2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш 3 063 теңгені құрады. Қазақстанда айыппұлдар АЕК мөлшерімен есептеледі. Осы орайда Informburo.kz қазақстандықтарға жақсы таныс 12 әкімшілік құқық бұзушылық бойынша салынатын айыппұлдар сомасы қаншаға артқанын есептеді.
№1. Тіркеусіз және жеке куәліксіз жүру
Бір айдан астам мерзімде жеке куәлiксiз немесе жарамсыз жеке куәлікпен, тұрғылықты немесе уақытша болатын жері бойынша тiркеусіз тұрғандарға – 7 АЕК (21 441 теңге), ал мекенжайда нақты тұрмайтын адамдарды тiркеген жеке тұлғаларға 10 АЕК (30 630 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде құқық бұзушылық қайталанса – 13 АЕК (39 819 теңге).
№2. Пәтерді заңсыз қайта жоспарлау
Пәтер мен үй-жай ішіндегі қабырғаларды рұқсат беретін құжаттарсыз бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 30 АЕК (91 890 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Егер қайта жоспарлау үйдің берiктiгi мен орнықтылығының толық жойылуына (қирауына) әкеп соқса 245 040 теңге (80 АЕК) төлеуге тура келеді.
№3. Заңсыз құрылыс
Жерге тиісті құқықсыз өндiрiстiк, тұрғын үй, шаруашылық, су шаруашылығы немесе тұрмыстық объектiлердi заңсыз салған жеке тұлғаларға – 10 АЕК (30 630 теңге) айыппұл салынады. Тиісті орган заңсыз тұрғызылған немесе тұрғызылып жатқан құрылысты мәжбүрлеп бұзады.
Оқи отырыңыз: АЕК, ЕТЖ және ең төменгі күнкөріс деңгейі артады. 2022 жылы әлеуметтік төлемдер қалай өзгереді?
№4. Тыныштықты бұзу
Заң бойынша сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 15 315 теңге (5 АЕК), бір жыл ішінде қайталанса 30 630 теңге (10 АЕК) айыппұл салынады.
Ал кәсіпкерлерге салынатын айыппұл сомасы – 20-дан 150 АЕК дейін (61 260 – 459 450 теңге).
№5. Ортақ пайдаланатын орындарды ластау
Қоқысты терезеден лақтыру, соның ішінде темекі тұқылын лақтыру, баспалдаққа немесе аулаға, балалар алаңына қоқыс пакеттерін тастап кету, саябақтарды, скверлердi ластау, оның iшiнде белгiленбеген орындарға коммуналдық қалдықтарды тастау секілді бұзушылық жасаған адамдарға 5 АЕК (15 315 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 10 АЕК (30 630 теңге).
Баспалдақ аумағына ескі жиһаз, қораптар мен басқа да әртүрлі заттарды қою өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу саналады. Жек тұлғаларға алдымен ескерту жасалып, содан кейін 5 АЕК көлемінде (15 315 теңге) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 30 630 теңге (10 АЕК) айыппұл көзделген.
№6. Қоғамдық орындарда ішімдік ішу
Көшеде, қоғамдық орындарда, соның ішінде подъезде алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу – 5 АЕК (15 315 теңге).
Бұл тәртіпті 18 жасқа толмаған адам бұзса оның ата-анасына дәл осындай мқлшерде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (30 630) мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.
Оқи отырыңыз: 2022 жылы зейнетақы мен жалақы мөлшері қалай өседі?
№7. Абаттандыру қағидаларын бұзу
Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл желекті жою және бүлдіру бұзушылығы үшін жеке тұлғаларға ескерту жасалады немесе 20 АЕК (61 260 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл iшiнде қайталанса айыппұл сомасы – 30 АЕК (91 890 теңге). Ортақ пайдаланатын аумақта шлагбаум, автотұрақ кедергілері мен үй жиегіндегі учаскелерді басып алу секілді бұзушылықтар кіреді.
№8. Кәмелетке толмағандардың түнде жүруі
Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса олардың ата-анасына 3 АЕК (9 189 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер аталған әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса баланың заңды өкілдеріне 21 441 теңге (7 АЕК) айыппұл салуға әкеп соғады.
Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (30 630 және 306 300 теңге) айыппұл салынады.
№9. Автобуста жолақы төлемеу
Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 6 126 теңге (2 АЕК) айыппұл салынады. Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (15 315 теңге) айыппұл көзделген.
Оқи отырыңыз: 2022 жылы әйелдер 1,6 миллион теңге бір жолғы декреттік төлем ала алады
№10. Тыйым салынған орындарда темекі шегу
Темекі шегуге тыйым салынған орындарда темекі шеккені үшін азаматтарға 45 945 теңге (15 АЕК) айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса – 20 АЕК (61 260 теңге). Әуе кемесінің бортында темекі бұйымдарын шексе – 50 АЕК (153 150 теңге). Автобус аялдамалары, балалар алаңдарында да темекі шегуге тыйым салынған. Темекі бұйымдарына қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтар жатады.
№11. Маска тақпау
Қоғамдық көлікте және адамдар көп жиналатын орындарда маска тақпағаны үшін қазақстандықтарға 30 АЕК мөлшерінде (91 890 теңге) айыппұл салынады.
№12. Кәмелетке толмағандардың вандализмі
Кәмелетке толмағандар келесідей вандализм жасаса, яғни мемлекет қорғайтын ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, табиғи объектілерді, адамдар жерленген жерлерді жазулармен немесе суреттермен, немесе қоғамдық имандылықты қорлайтын өзге де әрекеттермен қорлауса, сол сияқты көлікте немесе өзге де қоғамдық орындарда мүлікті қасақана бүлдірсе олардың ата-анасына 15 АЕК (45 945 теңге) мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.