Бүгін Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Қазақстандағы салықтар мен төлемдер көлемі қысқартылатынын хабарлады.
Министрдің айтуынша, салық мөлшерлемесін жіктеу мүмкіндіктері қаралып, негізгі бюджет коэффициенттерінің біріктіру процесі жасалады.
"Бюджет саясатының тиімділігі мен тұрақтылығына баға беріледі. "Бюджетті кеңейту" процесін енгізу аясында бюджеттік емес қорларды шоғырландырылған бюджетке қосу арқылы кешенді мемлекеттік қаржыны кешенді бағалау жүйесі енгізіледі", – деді ол.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында салық саясаты ел азаматтарының бәріне түсінікті болуы керектігін айтқан болатын.
Оқи отырыңыз: Еңбекақыдан жеке табыс салығын төлемеу үшін не істеу керек?
"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жалдау құнының 80 пайызына дейін субсидия берілуі мүмкін
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың хабарлауынша, жалдамалы тұрғын үй құрылысына арналған 90 млрд теңге енді субсидиялауға жұмсалмақшы.
"Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешуді жеделдету мақсатында "Нұрлы жер" бағдарламасының жеке тұрғын үй қорындағы жалдау құнын субсидиялау әдісін қайта қарастыруды ұсынамыз", – дейді министр.
Мұндай қолдауға шамамен 100 мыңға жуық азамат ие болады деп болжанып отыр. Жобаны "Отбасы банкі" жүзеге асырады.
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты ең алдымен тұрғын үй мәселесімен тығыз байланысты екенін айтқан болатын. Президент 2021 жылы БЖЗҚ-ның 700 мың салымшысы өз жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй сатып алуға, емделуге немесе қаржы компанияларына басқаруға беру үшін пайдалана алатынын хабарлады.
Оқи отырыңыз: Интернеті жоқ ауылдар әлі де көп. Білім беру ресурcтары қашықтан оқуға қаншалықты дайын?
Шенеуніктердің отбасыларына шетелде шот ашуға тыйым салынады
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев хабарлады.
"Көлеңкелі экономикамен күрес аясында Қаржы министрлігі басқа мемлекеттік органдармен бірігіп кешенді шаралар дайындап жатыр. Көлеңкелі экономикаға қарсы әрекет жоспары іске қосылып, офшорға қаржылай аударымдар жасауға қатысты заңнамалық актілер жетілдіріледі", – деді Жамаубаев.
Министрдің сөзінше, Қаржы министрлігі FATF (ақша жымқыруға қарсы қаржылық күрес әдістерін әзірлейтін топ) кеңестеріне құлақ асады. Атап айтқанда:
- мемлекеттік лауазымды қызметте және квазимемлекеттік секторда істейтін жандар мен олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шот ашу және ұстауға тыйым салу;
- салық органдарына кәсіпкерлерден жіберілген қаржыны қабылдап алатын адам туралы ақпарат алу құқығын заң жүзінде бекіту.
Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын кімдер мерзімінен бұрын ала алады? Үкімет пен Ұлттық банк ұсыныстары қандай?
Зейнетақы жинағын кімдер пайдалана алады?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағын кімдер пайдалана алатынын түсіндірді.
"Мемлекет басшысы осы жылдың соңына дейін азаматтардың өз зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге немесе қаржы компанияларының басқаруына беруге пайдалану бойынша қажетті құқықтық актілерді қабылдауды және дайындық жұмысын жүргізуді тапсырды. Бүгінде мақұлданған тұжырымдамалық шешім бар. Осы мақсатта 721 мың адам өз зейнетақы жинағын пайдалана алады. Оған берілетін қаржы көлемі - шамамен 1,4 трлн теңге", – деді министр.
Оның ішінде жеткілікті мөлшер шегінен асатын зейнетақы жинағы бар 530 мыңға жуық жұмыс істейтін азамат, 178 мыңнан астам зейнетақы жинағы бар зейнеткер және 13 мың аннуитет төлемдеріне шарт жасаған азаматтар қамтылған.
Сонымен қатар, министр президент Жолдауында аталған әлеуметтік цифрлық әмиян туралы да айтты. Оның хабарлауынша, осы жылдың соңына дейін атаулы әлеуметтік көмекті әлеуметтік цифрлық әмиян арқылы төлеу процесі қанатқақты режимде іске асырылады.
"Әлеуметтік цифрлық әмиян азаматтың ЖСН негізінде пысықталады. 2021-2022 жылдары республикалық, жергілікті бюджеттерден, әлеуметтік сақтандыру әрі БЖЗҚ төленетін зейнетақы мен жәрдемақыларды Әлеуметтік цифрлық әмиян арқылы төлеу жұмысын жүзеге асырамыз", – деді Нұрымбетов.