15 сәуір – "Ұлттық ғашықтар" күні. Бірақ көшеде дәл "Валентин" күніндегідей ғашығына асыққан жандарды кездестіре алмайсыз. Жастар мерекенің жаппай атап өтілуіне толыққанды насихаттың болмауы кедергі дейді адамдар.
Ғашықтар мерекесінде болашақ жарын жолықтырған
Десек те "Валентин" күнін тойламай, "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" мерекесін асыға күтетін жастар да бар екен. Асылжан мен Ару жылда осы күнді арнайы атап өтуді әдетке айналдырған.
– Біз дәл осы күні танысқан болатынбыз. Әдеттегідей киноға келгенбіз. Бір топ қыздың ішінен Ару еліктің лағындай болып, көзіме бірден түсті. Міне, енді отбасылы болдық. Сондықтан біз жыл сайын осы мерекені атап өтеміз, – дейді Асылжан.
Дәл ғашықтар күні танысып, бірі-біріне деген сезімнің пайда болуы кездейсоқтық емес. Ол ғашықтар мерекесі екеуінің танысып, табысуына себепші болды дейді.
– Қатар құрбы қыздарым ғашықтар күнінің қай күні аталып өтетінін білсе де, мерекелеген емес. "Валентин" күнін атап өтуге басымдық береді. Менің ойымша, "Валентин" күнін атап өту жастар арасында қалыптасып кетті. Сондықтан өзіміздің мерекемізді кеңінен насихаттау керек деп ойлаймын. Шынымды айтсам, мені үнемі ғашықтар күні қандай да бір ғажайыптың болатынына сенетінмін. Сондықтан болар болашақ күйеуімді дәл сол күні жолықтырдым, – дейді Ару.
"Қозы Көрпеш – Баян сұлу" мерекесі қалай пайда болды?
Бұл күн ешбір құжатпен белгіленбеген, ешбір тарихи оқиғаға да байланбаған. Алайда 2011 жылдан бастап "Ұлттық ғашықтар" күні деген атауымен тойлана бастады. Бұл күнді көбіне мектеп, колледж сияқты білім шаңырақтары атап өтеді.
"Қозы Көрпеш – Баян сұлу" мерекесін атап өтуді, негізі, бірінші болып Оңтүстік Қазақстан облысында 1999 жылғы парламент мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай ұсынып, жастар ұйымдарын, оқу орындарын, ақпарат құралдарын соған шақырған. Батыстағы мерекелерді ескеріп, ешқандай күнге тура келмесін деп, дәл осы күнге қойылған болуы керек. Сонымен қатар қазақ тарихында шынайы махаббат символдары – Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш-Баян сұлу секілді нағыз махаббат иелерін жастар арасында насихаттау өріс алды.
Мерекені тек махаббатпен байланыстыру дұрыс емес
Әлеуметік желі қолданушылар да бұл мерекенің аталып өтілуіне көбіне қолдау танытып отыр. Алайда жазушы Амангелді Кеңшілікұлы:
– "Валентин" күнін тоқтату үшін осындай "Ғашықтар" күнін ойлап тапқаны – құптарлық іс. Дегенмен махаббат деген нәрсені қыз бен жігіттің арасындағы махаббатпен ғана байланыстырып, соның аясында ғана қалдыруға болмайды. Бұл ананың балаларына махаббаты, баланың ата-анасына махаббаты сияқты кең ауқымды қарастыру керек, сонда қоғамға тез сіңіп кетеді, – деген пікірді білдірген болатын.
Ал этнографтар мерекенің ұлттық сипатта тойланғаны дұрыс дейді.
– "Ғашықтар" күнін атап өту жастар арасында енді ғана кең етек алып келеді. Бірақ батыстық үлгіде емес, өзіміздің ұлттық нақышта атап өту керек деп ойлаймын. Тек ұлттық сипатта аталып өтсе, мерекенің тәрбиелік мәні болар еді. Сонымен қатар мерекеде қазақтың ән-күйлерінің насихатталуын қадалаған жөн, – деді этнограф Құралай Сәрсембина.
Мерекеде жігіттер тізерлеп отырып, ұсыныс жасап, тосын сый жасауды әдетке айналдырды
Жастар жаппай "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" күнін атап өтпегенмен, мейрамда қыздың өз ғашығынан тосын сый күтетіні жасырын емес. Ал жігіттер жағы сүйіктілеріне осындай мерекелерді пайдаланып, ұсыныс жасап жатады. Алайда көптеген ұсыныстардың дәл "Валентин" күніне түсетіні әлеуметтік желі қолданушылардың салған суреттерінен білуге болады.
Әлеуметтік желіде жігіттердің сүйіктілеріне жасаған ерекше ұсыныстары да жиі талқыға түсіп жатады. Соның ішінде жігіттің қыз алдында тізерлеп отырып, жары болуға ұсыныс жасауын көпшілік қолдай бермейді. Өйткені қазақтың салт-дәстүрінде жоқ, жат қылық дейді.
