Тікелей эфир

Құрбандыққа қандай мал жарайды? Құрбан шалуға қатысты маңызды 12 сұраққа жауап

Құран аятында құрбандыққа төрт мал түрі шалынатыны жазылған. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі.

Биыл Құрбан айт мерекесі 9 шілдеде басталады. Ал Арапа күні 8 шілдеге сәйкес келеді. Құрбандық – мұсылман танымы бойынша Құдайдың разылығы үшін берілетін садақа, діни амал. Ханафи мәзһабында Құрбан айт намазынан кейін 3 күн ішінде жағдайы келген мұсылманға құрбан шалу – міндет. Алайда биыл мал қымбат. ҚМДБ мәліметінше, биыл онлайн құрбан шалуға тапсырыс бергендер саны аз.

Осы орайда Informburo.kz Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен бірлесе құрбан шалушылар білуге тиіс мәліметтерді жинақтап ұсынып отыр. 

№1. Биылғы құрбан шалу рәсімінің жолдары қандай?

Биыл Қазақстанда құрбандық шалу рәсімі онлайн және офлайн форматта өтеді:

  • Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары тарапынан рұқсат берілген жергілікті қасапханаларда құрбан шалу рәсімін дәстүрлі жолмен ұйымдастыру. Ауылдық жерде жеке тұрғын үйде тұратындарға есік алдында құрбандық шалуға ешқандай шектеу жоқ;  
  • Ел азаматтары, әсіресе, қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау мақсатында рәсімді қашықтан өткізуге арналған qurban2022.kz сайты іске қосылды. Онлайн құрбан шалу мақсаты – қайырымдылыққа дәнекер болу.

№2. Құрбандық шалуға онлайн тапсырыс берудің шарттары қандай?

  • qurban2022.kz сайтына кіріп Құрбан шалу ұяшығына өтесіз. Өз өңіріңізді таңдап, аты-жөніңіз бен телефон нөміріңізді қалдырасыз.
  • Келесі ұяшыққа өтіп, құрбандық малын таңдайсыз. Ірі қара малын бір адам немесе 7 адам бірігіп шалуына болады. Қой мен ешкіні жеке бір адам шалады.
  • Құрбандық малын таңдаған соң жіберу батырмасын басасыз. Осыдан кейін сіздің тапсырыс нөміріңіз бен төлем жасау туралы ақпарат шығады. Осы жерде көрсетілген реквизитке қажетті қаражатты аударасыз. Төлем барысында хабарламаға тапсырыс нөмірі мен құрбандық шалушының аты-жөнін жазу міндетті. Осылайша онлайн режимде құрбандық шалуға тапсырыс беріп, рәсімдей аласыз.
  • Құрбандығыңыз шалынған соң сізге SMS-хабарлама жіберіледі. Егер сіз тапсырыс беру кезінде Құрбандық есебі қажет деп белгілеген жағдайда Whatsapp желісі арқылы есебі келеді.

№3. Құрбандық малының бағасы қалай белгіленеді?

ҚМДБ қаржыға араласпайды. Құрбандыққа шалынатын түлік бағасы жергілікті нарық бағасымен көрсетіледі. Қазақстанның әр аймағында малдың бағасы әртүрлі. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және облыс орталықтарында малдың бағасы бірдей болмауы мүмкін.

Тапсырыс берушіден түскен қаражат мал иесіне, яғни сатушыға тікелей беріледі. Өйткені бұл делдалдық қызмет емес. Көрсетілген сомаға қасапшының қызметі ғана кіреді. Ал құрбандық етін бөлшектеп, мұқтаж жандарға тарату сынды барлық ұйымдастыру жұмыстары ҚМДБ мешіт жамағаты мен еріктілердің көмегі арқылы тегін жүзеге асады. Бұл – құрбан шалуға тапсырыс беруші азаматтар үшін үлкен жеңілдік.


