Тікелей эфир

Ішімдік пен темекіге әуестер неге емделуге асықпайды? Психиатр дәрігермен сұхбат

depositphotos.com
depositphotos.com
Қазақстанда 2025 жылға дейін салауатты өмір салтын ұстанатын халық санын 19-дан 45 пайызға дейін арттыру жоспарланған.

Central Intelligence Agency ұйымының соңғы зерттеуіне сүйенсек, Қазақстан алкоголь өнімдерін тұтыну көрсеткіші бойынша рейтингте 100-ші орында тұр. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш бұдан жоғары болған. Мемлекет халық арасындағы алкогольдік ішімдіктер пен темекіге тәуелділікті азайту үшін атқарып жатқан жұмыстарының арқасында Қазақстан рейтингтегі көрсеткішін жақсартып келеді. Ел үкіметі Қазақстандағы темекі тартатындардың санын 2025 жылға қарай 21,5%-дан 19%-ға дейін азайтуды көздеп отыр. 

Сарапшылардың айтуынша, алкогольдік ішімдік пен темекіге тәуелділік – Қазақстандағы әлеуметтік мәселелер мен қылмыстық жағдайларға тікелей әсер ететін факторлар. Соған орай, Қазақстанда аталған зиянды әдеттерге тәуелді азаматтарды емдеу қызметі тегін көрсетіледі. Дегенмен, бұл қызметке өз еркімен жүгінетіндер аз. Оның себебін Астана қаласындағы медициналық орталықтың психиатр-нарколог дәрігері Анар Тастембекова түсіндіріп берді. 

– Сіз қызмет ететін орталыққа ішімдікке не темекіге тәуелді адамдар қаншалықты жиі келеді?

– Орталық Астана қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Орталық тегін негізде келген азаматтарға диагностика жасап, медикаментті ем, стационарлық және амбулаториялық ем ұсынады. Қазір орталықта қала бойынша ішімдікке салынған 4977 адам тіркеуде тұр. 

– Олардың арасында ер адамдар көп пе әлде әйел адамдар көп пе?

– Олардың ішінде 904 ер адам, 473 әйел адам бар. 

– Жасыратыны жоқ, Қазақстанда ішімдікке салынған адамдардың жақындары оларды "дұғалап", "код" қойып емдейтіндер бар. Сіз бұндай емдеу тәсіліне қалай қарайсыз?

– Дұғалап, код қойып емдейтін жағдайлармен жиі кедесеміз. Себебі, ішімдікке салынған адамды туыстары емханаға әкелуге ұялып жатады. Оны "стигматизация" (жеке адамның сипаттамасы ұят немесе айыптауға лайық деп санау – ред.) деп атаймыз. "Көршілер көріп қояды", "ел біліп қояды" деп ұялады. Сондықтан, халық емшілеріне көп жүгінеді. Емшіге апарады, имамдарға апарады, шөппен "код" жасатып жатады. Бұндай жағдайлар көп. Әрине, бұндай "емнің" әсері жоқ деп те, одан айығып кетті деп те айта алмаймыз. Бірақ, осындай жағдайлардан кейін ішімдікке тіпті көп салынып, кейін бізге жүгініп жатқан адамдар бар. 

Тағы бір айта кетерлігі, біз мекемеге келген адамды бірден тіркеуге аламыз. Сәйкесінше, олардың бірқатар әрекеттеріне тыйым салынады. Мысалы, тіркеуге алынған адамға көлік жүргізуге болмайлы. Адамдар көбінесе осындай шектеулерден қашып, болмаса, жұмысынан айырылып қаламын ба, болашақта бұл тіркеу өміріне кедергі бола ма деген күдікпен көмекке жүгінбей жатады. Бірақ, тіркеуге алынған адамдар бұл тізімде өмірінің соңына дейін қалмайтынын ұмытпау керек. Стандартқа сай, олар нақты бір уақыт аралығында ғана тіркеуде болады. Біздің орталық мемлекеттік мекеме болғандықтан, көмектің бәрін тегін көрсетеміз. Ем алу да тегін, диагностика да тегін.

