның бағасының қымбаттауы, сырқатын асқындырып, діңкелеткені әсер етпейтінін айғақтайтын көптеген оқиғаны мысалға келтіруге болады. Алматылық 60 жастағы Мұқан қарияның өкпесін қақыратқан қатерлі ісік күннен-күнге ағзасына меңдеп барады. Бірақ ол ақырғы демі таусылғанша жарық дүниедегі өмірін қысқартып, өкпесін қысқан көк түтінді тастамады.

Осы орайда психологтар жағымсыз әдеттен құтылу үшін кәсіби мамандардың көмегіне жүгінуге кеңес береді. Республикалық психикалық ғылыми-практикалық орталықтың психиатр дәрігері, психотерапевт Гүлнұр Атамбаева шылымға құмарлықтан құтылудың жеті әдісін ұсынады:


Оқи отырыңыз: Маусымдық аллергия мен астмадан қалай арылуға болады? Аллергологпен сұхбат


  1. Неліктен темекі шегетіндігіңізді және одан неліктен бас тартқыңыз келетінін өзіңіз анықтаңыз. Күшті мотивация – бұл темекіні тастауға бірінші кезекте көмектеседі. Темекі шегуші шылымнан неліктен бас тартатынын нақты білуі керек. Ең алдымен, бұл тәуелділіктен арылуға және денсаулықты жақсартуға көмектеседі.
  2. Себептердің тізімін жасаңыз, соның ішінде жеке жағдайлар, қаржылық артықшылықтар және басқалар алдындағы міндет те болуы мүмкін.
  3. Нақты күнді белгілеңіз.
  4. Темекі шегудің орнына әрекет ету. Темекіні тастаған күннен бастап одан бас тарту синдромы пайда болатынына дайын болыңыз. Оның көріністері темекіні тастағаннан кейінгі бірінші және үшінші апта арасындағы кезеңде айқын болады. Сондықтан әдеттегі темекі шегуді алмастыратын істер тізімін алдын ала дайындаңыз.
  5. Күнделік жүргізуді бастаңыз. Күні бойы барлық басыңыздан өткен жағдайлар, сізге шылымнан бас тарту кезінде қандай ойлар келгенін жазып алыңыз. Содан кейін оларға балама әрекетті ойлап табыңыз.
  6. Күйзеліспен күресу әдістерін қолданыңыз. Күнделікті өмір салтын өзгерту аздап күйзеліс қосады, ал темекіні тастауға тырысу да ерлік, күрес. Егер сіз темекіні күйзелістен арылудың әдісі ретінде қолданған болсаңыз, онымен күресудің жаңа жолдарын іздеуіңіз керек.
  7. Темекі шегуге деген құштарлықты бақылауды үйреніңіз. Темекі шегуге деген ұмтылыс әдетте адам бойында 3-5 минуттай болады. Осы уақытта өзіңізді қандай іспен алдай аласыз, соны ойлаңыз. Мысалы:
  • досыңызға қоңырау шалыңыз;
  • бір стақан су ішіңіз;
  • терең тыныс алуды бастаңыз.
Серіктестер жаңалықтары