Драматург Сая Қасымбек өзінің фейсбуктегі парақшасында жігіттердің тізерлеп ұсыныс жасауына қатысты мынадай пікір білдірді: "Ей, жігіттер?! Мың жерден "жауһардан жаралса" да, қыздың алдында тізерлемеші?! "Тізерлегіш жігіттер" өміріңде бір рет Анаңның алдында тізерледің бе? Қазақтың еркегі тек – Анасының алдында тізерлеген! Майдаланба, қазағымның жігіті. Қыздар, алдыңа тізерлеген жігіттен – болымсыз ұл туады. Ондай жігітке ғұмырыңды қор қылма!"
Қазақ тарихында жігіт қай кезде тізе бүккен?
Халық әдебімен тізе бүгудің бірнеше түрі, жолы, шарты бар. Мұның бәрі де негізінен әдептілік, тәртіп заңдарына негізделген.
- Жұмысы болып бір үйге келген адам шаруасын отырып айтады. Егер тым асығыс болса, ол жайын айтып, бір тізесін бүгуі керек. Бұл – шаңыраққа көрсетілген құрметтің белгісі.
- Бұрынғы дәстүрде біреуден бата тілегенде ол адам бір тізесін бүгіп, екі қолын жаяды. Бұл әдет бүгінге дейін сақталған.
- Ұрыста, жекпе-жекте немесе айтыс-тартыста жеңілген жақ немесе кешірім сұраған айыпкер тізесін бүгіп, басын иіп, айыбын төлейді.
Ерте заманнан тізерлеу – бағыну, мойынсұну дегенді білдірген. Қазақ жігіттері "басымды кессең де, тіземді бүктіре алмайсың" деп жауының алдында тізе бүкпеген.
Ежелгі Римде де рыцарьдің тізе бүгуі қорлық саналған. Өйткені тізерлеу – жеңілгеннің белгісі болып есептеледі. Тек хан алдында бір тізесін бүгіп, қолын кеудесіне қойып, құрмет білдірген.
Психологтар жігіттердің қыз алдында тізерлеуін үйленбей жатып, іштей әйеліне бағынып, мойынсұнуды білдіреді деп пайымдайды.
Сонымен қатар ислам, христиан діндерінде тізерлеп отырып, құдайға құлшылық жасау, бас ию – жаратқан иесіне деген құрметті білдірген.
Қозы мен Баян
Қазақтың әйгілі "Қозы Көрпеш – Баян сұлу" лирико-эпостық жыры кейіпкерлер арасындағы мөлдір сезім мен өшпес махаббатты дәріптейді.
Бұл екі ғашық – шамамен 12-13 ғасырларда ғұмыр кешкен Сарыбай мен Қарабайдың төл перзенттері. Аң аулап жүріп құдаласқан бұл екеудің ұлы мен қызы кейінірек махаббат жолында түрлі қиыншылықтарға тап болады. Дүниеқоңыздық пен көре алмаушылыққа, кек пен ашуға тап болған қос жүрек иесі өле-өлгенше бір-біріне деген нәзік сезімдерін сақтай білген. Олардың махаббаттары осымен құнды саналған.
Көптеген қазақ жастары үшін махаббат деген ұлы сезімнің шырқау шыңына көтерілген, сертке берік Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу шынайы махаббаттың символына айналды.
Анаға деген махаббаттың алдында ғана тізе бүгу керек
Жақында гаухар тойларын атап өткен Қанабек пен Айманның жастары сексенге келсе де, екеуі бір-біріне серт берген күнді "ғашықтар" күні деп атайды екен.
– Біз үшін әр атқан таң – ғашықтар күні. Өйткені осынша жыл тату-тәтті өмір сүруіміздің себебі ауызбірлікте, әйел мен ер азамат өз орнын білуі керек. Егер азамат өз тұғырынан түспесе, әйелдің оған деген құрметі азаймайды. Ал махаббат деген көпшіліктің көзіне, талқысына салынбайтын, басқалармен бөлісе бермейтін, тек екі адамға арналған сезім. Көпшілік көрсе, сүйкімі кетеді. Бірақ екі жастың махаббатынан да биігі бар. Ол – анаға деген махаббат. Тек сол махаббатың алдында тізе бүгу керек, – дейді Қанабек ата.
Мерекені дәстүрге айналдыру үшін не істеу керек?
2015 жылы Алматы қаласында "Ғашықтар" күніне орай орталық саябақ маңынан "Су періcі" субұрқағы ашылған болатын. Бұл жастар арасында мерекені кеңінен атап өту үшін жасалған қадамдардың бірі болатын.
Сонымен қатар "Ғашықтар" күнін насихаттаушылар әлеуметтік желіде белгілі бір символ ойлауды ұсынып жүр. Бірі білезік пен кестелі орамалды, енді бірі қызыл жүрекшелерді ұлттық нақышта жасап ұсынса, көпшілік қолдауына ие болар еді" деген ұсыныс жасайды.
Ал әзірге жастар саябақты аралап, ғашығына арнап өлең оқымаса да: "Ғашықтар" күні құтты болсын! Білесің бе? Менің кеудемдегі махаббат қанша тереңдеген сайын, сенің тұлғаң көңілімде соншама биіктей береді. Махаббатымызға адалдық пен биіктікті нәсіп етсін! Бір-бірімізге деген ғашықтығымызды мәңгілік, сүйіспеншілігімізді шексіз еткей!" деген секілді бір-біріне SMS жазумен шектеліп жүр.