Егер адамдар жекеменшік емханаларға барса, бұл қызметтердің бәріне қыруар ақша жұмсайтын еді. Сондықтан, біз мемлекет тарапынан тегін көмек бар екенін хабарлап, орталық жұмысын насихаттап отырамыз. Мұндай орталықтар республиканың әрбір қаласында бар. 


Оқи отырыңыз: "Арақты қою үшін бармаған жерім жоқ". Анонимді алкоголиктер тобындағы әйелдің хикаясы


– Ішімдік пен темекіге тәуелділік қандай ауруларға әкеледі? 

– Алкоголь адам денесінің барлық мүшесіне әсер етеді. Тіпті, қайтымсыз физикалық салдарға әкелуі мүмкін. Мысалы, церебральді инсульт, бүйрек, бауыр ауруларын, психикалық ауруларды тідырып, деменцияға әкелуі мүмкін. Тіпті, ішімдікті шамадан тыс ішудің соңы өліммен аяқталатын жағдайлар аз емес. Ал жүктілік кез келген әйел үшін ең маңызды кезең десек, алкоголь ішіп, темекі тарту арқылы ана баласына үлкен зиян тигізетінін ұмытпағаны жөн. Маскүнемдік – аурушаң және әлсіз баланың дүниеге келуіне әкеп соғады.

Темекіге келсек, оның құрамында 5 мыңнан астам улы зат бар. Бір темекенің құрамындағы никотинді қанға енгізсе, ол адамның өліміне әкелуі мүмкін. Яғни, алкоголь мен темекі ұрпақ саулығы үшін өте зиян дүниелер.  

– Ата-ана ұрпақ саулығы үшін не істеуі керек деп ойлайсыз?

– Алкогольді ішімдікке тәуелді адамның өзі ғана емес, оның отбасы да қиналады. Өйткені, баланың алғашқы ұстазы – өзінің ата-анасы. Отбасында жанжал болып жатса, балағат сөздер айтылып жатса, бала қайдан жақсы тәрбие алады? Алкогольді ішімдік пен темекенің зиянын балаға үйретудің орнына ата-ана өздері оларды тұтынып жатса, бұл отбасының ойраны шығады.

Отбасындағы жағдай, ата-анаға деген құрметтің жойылуы жасөспірімнің тұйық болуына және оның әлеуметтік позицясына кері әсерін тигізеді. Жасөспірімдердің жаман әдеттерге деген әуестігі үлкендерге қарағанда өте тез дамитынын ұмытпаған жөн. 

Сондықтан, біз өсіп келе жатқан ұрпағымызды бұл індеттен құтқаруымыз керек. Салауатты өмір салтын насихаттау арқылы балаларды спорт үйірмелеріне баулып, ұлттық тәрбиені алдыңғы қатарға шығару керек. Қазір адамзатты осы маскүнемдік пен есірткі, құмар ойын құртып бара жатыр. Оның алдын алмасақ, осы әдеттерді қойдырмасақ, бұл індеттер тұтас ұлттар мен халықтардың түбіне жетеді. Адамдар азғындайды. Ішімдік пен жаман әдеттерге құмарлықтың алдын алу үшін қазір мемлекет те, қоғам да, жекелеген адамдардың тобы да бірігуге мәжбүр екенін түсініп отырмыз.

– Үкіметтің алкогольді ішімдіктің алдын алу үшін қолға алған шараларын қалай тиімді ете түсуге болады деп ойлайсыз? 

– Бұл бағытта, әрине, атқарылған жұмыстардың өте көп екенін айта кету керек. Ұсыныстар да аз емес. Бұл ретте темекі мен ішімдіктің зиянды екенін айтып қана қоймай, зиянды әдеті жоқ адамның өмірін солардың өмірімен салыстыру керек деп ойлаймын. Мысалы, ішімдік ішпей, темекі тартпай, спортпен шұғылданып, өмірде зор жетістікке жеткен адамдардың өмірін салыстыру керек. Атақты спорт шебері болсын, қайраты қажымаған қарапайым адам болсын, соларды үлгі ету керек. Сонда өсіп келе жатқан бала өз бойында жақсы әдет қалыптастыруға ұмтылады. Бұл әдеттерден бас тартуды әр адам өзінен бастау керек деп ойлаймын. 

Серіктестер жаңалықтары