Тікелей эфир

Парашютист 800 шаршы метрлік туды көкте қалықтатып рекорд жасады

Алматы облысындағы Байсерке аэродромында Республика күніне орай "Ашық аспан" акциясы өтті.

Парашютист Олег Тощев 2500 метр биіктікте Қазақстанның ең үлкен туын жайып, Қазақстанның Гиннес рекордтары кітабына енді.

Кәсіби парашютист салмағы 90 келі болатын жүкпен секірді. Ол арнайы сөмкеге салынған байрақты шығарып, көкте жаю керек болды. Байрақтың көлемі – 800 шаршы метр. Ол Астанадағы ең үлкен Қазақстан туынан екі есе үлкен. Ту қатты материалдан жасалғандықтан салмағы ауыр. 

"Мен 5 800 рет парашютпен секірдім. Күтпеген жағдайларға дайындалдық. Парашютті алдын ала бірнеше рет тексердік. Айтарлықтай қиындық жоқ, себебі осыған дейін 190 келі жүкпен жерге түскенмін. Ал мұнда жүктің жалпы салмағы 80-90 келіге жуықтайды. Ұшу сипаттамасын, туды шығару бағытын, биіктіктегі жел қарқынын, жылдамдығын анықтап алдық", – деді парашютист Олег Тощев.

Науқанды кәсіпкер Жомарт Қияс бастаған белсенді топ ұйымдастырды. Акцияның мақсаты – барша қазақстандықтың патриоттық рухын көтеріп, нығайту, сонымен бірге ұлтына, дүниетанымына қарамастан бір-біріне төзімділік танытуды дәріптеу.

"Көптеген адам үшін тап қазір Қазақстан тыныштық пен бейбітшіліктің тұғыры болып тұр. Мұны барлық халықаралық қауымдастық өкілдері растайды. Ең үлкен байрақтың аспанда қалықтауында терең мән бар. Ол ашық аспан астындағы еліміздегі барлық халықтардың ынтымағын білдіреді", – деді меценат.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары