Жыл сайын орта есеппен 70 мыңнан астам түлек жұмысқа орналаса алмайды. Жұмысқа тұрған түлектердің 40,1 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Мамандық таңдауда əр төртінші адамға ата-анасы əсер етеді, ал 6,4 пайызы – оқу гранттарының болуына, 4 пайызы – достарының ұсынысына сүйенді. Жастардың үштен бірінен астамы мамандықты өзі таңдамайды. Бұл "Қазақстанның еңбек нарығы: жаңа реалия жағдайындағы даму" ұлттық баяндамасындағы деректер.
Мамандар адам мамандығын дұрыс таңдауы үшін өзінің қызығушылықтары мен қабілеттеріне мән беруі керек екенін айтады. Оны анықтау үшін түрлі психологиялық-профориентациялық тесттер құрастырылған.
Кәсіби бағдарды қалай анықтауға болады?
Кәсіби бағдарды анықтаудың екі негізгі әдісі бар. Олар: Климов тесті және Голланд тесті. Екеуі де адамның бойындағы барлық қабілетін анықтап, соған сай мамандық таңдауға көмектеседі.
Климов тесті адамның табиғатына жақын кәсіби саланы табуға бағытталған. Тестте ол бес топқа біріктірілген жән соған сәйкес мамандықтарды ұсынады:
- Адам – адам (мұғалім, сатушы, дәрігер, заңгер);
- Адам – табиғат (мал дәрігері, биолог, физик, геолог);
- Адам – техника (инженер, электрик, механик, конструктор);
- Адам – белгі жүйесі (бағдарламашы, лингвист, корректор, топограф);
- Адам – көркем бейне (жазушы, актер, музыкант, суретші).
Голландтың әдістемесі тұлғаның типін және оның бейім саласын анықтауға көмектеседі. Онда барлығы алты тип бар:
- Шынайы – дене күші мен ептілігін пайдаланып, тез нәтиже беретін практикалық жұмыс (ағаш ұстасы, агроном, кондитер);
- Интеллектуал – шығармашылық пен ғылыми-зерттеу қызметі және абстрактілі есептерді шешу (астроном, философ, математик);
- Әлеуметтік – басқа адамдармен қарым-қатынасқа, олардың іс-әрекетін талдауға және оқытуға негізделген жұмыс (педагог, журналист, тәрбиеші);
- Әртістік – жоғары эмоционалдық сезімталдық, ұшқыр қиялға ие актерлік, сахналық және көркемдік қызмет (суретші, дизайнер, мүсінші);
- Тапқыр – қиын жағдайда жетекшілік пен шешім қабылдау қабілетін талап ететін ұйымдастырушылық жұмыс (кәсіпкер, продюсер, директор);
- Конвенционал – іс қағаздарын жүргізу және соған байланысты нақты міндеттерді атқаратын мамандар (іс жүргізуші, банкир, хатшы).
Оқи отырыңыз: "Баланы өзіне емес, біреуге жұмыс істеуге тәрбиелейміз". Мамандық таңдаудағы қателіктер
Сынақты қашан және қалай тапсыру керек?
Болашақ мамандықты бала 8-сыныпта оқып жүрген кезінен бастап анықтауға болады. Өсе келе қызығушылығы өзгеріп кетуі мүмкін десеңіз, жыл сайын тапсыра аласыз.
Тесті тыныш, бейтарап ортада тапсырған жөн. Неғұрлым дәл нәтижелерге қол жеткізу үшін сауалдарға барынша шынайы жауап берген дұрыс.
№1. Bagdar
Сайтта 5-8, 9-11 сынып оқушыларына, түлектер мен талапкерлерге және кәсібін өзгертуді ойлап жүрген ересектертерге арналған үш түрлі тест жүйесі бар. Тест жиынтығы таңдау бейімділіктерін, қабілеттерді, уәждемелерді, академиялық жетістіктердің объективті көрсеткіштері мен медициналық қарсы көрсеткіштерді ескере отырып, жүргізіледі.
№2. Enbek.kz
Enbek.kz сайтында Ирина Гуслованың модификациясындағы Джим Барреттің кәсіби бағдарлау тесті бар. Ол сізге жеке тұлға типі бойынша ең жақын мамандықтарды айтады.
Тесттің әр блогында үш қызмет түрі ұсынылады. Оның ішінен тек бір нұсқаны таңдау керек.
№3. Testometrika
Бұл сайтта Климовтың да, Голландтың да әдістемесіне негізделген тест жүйелері бар. Олар арқылы адам өзінің тұлғалық типін, болмысына жақын мамандық салаларын, мінезінің күшті жақтарын анықтай алады.
Оқи отырыңыз: Дастан Аспан, білім маманы: Әке жолын қуу – кәсіби бағдарлау емес
№4. Фоксфорд
Үш бөліктен тұратын визуалды дизайны бар кеңейтілген тест. Тест тапсыру кезінде өзіңізге қызық емес қызмет салаларын алып тастау керек. Содан кейін өзіңізге ұнайтын жұмысты таңдап, қабілеттеріңізді бағалай аласыз. Нәтижелер сіздің тұлғалық типіңізді, типіңізге қолайлы мамандықтарды, психологиялық сипаттарды және күшті жақтарыңызды көрсетеді.
№5. Адукар
Тест Голланд әдістемесіне негізделген. Барлығы 42 сұрақтан тұрады. Ұсынылған екі мамандықтың бірін таңдап отыру арқылы мінезіңізде алты тұлға типінің қайсысы басым екенін анықтай аласыз. Сонымен қатар олардың әрқайсысының егжей-тегжейлі сипаттамасы беріледі.