Тікелей эфир

Қош бол, бензин! Қазақша "понттың" дәурені өтті. Есін жиғандар газға ауысып жатыр

Сурет ia-centr сайтынан алынды
Сурет ia-centr сайтынан алынды
Бензин тапшы, баға қымбат. Қазіргі ел аузындағы төрт сөз. Қымбатшылық миллиондаған теңгенің көлігін мінгендерге де ауыр тиіп жатыр.

"Менің сөгісім жұмыстан кет дегенмен бірдей"

Күз болса, мұнайлы Қазақстанның жанармайға жарымай қалатыны үйреншікті жағдайға айналды. Әдетте, бензинге қатысты осы бір қарбаласты билік күзгі егін ору науқанымен байланыстыратын.

Ал, биылғы қымбатшылық пен тапшылықты Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мұнай шығару зауыттарындағы жөндеу жұмыстарынан көріп, түсіндіруге тырысты. Президенттен сөгіс алды, Премьерден сөз естіді. Бірақ, бәрібір АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 150 теңгеден аса қымбаттаған бағамен сатылып жатыр. Бозымбаев болса, қазан айының соңы, қараша айының басында Қазақстанда АИ-92 бензинінің бір литрі 160-161 теңгемен сатылады деп болжайды.


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа сөгіс жариялады / Фото inform.kz сайтынан алынды


"Елдегі бензин тапшылығы Үкімет пен министрліктің (Энергетика министрлігі – авт.) бұл жағдайға атүсті қарап, жауапсыздық танытқанын көрсетті. Мамыр айында мұнай өңдеу зауыттарының жөндеу кестесін өздеріңіз қабылдағансыздар. Және де үш зауыттың екеуінің күзде уақытша жөндеуге жабылатынын білдіңіздер. Біле отырып, тиісті көлемде жанармай қорын тасып алу керек еді. Олай болған жоқ. Нарықта бензин жоқ. Сондықтан, мен сізге сөгіс жарияладым. Сөгіс – жұмыстан шығарғанмен тең", – деді Ақордада Энергетика министрі Қанат Бозымбаевты қабылдаған Президент.

13 күн қалды, 13 күн...

Ал, кеше Үкіметтің селекторлық отырысында осы Бозымбаев бензиннің жиынтық қорынан қаншасының қалғанын жариялады.

"Біз қолға алған шаралардың арқасында (нақты қандай шара екені айтылған жоқ – авт.) 127 мың тонна АИ-91 бензинін жинадық. Осы қалған бензин 13 күнге жетеді", – деді Қанат Бозымбаев. Бір күні өтті, небәрі 12 күн яғни екі аптадан аз уақыт қалды. Содан кейін не болмақ, ол жағы әлі белгісіз.

Сарапшылардың көбі тапшылық бар жерде қымбатшылық болады, ал халықтың "жоқтың қасында, қымбаты да жарайды" деген түсінікпен бензиннің бір литрін 165-170 теңгеге де амалсыздан алатындарын айтып та, жазып та жүр.

Бензин қымбаттаған соң, Қазақстанның түкпір-түкпіріне қатынайтын жол ақысы қымбаттайды. Таксиге отыра қалсаң, жүргізушілердің өзі бағаны кемінде 1,5 есеге көбейтпесе, шығынға кететіндерін айтып, зар илейді.

Сөздерінің жаны бар, егер баға осы 156-158 теңге болып қалды деген күннің өзінде жанармайды ең аз жағатын көлік (шамамен 40 литр – авт.) оны 6320 теңгеге құяды. Егер 161 теңгеге дейін өссе, 6440 теңге. Моторы қомағай, 100 литр бензин құятын үлкен көлік иелері бір сәтте 15-20 мың теңгені жоқ қылады екен.

Бірақ, бұл қымбатшылық қазақша "понтты" жеңген тәрізді

Ал, енді қайтпек керек? Бензин қымбаттағанмен, жалақы өскен жоқ. Қалтасы көтеріп тұрса сөз жоқ, ал елден қалмайын деп, несиеге қымбат көлік мініп алғандар үшін үш-төрт күнде 20 мың теңгенің басына су құю қиындап барады.

Сондықтан, оқырмандарға пайдасы тиер ақпарат іздеп, қымбат бензиннің орнын ауыстыратын балама жол – газ баллон құрылғысын орнату нарығын зерттеуге кірістік.