Оқи отырыңыз: Қазақстанда құрбан шалуға тапсырыс беретін сайт іске қосылды


№4. Онлайн құрбандық шалғанда мал құны қандай?

Құрбандық малының бағасы әр өңірде әртүлі. Тек Маңғыстау, Қызылорда, Жетісу, Жамбыл облыстары мен Шымкентте түйе шалуға болады. 

  • қой – 65 мың мен 80 мың теңге аралығында;
  • ешкі – 40 мың мен 60 мың теңге аралығында;
  • ірі қара, яғни, сиыр – 350 мың мен 520 мың теңге аралығында;
  • түйе – 550 мың мен 700 мың теңге аралығында.

Қой мен ешкіні бір адамның атынан ал сиыр мен түйе болса 7 адамға дейін бірігіп шалуына болады.

Төлем тек онлайн қабылданады. Тапсырысқа байланысты ақша аударымын тек Kaspi Gold картасы арқылы жасай аласыз. 

№5. Құрбандыққа қандай мал жарайды?

Құрбан шалуға жарамды жануарлар:

  • бес жасар түйені 1-ден 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады;
  • екі жасар ірі қара малды 1-ден 7 адамға дейін бірігіп шалуға болады;
  • бір жасар қойды бір адам ғана шалады. 

Құрбан шалуға жарамайтын жануарлар:

  • бір не екі көзі соқыр;
  • жүре алмайтындай ақсақ;
  • тым арық;
  • желіні кепкен;
  • тістерінің көбісі жоқ;
  • бір немесе екі мүйізі түбінен сынған;
  • құйрығы мен құлағының үштен бір бөлігінен көбі кесілген;
  • лас нәрсемен қоректенген.

Құрбандыққа жылқы мен құсты шалуға болмайды. Құран аятында құрбандыққа төрт мал түрі шалынатыны жазылған. Олар: түйе, сиыр және қой, ешкі. Бұл аятта бекітілген малдардан өзге, жылқы, тауық, қаз, үйрек және тағы басқа хайуандар – құрбандыққа жарамсыз. Мұнда мәзхаб ғұламалары арасында талас жоқ.

№6. Қасапшыға қандай талаптар қойылады?

  • мұсылман болу;
  • кәмелетке толған, психикалық және физикалық сау болу;
  • мал союды жақсы меңгеру;
  • санитарлық талаптарды сақтау;
  • малды бауыздау алдында "Бисмилләһи Аллаһу Акбар" деп айту;
  • құрбан шалуға өкілдік берілмей малды бауыздамау;
  • пышақты малдың алдында қайрамау;
  • сойылатын жерге малды қинамай апару;
  • малды құбылаға қаратып сол жағымен жатқызу;
  • екі алдыңғы аяғы мен бір артқы аяғын қоса байлау;
  • пышақты тартып бірден өңеш, кеңірдек және екі күретамырын кесу;
  • малды өтпейтін пышақпен бауыздамау;
  • бір малдың көзінше басқа бір малды бауыздамау;
  • малдың қаны толық аққанын және жаны шыққанын күту;
  • жаны шықпастан терісін сыпырып алмау;
  • сойылған малдың терісі мен ішек-қарнын аяқ асты етпей барынша қолдану шарт.

Оқи отырыңыз: Жылқы мен құс неге құрбандыққа жарамайды? Құрбан шалушыға арналған 12 маңызды мәлімет


№7. Құрбандық малы қай кезде шалынады?

Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан алдын немесе кейін шалуға болмайды. Уақытынан бұрын шалған құрбандық өз отбасы үшін сойылған мал іспетті. Ол құрбандық болып есептелмейді. Ал уақытынан кейін шалса, оның етін садақа ету уәжіп болады, одан өзі жемейді.

Құрбан шалуды әдетте шариғатқа сай айт намазынан кейін бастайды. Біреулер күн көтерілгенде десе, енді біреулер күн шыққанда, енді біреулер бесін уақытынан бастап құрбан шалуға рұқсат деп жатады. Айт намазы оқылған соң, болмаса күн шыққаннан кейін бір сағат өтісімен құрбан шалуды бастап кету керек. Құрбан шалу Құбан айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні күн батқанға дейін жалғасады.

