Қазақстанда кредитін уақытында төлей алмай қиындыққа тап болған азаматтар 2021 жылдың 1 қазанынан бастап мерзімі өткен берешегін реттеу тәртібіне жүгіне алады. Бұл қызмет барлық кредиттік ұйымдарға – банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметіне де қатысты. Бұл туралы e-Otinish сайтында хабарланған.
Берешегін реттеу тәртібіне сәйкес, банктер мен микроқаржы ұйымдары қарыз алушының табыс деңгейін, қаржылық жағдайын, әлеуметтік мәртебесін және өмір сүру жағдайын жеке-жеке талдап, анықтайды.
Қарыз алушы кредиттік төлемін қайта реттеу үшін банкке немесе микроқаржы ұйымына қалай жүгінеді?
Заңға сәйкес, кредитор (банк, МҚҰ) қарыз мерзімі кешіккен күннен бастап 20 күн ішінде қарыз алушыға хабарлауға міндетті.
Хабарламада кредиттік ұйымдар азаматтарға төмендегі ақпараттарды мәлімдейді:
- кредиттік төлем жасау қажеттігі;
- мерзімі өткен қарызды өтеу; (берешек мөлшері мен өтемеген жағдайдағы салдарларын көрсете отырып);
- қарыз кестесін қайта құру үшін кредиторға жүгіну қажеттігі.
Ал, қарыз алушылар төлем мерзімі кешіккен күннен бастап 30 күн ішінде қарыз кестесін қайта құру үшін банкке, МҚҰ-на өтініш беруі тиіс. Өтініште борышкер қарызды неге кешіктіргенін, табысының азайғанын, келісімшарт бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін растайтын құжаттарды ұсыну керек. Сонымен қатар, қарыз кестесін қайта құру туралы өз нұсқасын ұсынады. Ешқашан кредитордан жасырынуға болмайды!
Қарыз алушының өтініші банк пен МҚҰ тарапынан міндетті түрде қабылдауға, тіркеуге, есепке алуға және қарауға алынады.
Кредитор борышкер өтінішін 15 жұмыс күн ішінде қарап, жауап беруге міндетті. Ал, банк сұраған құжаттарды ұсынбау - қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыруға негіз болады.
Егер, өтініш қабылданса, кредитор қарыз алушыға қарыз шартын өзгерту жөнінде ұсыныстар жасайды. Ал өтініш қабылданбаса, банк, микроқаржы ұйымы бас тарту себебін нақты көрсетуі керек.
Оқи отырыңыз: Туысыңызға несие әперіп, ол төлемей қойса, не істеуге болады? Заңгер қарызды өндіру жолын түсіндірді
Кредиттік ұйымдар қарыз алушыға қандай шарттар ұсынуы мүмкін?
- сыйақы мөлшерлемесін төмендету;
- негізгі қарыз немесе сыйақы бойынша төлемді кейінге қалдыру;
- өтеу әдісін өзгерту;
- қарыз мерзімін ұзарту;
- қарыз жүктемесін азайту.
Ұсыныстардың тағы бірі – борышкердің ипотекадағы жылжымайтын мүлкін өз бетінше сату немесе кепіл мүлкін кредиторға беру арқылы бас тартуды ұсыну, міндеттемені сатып алушыға табыстау арқылы жылжымайтын мүлікті сату.
Егер борышкер қарыз кестесін қайта құру шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға жүгінгенін және өзара келісімге келе алмағанын растайтын дәлелдеме міндетті түрде ұсынуы тиіс.
Берешегін реттеу тәртібіне egov.kz порталы арқылы өтініш беруге болады.