Анықтағанымыз, қыркүйек-қазан айларында көлігіме газ орнатамын деген жүргізушілердің санында есеп болмапты. Арасында Lexus LX570 маркалы қымбат көлік мінген ауқаттылар да, моторының көлемі аз, шағын көлік жүргізушілер де бар. Тіпті, Хаммер H2 мінгендер де бензинді тастап, көлігіне газ баллон құрылғысын орнатып жатыр екен.


Қымбат көліктердің бірі Hummer H2 көлігі газ орнатуға кезекте тұр

Қымбат көліктердің бірі Гелендваген көлігі газ орнатуға кезекте тұр / Фото informburo.kz


"Маман ретінде, жалпы, осы нарықты неше жыл зерттеп, көріп жүрген адам ретінде айтайын: бұрын қалталылардың көлікке газ баллон орнатуына бір ғана кедергі болатын – басқалардан ұят дейтін, қазіргі жастардың тілімен айтсақ – "понт". Бұрын Lexus LX570 мінген жігіттің газ орнаттым деуі – айналасына күлкілі жағдай болып көрінетін.

Ал, қазір біздің ең тұрақты клинеттеріміз – Lexus LX570 көлігі. Олардың арасында BMB X5 мінгендер де көбейіп келеді. Өткен апта бір "Нummer"-ге газ баллонын орнаттық. Екі күннен кейін екінші Нummer Н2 көлігін газға ауыстырамыз", – дейді Астанадағы көлікке газ баллон орнататын компаниялардың бірінде көп жылдан бері жұмыс істейтін Тауман Өмірәлиев.

Өзі таза, өзі арзан. Бірақ, неге аз айтылады?

Қазір Астананың жанармай құю бекеттерінің барлығында дерлік газ сатылады. Литрінің бағасы – 65-69 теңге. Батыс өңірде газдың бір литрі бар жоғы 50 теңгемен құйылады. Ал, республикалық трассаларда бір литр газ 57-59 теңге көлемінде ғана.

Онда неге халыққа арзан газ жайлы көп айтыла бермейді? Зиян дейін десек, олай емес. Экологиялық жағынан газ бензиннен мың есе таза. Өйткені, газ жанғанда ауаны ластайтын элемент біреу ғана – ол көмір қышқыл газы. Оның өзінде де, көмір қышқыл газы ауаның құрамында бар.

Газ өндірісінің дамып, еліміздің батыс өңірі сияқты, Астана мен Алматыдағы, өзге үлкен қалалардағы көліктердің жаппай газға көше алмай отырғанының бір ғана себебі бар: Қазақстанда бағасы арзан газ өндірісін мұнай лоббиі тұншықтырып отыр.

Оның бір ғана мысалмен дәлелдеуге болады. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда мұнай және газ өндірумен айналысатын 99 компания бар болса, соның тек біреуі ғана газ бағытында жұмыс істейді екен. Қалғаны түгел мұнай өңдеп, сатады. Бірақ, саны көп олардың елге тигізген пайдасы аз. Мұнайлы ел болсақ та,Қазақстанда бензин тек қымбаттаумен келеді.

Сұраныс өсіп келеді, сондықтан газ саласының дамуынан үміт бар

"Жұмысқа керек болған соң, қалалық статистика басқармасының газға ауысқан көліктер туралы мәліметін қарадым. 2017 жылдың басынан маусымға дейін ай сайын шамамен 300 көлік газға ауысып, қайта тіркеуден өткен екен", – дейді Тауман Өмірәлиев.

Жалпы, ол соңғы үш жылда елордада көлігіне газ баллон орнаттырғысы келгендердің динамикасы бірқалыпты болғанын айтты. Бірақ, бұл нарық осы қыркүйек, қазан айларында адам сенгісіз өзгеріске ұшырапты. "Газ орнатамын дегендер күн санап емес, сағат санап өсіп жатыр", – дейді ол.

Оған біз де көз жеткіздік. Таумен Өмірәлиевпен сұхбаттасқан 21 минут ішінде телефон арқылы 4 адам кезекке жазылды, тағы екі адам кеңсеге келді. Іште бір көлікке газ орнатылып жатса, енді екі адам сыртта дайын көліктерін алуға келіпті. Бұл міне, газ баллон орнататын бір ғана мекеменің жарты сағатқа жетпейтін уақыттағы статистикасы.