Құрбандықты күндіз де, түнде де шалуға болады. Дегенмен түнде құрбан шалу мәкруһ делінген. Сондай-ақ, құрбандықты айттың бірінші күні шалған – абзал.

№8. Құрбандық малын қалай сояды?

  • малды сол жамбасымен жатқызып, кеудесімен құбылаға қарату;
  • құрбан шалуға ниет ету (өз атынан немесе өзгенің атынан);
  • "Бисмилләһи Аллаһу Акбар" деп айту;
  • малдың өңеш, кеңірдек және екі күрме тамырын кесу,
  • малдың қаны толық ағып болғанша және жаны шыққанын күту.

№9. Құрбандық шалу кімдерге міндет?

Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері бай адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет). Шариғат бойынша "бай" деп мал-дүниесі нисап мөлшеріне жеткен адамға айтылады. Нисап мөлшері – 40 қой (ешкі) немесе 30 ірі қара немесе 5 түйе. Ол да болмаса қажеттілігінен артық 85 гр алтын (2 265 000 теңге) қаражат. Мал-дүниесі нисап мөлшеріне жетпеген, яғни жағдайы төмен мұсылманға құрбан шалу міндет емес.


Оқи отырыңыз: Құрбан айт пен қажылық: көне таным мен жаңа бизнес


№10. Құрбан шалудың орнына садақа беруге бола ма?

Ханафи мәзһабында құрбан айт күндері құрбандықты бауыздамай, ақшасын садақа ете салу дұрыс емес. Өйткені шариғат бойынша құрбандық малын бауыздап, қан ағызу – міндет. Алайда сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді. Құрбандықты сойып қойған болса, оның барлық етін мұқтаждарға таратады, өзі одан ештеңе жемейді. Себебі уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Егер құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді. Демек құрбандық шалуға міндетті болған адам белгілі малды бауыздап қан шығаруы тиіс.

№11. Құрбандық еті қалай үлестіріледі?

Құрбандық еті үшке бөлініп үлестіріледі:

  • өзіне, отбасына;
  • туған-туыс, көрішлеріне;
  • қалған үштен бірі кедей мен мұқтаждарға. 

Республика бойынша мұқтаж отбасылар құрбандық етін алу үшін qurban2022.kz сайты арқылы өтініш береді. Мұқтаж отбасылардың өтініштерін қабылдау, сараптау және құрбандық еттерін жеткізіп беру жұмыстарымен ҚМДБ-ның жергілікті өкілдіктері айналысады. Құрбан шалуға берген тапсырыс санының аз болуына байланысты Құрбан етінен көмек алуға өтініш тоқтады. 

Сайт арқылы тапсырыс қабылдап, құрбандық етін көмекке зәру жандарға тарату тәжірибесі Сауд Арабиясы, Түркия, Малайзия, Индонезия, Біріккен Араб Әмірліктері сынды бірқатар мұсылман мемлекеттерінде бұрыннан қалыптасқан жүйе. Жобаның басты ерекшелігі – құрбандық етін түгелдей мұқтаж азаматтарға тарату.

№12. Дүниеден өткен адамның атынан құрбан шалуға бола ма?

Дүниеден озған адамның атынан сауап ниетінде құрбан шалуға болады. Бірақ, мойнына құрбан шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуға тиіс. Қайтыс болған адам үшін құрбан шалғысы келген адам оны құрбан айт күндері орындауы шарт. Құрбандық етінен құрбан шалған адамның өзі де, басқалар да жесе болады.

Егер құрбан шалуды қайтыс болған адам өсиет етсе, құрбандық етін оның мұрагерлері жей алмайды. Құрбандықты түгелдей кедей мен мұқтаждарға таратып беру керек.

Серіктестер жаңалықтары