Тікелей эфир

Астан уланғанда өзіңізге қалай алғашқы көмек көрсетуге болады

Фото: Depositphotos.com
Фото: Depositphotos.com
Дәрігер улану кезінде дегидратациядан сақтанудың аса маңызды екенін айтады.

Сақтау мерзімі өткен, сапасыз және дұрыс піспеген тамақ жеген кезде адам улануы мүмкін, мұны тағамдық токсикоинфекция деп атайды. Сапасыз деген әртүрлі микроағза мен олардың токсиндерін жұқтырған өнімдер. Ал саңырауқұлақтан улануды бөлек топқа жатқызуға болады. Ең қауіптісі – ет, балық, шұжық, консерві, сүт, балмұздақ секілді жануарлардан алынатын өнімдер. Әсіресе, фарш секілді ұсақталған ет түріне инфекция жылдам жұғады. Осы орайда Алматы қаласындағы №2 емхананың инфекционист дәрігері Гаухар Бөденбаева уланудың белгілері мен қиын жағдайда қалай алғашқы көмек көрсету керегін әңгімеледі. 

"Тамақтан уланудың алғашқы белгілерін ас ішкен соң 2-4 сағаттан кейін немесе 20-26 сағаттан кейін байқауға болады. Сирек жағдайда 30 минуттан кейін байқалады. Улану белгісінің байқалу уақыты токсин түрі, дозасы және адамның иммундық жүйесімен байланысты", – деп түсіндірді Гаухар Бөденбаева. 

Ары қарай дәрігер белгілердің өзіне тоқталды:

  • әлсіздік;
  • жүректің айнуы;
  • бірнеше рет құсу;
  • іштің ауруы;
  • іштің өтуі;
  • терінің бозаруы;
  • шөл;
  • қан қысымының төмендеуі;
  • жүректің жиі соғуы;
  • дене температурасының жоғарылауы;
  • дененің құрысуы мен естен тану.

Оқи отырыңыз: МӘМС: Сақтандырылмаған азаматтар сақтандыру мәртебесін қалай ала алады


Тамақтан уланғанда қалай алғашқы көмек көрсетеміз?

Уланудың алғашқы белгілері кезіндегі шаралар ағзадан токсиндерді барынша жоюға және дегидратацияның алдын алуға бағытталған.

  1. Асқазанды шаю керек. Ол үшін бөлме температурасындағы шамамен екі стақан жылы су ішіп, құсу керек. Процедураны асқазаннан таза су шыққанға дейін жүргізген жөн.
  2. Токсиндердің қанға сіңуіне жол бермейміз. Ол үшін белсендірілген көмірді (дене салмағының 10 килограмына 1 таблетка) немесе смектаны ішу керек.
  3. Ішекті тазарту – әдетте, табиғи жолмен жүреді, өйткені дененің өзі оны уландыратын заттардан арылуға тырысады. Диарея – ағзадағы токсиндердің жылдам және жаппай жойылуы. Осы тұста диареяға қарсы препараттарды қабылдау арқылы бұл процесті тоқтатуға тырыспауыңыз керек. Керісінше, егер ішіңіз қатып қалса, іш жүргізетін дәріні ішуге болады.
  4. Құсу мен нәжістің шығуымен дене көп суды жоғалтатынын есте ұстаған жөн. Дегидратацияны болдырмау үшін құсып, дәретке шыққан сайын бір стақан жылы су ішеміз. 

"Осы шаралар жеңіл улану кезінде жақсы көмектеседі. Алайда уланудың себебін анықтау, осындай жағдай қайталанбауы үшін дәрігер шақыртқан абзал. Әсіресе, үш жасқа дейінгі бала мен қарт адам уланса, бей-жай қарауға болмайды. Сондай-ақ, кез келген ересек адам тәулігіне 10 реттен артық құсса, қатты әлсіреп кеткен болса, жедел жәрдем шақырған жөн. Тағы бір ескеретіні – сальмонелла, шигелла, ботулизм бацилласы және т.б. сияқты қоздырғыштардан туындаған ауыр улану кезінде жалпы улануға тән белгілер болмауы мүмкін. Мысалы, бацилламен ластанған ботулизмді қабылдағаннан кейін жалпы әлсіздік, бас ауруы, бас айналу пайда болуы мүмкін. Бұл жағдайда дене температурасы қалыпты болады, іш кебеді, бірақ нәжіс болмайды. Кейін араға бір күн салып бір затты екеу етіп көресіз, іш қатты кеуіп, зәр жүрмей қалады", – деп ескертті Гаухар Бөденбаева.


Оқи отырыңыз: Бүйрегі ауыратын науқастар саны үш жылда 22 пайыз өсті. Аурудың қалай алдын алуға болады


Дәрігер адам қатты уланған кезде уақыттың аса маңызды рөл ойнайтынын айтады. 

Серіктестер жаңалықтары