Астаналықтардың газ дегенде айтатын бір уәжі бар. Ол – қатты аяз

Таумен Өмірәлиевтің айтуынша, Астананың қысында газ баллон орнатылған көлік от алмайды деген әңгіме – жай ғана миф.

"От алмайтын көлік бензинмен де от алмайды. Мына функцияны түсіну керек: сіз көлігіңізге газ баллон орнаттыңыз делік. Бірақ, машинаңыз бәрібір алдымен бензинмен от алады. Яғни, көлікті "ә" дегенде бензиннің көмегімен қыздырып алып, антифриз (тосол) арқылы көлік жүйесін 40 градусқа дейін жылытқаннан кейін автоматты түрде газға ауысады", – деп түсіндірді маман.

Халықтың ойынша газ орнату қымбатқа түседі

Қазір екінші, үшінші, төртінші, бесінші буынның газ баллон жабдығы бар. Санына байланысты, санаты да, бағасы да қымбаттай береді. Таумен Өмірәлиев Қазақстанның нарығына икемделген бірнеше брендті атады. Олар – премиум класты BRC (Италия), LOVATO (Италия) және Stag (Польша) газ баллон жабдықтары.

"Басында Қытайдың да, Түркияның да баллонын орнатып көрдік. Қазір біз төрт брендке тоқтадық. Екеуі поляктардыкі, екеуі итальяныкі. Бұл брендтар біздің нарыққа икемделген. Өйткені Астана мен Алматы ғана емес, басқа қалаларда газ баллон құрылғысының қыр-сырын білетін мамандар тапшы. Ал біздің зерттеу көрсеткендей, өңірлердегі көлік жөндейтін жігіттер осы брендтерді жақсы біледі".

Керек дерек. 4 цилиндрлі көлікке газ баллон жабдығын 145 мың теңгеге орната аласыз. 6 цилиндрлі көлікке орнату үшін ақысы 185 мың теңге және одан жоғары, ал 8 цилиндрлі көлікке – 270 мың теңгеден жоғары.


Көлікке орнатылған газ баллон құралы

Көлікке орнатылған газ баллон жабдығы / Сурет Таумен Өмірәлиев жұмыс істейтін компания сайтынан алынды


Поляктардың газ баллон құрылғысы 20 мың шақырымнан кейін, итальялық 25 мың шақырымнан кейін кеткен шығынды өтейді екен. Және, Тауман Өмірәлиевтің айтуынша, бензинге қарағанда үш есеге дейін үнемді.

Көлікке газ баллон орнатуға заң не дейді?

Көлікке газ баллон орнатуға ешқандай заң, ешқандай ереже тыйым салмаған. Бірақ, жабдықтап беретін орындар заң органдарының рұқсатынсыз жұмыс істемейді. Сондықтан, көлікке газ орнату процесінің мән-жайын да анықтадық.

Сонымен, газ баллон орнатамын десеңіз:

Алдымен, өзіңіз тұратын қаладағы Ішкі істер департаментіне барып, әкімшілік полиция басқармасының басшысының атына арыз жазуыңыз керек.

Арызды үлгі бойынша да, еркін түрде де жазуға болады. Регламент бойынша, "көлігіме газ баллон құрылғысын орнатқым келеді" деген арызыңыз он күн (жұмыс күндері – авт.) ішінде қаралады. Арыз бекітілгеннен кейін жол полициясына барып, рұқсат қағазды алу керек. Сол рұқсат қағазбен газ баллон жабдығын орнататын мекемеге барасыз. Ол жерде әрісі екі күн, берісі сегіз сағаттың ішінде өзіңіз таңдаған құрылғыны көлігіңізге орнатып береді.

Екіншіден, газ баллон орнатқан соң, арнайы сараптама орталығына барып, жабдығыңызды техникалық тексеруден өткізесіз. Техникалық тексерудің қорытындысын алып, арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, көлігіңізді қайта тіркеуге қоясыз. Көлігіңіздің техникалық сипаттамасы жаңарады, ал сіз бар-жоғы 60 теңгеге бір литр газ құйып алып, жүре бересіз.

Айтпақшы, қазір екінші деңгейлі банктер газ баллон құрылғысын орнатамын дегендерге несие де береді екен. Егер банктер несие беріп жатса, бұл бағыт алдағы бес жыл ішінде қарқынды дамуы мүмкін деген болжам бар.

Серіктестер жаңалықтары