Тікелей эфир

Бүйрегі ауыратын науқастар саны үш жылда 22 пайыз өсті. Аурудың қалай алдын алуға болады

Былтыр гемодиализ бастағандар саны 13 869 адам болды.

2023 жылғы статистикаға сәйкес Қазақстанда 130-дан астам диализ орталығы бар, ал бүйрек ауруымен байланысты терапия алатын науқастар саны соңғы үш жылда 22,5 пайыз өсті (2021 жылы – 11 320, 2022 жылы – 12 546, 2023 жылы – 13 869 науқас). Алматы қаласының өзінде 19 диализ орталығы бар. Созылмалы бүйрек ауруының 70 пайыздан астамы кеш анықталып, гемодиализ бастауға тура келеді. Осы орайда Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ №2 терапия бөлімшесінің нефролог дәрігері Сәрсенбай Қармақбаев жедел және созылмалы бүйрек ауруын алдын ала анықтаудың бірнеше тәсілін ұсынды. 

Дәрігер бүйрек ауруын алдын ала анықтауға генетикалық тексерулердің көмектесетінін айтады:

  • алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарында жалпы тәжірибелік дәрігерлерді нефропротекция және креатинин деңгейі әр адамда (жасы, жынысы) жеке есептелетіндігі туралы арнайы оқыту;
  • емхана деңгейінде скрининг арқылы артериалдық гипертензия, қант диабеті, жүрек қан-тамыр аурулары және отбасында созылмалы бүйрек ауру бар науқастарда бүйрек зақымдануын ерте анықтау;
  • зертханада креатинин деңгейін шумақшаның сүзілу жылдамдығымен бірге есептеп беру;
  • мақсатты артериалдық қан қысымының 120/80 мм сынап бағанасынан аспауын қадағалау;
  • бүйрек биопсиясын алуды қайта қолға алу;
  • генетикалық тексерулер жүргізу.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 3600 адам бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Олардың сексені – балалар


Бүйрек ауруларының жаһандық нәтижелерін жақсарту бастамасы (KDIGO) келісу конференциясының клиникалық практикалық ұсыныстарын ескере отырып, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ профессорлары мен нефролог дәрігерлері алғашқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде созылмалы бүйрек ауруын ерте анықтаудың арнайы алгоритмін әзірлеп, ұсынды. Алгоритм бойынша артериалдық гипертония, қант диабеті, жүрек қан-тамыр аурулары, отбасылық ауру тарихында созылмалы бүйрек аурумен ауыратын науқастардың қандағы креатинин деңгейін және зәрдегі альбумин/креатинин арақатынасын анықтау арқылы бүйректің қызметін және зақымдануын бағалау қажет.

"Егер зәрдегі альбумин/креатинин арақатынасы >30 мг/г жоғары, шумақшаның сүзілу жылдамдығы 60 мл/мин/1,73м2 төмен болса, зертханалық талдауды 3 айдан кейін қайталау керек. Егер 3 айдан кейін шумақшаның сүзілу жылдамдығы әлі төмен болса, зәрдегі альбумин/креатинин арақатынасы жоғары болуы сақталса, онда созылмалы бүйрек ауру диагнозы қойылып, нефролог дәрігеріне жіберіледі. Егер зәрдегі альбумин/креатинин арақатынасы 30 мг/г-ға дейін, шумақшаның сүзілу жылдамдығы 60 мл/мин/1,73м2 жоғары болса, талдауды жылына кемінде бір рет қайталап отыру керек. Қорыта келгенде емхана деңгейінде жедел және созылмалы бүйрек ауруы туралы арнайы дәріс жүргізу және жоғарыдағы ұсыныстарды іске асыру арқылы бүйрек алмастырушы терапия алатын науқастардың санын азайтуға болады", – деді дәрігер Сәрсенбай Қармақбаев. 

Серіктестер жаңалықтары