Тікелей эфир

2022 жылы әйелдер 1,6 миллион теңге бір жолғы декреттік төлем ала алады

Ең төменгі жалақының артуына байланысты жұмыс істейтін әйелдер 1 587 600 теңгеге дейін бір жолғы декреттік төлем ала алады.

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда ең төменгі жалақы, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері өзгереді. Осы орайда Informburo.kz аналарға берілетін декреттік төлемдер мен жәрдемақы мөлшерiн есептеді.

  • жәрдемақыларды және өзге де әлеуметтiк төлемдердi есептеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұл санкцияларын, салықтарды және басқа да төлемдердi қолдану үшiн айлық есептiк көрсеткiш – 3 063 теңге;
  • базалық әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерлерiн есептеу үшiн ең төмен күнкөрiс деңгейiнiң шамасы – 36 018 теңге;
  • жалақының ең төмен мөлшерi – 60 мың теңге.

Оқи отырыңыз: АЕК, ЕТЖ және ең төменгі күнкөріс деңгейі артады. 2022 жылы әлеуметтік төлемдер қалай өзгереді? 


№1. Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік пен босануына байланысты берілетін біржолғы төлем 

Жүктілік пен босану бойынша табысынан айырылған жұмыс істейтін әйелдерге біржолғы әлеуметтік төлем беріледі. Әлеуметтік төлем мөлшері соңғы 12 айдағы орташа айлық табыс мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициентіне көбейту арқылы анықталады.  Бірақ оның мөлшері шектеулі – 7 ең төменгі жалақы. Егер әйелдің жалақысы осы шекті мәннен асып кетсе төлем мөлшері бәрібір шекті мәнге қарай есептеледі. 2022 жылы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 60 мың теңгені құрайды. Қазір төлемнің максималды сомасы 1 224 550 теңге болса, келер жылдан бастап 1 587 600 теңгеге тең.

Ай сайынғы әлеуметтік аударымдар мөлшері үшін шекті мән белгіленгендіктен, 7 ЕТЖ-дан асатын сомадан әлеуметтік аударымдар жасалмайды. 2021 жылы 297 500 теңге болса, келер жылы бұл сома 420 мың теңгені құрайды. Жеке еңбек шартында көзделсе, айырмашылықты жұмыс беруші өтеуі мүмкін.

№2. Бала дүниеге келгенде берілетін жәрдемақы

Бала туғаннан кейін әйелдерге жұмыс істесе де, істемесе де біржолғы мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Жөргекпұл сомасы бала кезегіне байланысты:

  • бірінші, екінші, үшінші балаға – 38 АЕК немесе 116 394 теңге (2021 жылы – 110 846 теңге);
  • төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК немесе 192 969 теңге (2021 жылы – 183 771 теңге).

Егіз не үшем, төртем болса, мемлекеттік жәрдемақы әр балаға жеке-жеке есептеледі.


Оқи отырыңыз: Мемлекеттен – 2,5 млн теңгеге дейін. Ана мен балаға берілетін әлеуметтік көмектер қандай?


№3. Бір жасқа дейінгі бала күтімі үшін берілетін жәрдемақы

Жұмыс істемейтін әйелдерге бала кезегіне қарай бiр жасқа толғанша ай сайын төлем беріледі:

  • бірінші балаға 5,76 АЕК немесе 17 642 теңге (2021 жылы – 16 802 теңге);
  • екінші балаға 6,81 АЕК немесе 20 859 теңге (2021 жылы – 19 865 теңге);
  • үшінші балаға 7,85 АЕК немесе 24 044 теңге (2021 жылы – 22 899 теңге);
  • төртінші және одан кейінгі нәрестелер үшін – 8,9 АЕК немесе 27 260 теңге (2021 жылы – 25 962 теңге).

Декретке шыққанға дейін жұмыс істеген аналар үшін ештеңе өзгермейді, өйткені бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдер әйелдің орташа жалақысына байланысты. Формуласы: соңғы 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентіне көбейтіп, одан шыққан сомадан 10 пайыз зейнетақы жарнасы алынады. 

2022 жылы әлеуметтік төлем сомасы 168 000 теңгеден аспауға тиіс. Бұл 7 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) шегінің 40%-ын құрайды.

№4. Көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасылық кірісіне қарамастан төрт және одан да көп, кәмелеттік жасқа толмаған, орта арнаулы және жоғары оқу орнында білім алып жатқан 23 жасқа толмаған балалары бар аналарға сараланған мөлшерде жәрдемақы беріліп келеді. 2022 жылы жәрдемақы мөлшері келесідей:

  • төрт балаға – 16,03 АЕК немесе 49 926 теңге (2021 жылы – 46 760 теңге);
  • бес балаға – 20,04 АЕК немесе 61 382 теңге (2021 жылы – 58 457 теңге);
  • алты балаға – 24,05 АЕК немесе 73 665 теңге (2021 жылы – 70 154 теңге);
  • жеті балаға – 28,06 АЕК немесе 85 947 теңге (2021 жылы – 81 852 теңге);
  • сегіз баладан бастап әр балаға 4 АЕК немесе 12 252 теңге қосылады. 

№5. "Алтын алқа", "Күміс алқа" иелеріне берілетін жәрдемақы

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталған көпбалалы аналарға табысына қарамастан ай сайын мемлекеттік жәрдемақы беріледі. Оның мөлшері 6,4 АЕК немесе 19 603 теңге (2020 жылы 18 669 теңге болған).


Оқи отырыңыз: Жүктіліктің тоғыз айы. Аяғы ауыр әйелдер қандай медициналық көмектерді тегін алады?


№6. Атаулы әлеуметтік көмек

Атаулы әлеуметтік көмекті жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға беріледі. Отбасының әрбір мүшесіне тағайындалатын АӘК мөлшері нақты облыс үшін кедейлік шегінің көрсеткішіне байланысты айқындалады, оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына тең. 2021 жылы 24 011 теңгені құраса, 2022 жылы – 25 212 теңге. Отбасындағы әрбір адамның табысы осы көрсеткіштен төмен болса, айырмашылық атаулы әлеуметтік көмектің мөлшерін құрайды. Ең төменгі күнкөріс деңгейі азық-түлік тауарларының бағасына байланысты әр өңір үшін жеке есептеледі.

АЕК тоқсан сайын тағайындалады. Егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі мемлекет ұсынған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, атаулы әлеуметтік көмек бүкіл отбасы үшін тоқтатылады.

Серіктестер жаңалықтары